Түркістан облысының әкімі Түймебаев Жансейіт Қансейітұлына Құрметті Жансейіт Қансейітұлы! Түркістан облысының әкімдігі Үкіметтік емес ұйымдарды өзінің қарсыластары деп емес, мәртебе-деңгейі мен дәрежесі өзімен тепе-тең әріптестері деп білгені жөн. Өзім университетте төрт жыл сабақ берген үздік студенттерімнің бірі Бейсенбай Тәжібаев басқарып отырған Түркістан облысы Ішкі саясат басқармасының Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) басшыларының бастарын қосып, Елбасымыздың жаңа Жолдауын талқылауға арналған жиын өткізгенін қуана құптаймын. Ішкі саясат – өте күрделі сала. Соның ішінде Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жүргізу аса үлкен жауапкершілік пен мұқияттылықты қажет етеді. Түркістан облысының Ішкі саясат басқармасы тек қана Түркістан қаласындағы немесе облыс аумағындағы ҮЕҰ-мен ғана емес, мақсатты аудиториясы мен тұтынушылары Түркістан облысының аумағында орналасқан Үкіметтік емес ұйымдармен де тығыз байланыс орнатқаны дұрыс. Түркістан облысы халқының өзіндік ерекшеліктеріне қарай ақсақалдармен ақылдасып отырған да дұрыс, бірақ жігерлі және талантты жастармен де жиі жүздесіп тұруды ұмытпаған жөн. Жалпы мемлекеттік органдар, оның ішінде Түркістан облысының әкімдігі және ішкі саясат саласында мемлекеттік қызмет істеп жүрген азаматтарымыз ҮЕҰ-ды өздерінің қарсыластары деп емес, мәртебе-деңгейі мен дәрежесі өздерімен бірдей, тепе-тең әріптестері деп білуі тиіс. Бұлай деуіміздің өзіндік себептері де бар. Мысалы, жақында, 2018 жылдың 28 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Президентi Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің және Түркістан облыстық әкімдігінің келісімі бойынша Ақпаратқа жалпыға бірдей қол жеткізудің Халықаралық күніне орай «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің бастамасымен және жас кәсіпкер, ұлтжанды азамат Асқар Рахымбердиев бауырымыздың демеушілік етуімен Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарының студент және жұмысшы жастарымен, сондай-ақ жас мемлекеттік қызметшілерімен бірнеше кездесу өткіздік. Мырзашөл өңіріндегі кейбір жергілікті шенеуніктер Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің өзі келісім беріп, қолдау білдіріп, мақұлдаған осынау іс-шарамызға шошына қарап, кездесуге қатысушылардың құрамы мен өткізілетін орынды қайта-қайта өзгертіп, біздің әрбір сөзімізден әлдебір астар іздеп, күдіктене қарап отырғанын айқын аңғардық. Сонымен бірге Түркістан облысының әкімшілік орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты аталған өңірді екіге бөліп, Мырзашөл, Шардара және Сарыағаш өңірлеріндегі қала, аудандардан еліміздің 15-ші жаңа Оңтүстік Қазақстан облысын құру туралы ұсынысымызға орай қарапайым қара халықтың көзқарасын білу мақсатында өзіміз басшылық жасайтын «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесі үкіметтік емес ұйымының бастамасымен Астана – Шымкент – Сарыағаш – Абай – Атакент – Жетісай – Шардара – Ұзын Ата – Алатау батыр – Сүткент – Байырқұм – Арыс – Шымкент – Астана бағытымен жол жүріп, ел арасындағы қоғамдық пікірді зерттеп қайттық. Осы тақырып бойынша сілтемелер: http://zertteushi.kz/news_260920181 http://maqtaaral-bilim.kz/glavnye-novosti/1431-news-26092018-03 https://abai.kz/post/77815 https://www.qamshy.kz/article/mirzashol-shardara-zhane-sariaghash-onhirindegi-500-minh-xaliqti-oylap-zhanha-15-shi-oblis-qurayiq.html http://ult.kz/post/myrzashol-men-shardarada-zhana-oblys-kuryluy-kerek http://politic.bugin.kz/139-on-besinshi-dganha-onhtustik-qazaqstan-oblysyn-quru-qadget http://ult.kz/post/bilim-kuatyn-zhastardy-makta-teruge-zhegip-koydyk 2018 жылғы 5 қазанда Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақорда резиденциясында Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауын «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деген тақырыппен жариялағаны белгілі. Осы жолғы Жолдауында Президентіміз: «2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатын Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеуді тапсырамын. Практикалық шараларды жүзеге асыру үшін нақты іс-шараларды, жобаларды және қаржыландыру көлемін көрсете отырып, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын», - деп атап көрсетті. Елбасымыздың Жолдауында Үкіметімізге жүктелген осынау тапсырмаларға сәйкес, біз Түркістан облысының әкімшілік орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты аталған өңірді екіге бөліп, Мырзашөл, Шардара және Сарыағаш өңірлеріндегі қала, аудандардан еліміздің 15-ші жаңа Оңтүстік Қазақстан облысын құру туралы ұсынысымызды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің және «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның назарына жолдадық. Яғни Үкіметімізден Еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатын Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын және Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеу барысында ескеріп, басшылыққа алу үшін ұсындық. Естеріңізге сала кетейік, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына арналған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы тапсырмаларына сәйкес жоғарыда аталған құжаттардың жобасы тиісінше 2019 жылғы 1 қыркүйекке және 2019 жылғы 1 қарашаға дейін Президент Әкімшілігінің қарауына жіберілуі тиіс. Өзіміздің жоғарыдағыдай іс-шараларымызды біз жеке қаражатымыздың есебінен өзіміздің жеке басымыздың мүддесі үшін емес, еліміздің болашағы, өскелең жас ұрпағымыздың келешегі үшін жасап жүргенімізді мемлекеттік органдар, оның ішінде Түркістан облысының әкімдігі жақсы түсінуі керек. Біздің айтайын дегеніміз – ҮЕҰ-дардың мемлекеттік органдар назар аударып үлгермей жатқан өткір мәселелерді көтерген ұсыныс-идеяларына Түркістан облысының әкімдігі барынша қолдау көрсеткенде ғана, Елбасымыздың саясатын жемісті жүзеге асыра аламыз. Құрметпен, Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП, «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің директоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD). Астана қаласы.

