- Блогтар
- Баталов А. Ғ.
- Өтініш
Алматы облысының әкімі А.Ғ. Баталовқа ҚР Ауылшаруашылық министрі С. К. Омаровқа Құрметті Амандық Ғаббасұлы! Құрметті Сапархан Кесікбайұлы! Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 02 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына жолдауында «Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс»,-деген болатын. Соған қарамастан Алматы облысы, Райымбек ауданы мен Кеген аудандарында (бұрын бір аудан болған) «Райымбек-НАН» мен «Кеген-НАН» серіктестіктері 27 988,4 гектар ауылшаруашылық жерлерін 11 жыл бойы пайдаланбай келеді. Райымбек ауданының сол кездегі әкімі А. Айтжанов 23.07.2010 жылы өзінің №379 қаулысымен «Райымбек-НАН» серіктестігіне 15 342,17 гектар ауылшаруашылық жерін 20 жыл мерзімге жалға береді. Қаулы негізінде 18 жер теліміне пайдалану актісі жасалады. Дәл сол күні, яғни 23.07.2010 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданының сол кездегі әкімі А. Айтжанов өзінің №380 қаулысымен «Кеген-НАН» серіктестігіне 12 646,29 гектар ауылшаруашылық жерін 20 жыл мерзімге жалға беріп, 34 жер теліміне жер пайдалану актісі жасалады. Сөйтіп, Райымбек-НАН» мен «Кеген-НАН» серіктестіктері Райымбек ауданының бірнеше ауылдық округының жер қорынан 27 988,4 гектар жерін ұзақ мерзімге жалға алады. Ең негізгі мәселе, аталған серіктестіктер 27 988,4 гектар жерді жалға алғалы бері, яғни 11 жыл ішінде мүлде игерген емес. Сөзімізің дәлелі болуы үшін бірнеше жағдайға назар аудартайық. Мәселен, Райымбек ауданы әкімінің 10.02.2014 жылғы №11 өкімімен пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау туралы арнайы комиссия құрылып, тексерулерден кейін 10.08.2014 жылы «Райымбек-НАН» серіктестігінің 14922,43 гектар жерді пайдаланбай отырғаны туралы акт жасап, оған сол кездегі Райымбек ауданыны әкімінің бірінші орынбасары Қ. Төлепбердиев бастаған 12 адам қол қояды. Демек, бұл «Райымбек-НАН» серіктестігі 4 жыл бойы жерді пайдаланбаған деген сөз. Аталған актіден кейін Райымбек ауданы жер қатынастар бөлімі 29.12.2014 жылы №346 ескертуін серіктестікке жолдайды. Онда серіктестіктің жерді пайдаланбай Жер кодексінің талаптарын бұзып отырғандығын көрсетеді. Дәл сол комиссия «Кеген-НАН» серіктестігінің де жерді пайдаланбай отырғандығы туралы арнайы акт жасап, Райымбек ауданы жер қатынастар бөлімі 29.12.2014 жылы №347 ескертуін «Кеген-НАН» серіктестігінің басшыларына тапсырады. Райымбек ауданының 12.12.2016 жылғы №106 өкімімен пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау туралы топ құрылып, тексеру нәтижесінде 12.06.2017 жылы №2 акт жасалған. Ол актіде серіктестіктердің жерді пайдаланбай отырғаны нақты көрсетілген. Тек Шалкөде ауылдық округының жер қорынан бұрынғы әкім А. Айтжановтың бір ғана №380 қаулысымен, кадастрлық нөмірі № 03-050-004-099 мемлекеттік актісімен алынған 245 га.егістік, № 03-050-002-059 мемлекеттік актісімен алынған 305 га.егістік, № 03-050-002-060 мемлекеттік актісімен алынған 989 га.егістік, № 03-050-002-061 мемлекеттік актісімен алынған 142 га.егістік, № 03-050-002-058 мемлекеттік актісімен алынған 230 га.