  • Жақып Мырзантай
  • Мемлекеттік органдардың жұмысы туралы(мемлекеттік қызмет көрсету)
  • 07.10.2018
  • 36
  • Өтініш нөмірі 517999

Жауаптар (1)

Түймебаев Ж.Қ. 18.10.2018, 04:15

Облыста мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдармен арасындағы байланыс әріптестік деңгейде атқарылуда. Облыс әкімдігінің қаулысымен «Облыс әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес» жұмыс жасайды. Кеңес мүшелерінің жартысы үкіметтік емесұйымдардың өкілдері болып табылады. Сонымен қатар, барлық аудан, қалаларда аудандық, қалалық кеңестер жұмыс атқарады. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың атқарған жұмыстарын сараптап, алдағы уақытта атқаратын жұмыстарына бағыт-бағдар жасайтын үкіметтік емес ұйымдардың Азаматтық Форумы 2 жылда бір рет өткізіледі. Облыстық VIII Азаматтық Форум 2018 жылдың қараша айының 9-ы күні Түркістан қаласында өткізу жоспарланды. Облыстық ішкі саясат басқармасы құрамында 45 үкіметтік емес ұйым, 27 бизнес құрылым енген «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығымен тығыз байланыста бірлесе жұмыс атқарып келеді. Алдағы уақытта да облыстағы азаматтық қоғам институттарымен байланыс әріптестік деңгейде жүргізу жалғасын табатын болады.