егістік жерлері, барлығы 1911 гектар егістік алқап «Кеген-НАН» серіктестігіне беріліп кеткен. Бұл Шалкөде ауылдық округіне қарасты бар жоғы 4933 гектар егістік жердің жартысына жуығы екенін байқауға болады және «Кеген-НАН» серіктестігі жалға алған жерлер ауыл іргесіндегі су келетін жер екенін де айтпасқа болмайды. Құжатта егістік жер деп белгіленіп, бірақ су бармайтын жер көлемінің біршама екенін ескерсек, «Кеген-НАН» серіктестігі Шалкөде ауылының тұрғындарын ең шұрайлы, ең тиімді, суарламы егістіктерінен айырып отыр. Сөйтіп ауылдың іргесіндегі суармалы егістік жерді ауыл тұрғындарының өзі пайдалана алмай зардап шегуде. ҚР Жер кодексінің 92- бабының 3- тармағында «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап қатарынан екі жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады» деп нақты жазылған. Бірақ, «Райымбек-НАН» мен «Кеген-НАН» серіктестіктері 11 жыл бойы заң талабын орындамай келеді. Ал, Алматы облысының әкіміне, Алматы облыстық жерді пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасына, Райымбек ауданының әкіміне 2018 жылдан бері арнайы хаттар, арыздар жазылып келеді, бірақ мәселе шешілген жоқ. Осыған байланысты мынандай нақты сұрақтар қоямыз: 1. «Райымбек-НАН» мен «Кеген-НАН» серіктестіктері ҚР Жер кодексінің 92- бабының 3- тармағын өрескел бұзып отырғанына қарамастан Алматы облысының әкімдігі, облыстық жерді пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасы, Алматы облысы, Райымбек ауданының әкімдігі аталған жер учаскелерін мәжбүрлеп қайтарып алмай отыр? 2. Өрескел заң бұзушылыққа жол беріп отырған мемлекеттік орган басшылары қандай да бір жауапкершілікке тартыла ма? 3. «Райымбек-НАН» мен «Кеген-НАН» серіктестіктерінің иелігіндегі 27 988,4 гектар жер ҚР Жер кодексінің 92- бабының 3- тармағының талабы бойынша қашан мәжбүрлеп қайтарылады? Осы мәселені шешу туралы арнайы комиссия құрылып, заң талабын орындауды талап етеміз. ҚР «Әкімшілік рәсімдер туралы» заңының 16-бабына, ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» заңының 8, 10-баптарына сәйкес жауап берулеріңізді сұраймыз. Қосымша: 23 бет Арыз берушілер атынан Мақсат Нұрыпбай Барлығы 65 адам қол қойған 18.01.2021 жыл
- Нұрыпбай Мақсат
- Жер мәселелері
- 18.01.2021
- 29
- Өтініш нөмірі 662546
Баталов А. Ғ. 18.02.2021, 02:46
Алматы облысының әкімдігі, Сіздің арызынызда көрсетілген мәселелер бойынша келесіні хабарлайды. 2018 жылы Райымбек ауданының әкімдігінің «Кеген-НАН» және «Райымбек-НАН» ЖШС-не жалға алу шартымен ұзақ мерзімдік пайдалануға жер беру қаулыларын заңсыз деп тану және күшін жою, жер учаскелеріне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беретін актілерін жарамсыз тану және уақытша өтеулі жер пайдалну құқығының мемелкеттік тіркеуін жою туралы Алматы облысының мамандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арызбен жүгінген болатын. Бірақта, сот талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдырған. Содан кейін, Басқарма тарапынан Алматы облыстық сотының азаматтық істер бойынша апелляциялық сот алқасына апелляциялық шағым берілген. Алайда, Алматы облысының мамандарылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі өзгеріссіз, ал келтірілген апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды. Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 147 бабының 2-2 тармағына сәйкес аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органдар, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде жер учаскесінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларға қатысты жерді пайдалану мен қорғау жүктелген. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңының 7-бабы, 6) тармағына сәйкес, арызда көрсетілген, яғни «Кеген-НАН» және «Райымбек-НАН» ЖШС-ның жер учаскелерін пайдаланылмау мәселелерін құзыретіне сәйкес қарастыруға және тиісті шаралар қабылдау үшін Райымбек және Кеген ауданы әкімдігіне жолданғанын хабарлаймыз. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңының 14 – бабына сәйкес, жоғары тұрған лауазымды тұлғаға немесе сотқа шағымдануға құқылы екендігіңізді назарыңызға ұсынамыз. Орын: А.Жексембаев Тел. 8(7282) 329338