«Инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру туралы»
«Инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру туралы»» тақырыбында Қызылорда облысының әкімі Н.М.Нәлібаевтың қатысуымен өтетін интернет-конференция
- Сұрақтар: 2
- Жауаптар: 2
- 27.02.2026, 09:00
- 27.02.2026, 18:00
Сұрақ нөмірі: 13859
Статус: қарастырылды
Махамбетияров Ерлан
27.02.2026, 09:53
Кәсіпорын ашып, жаңа жоба іске асыратын болсам қайда орналастыруға болады?
Сұраққа жауаптар
Қайырлы күн! Қызылорда облысының аумағында кәсіпорын ашу және жаңа инвестициялық жобаны іске асыру үшін жобаның бағытына, ауқымына және инвестиция көлеміне қарай арнайы экономикалық аймақта, индустриялық аймақтарда немесе шағын өнеркәсіптік аймақта орналастыру мүмкіндігі қарастырылған. Облыста жалпы ауданы 515,01 гектарды құрайтын 6 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Оларда құны 161 млрд теңге болатын 66 жоба орналастырылған, игерілу деңгейі – 65,8%. Бүгінде 112 млрд теңгенің 37 жобасы іске қосылып, 988 жұмыс орны құрылған. Қызылорда қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағы республикалық маңызы бар, ал Шиелі ауданындағы «Шиелі» индустриялық аймағы өңірлік маңызға ие. Аталған аймақтардың басқарушысы – «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» ЖШС (96% – «Байқоңыр» корпорациясы, 4% – облыс әкімдігі). Басқарушы компанияға «Өндіріс» индустриялық аймағында бос тұрған 145,81 га жер телімі берілді. 2024 жылы Басқарушы компания жалпы құны 41,8 млрд.теңгеге 3 жобаны жүзеге асыру үшін 49 га жер телімі табысталды. («Кызылорда Саз-М» ЖШС, «Комфорт-1KZ» ЖШС, «Seven Rivers Technologies» ЖШС). Қазіргі таңда шамамен 41,81 га бос жер қалып, аумақты қосымша 130 гектарға кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Индустриялық аймаққа қатысушы болу үшін өтініш беруші 2019 жылғы №599 бұйрыққа сәйкес белгіленген нысанда өтінім, заңды тұлға құжаттары, қаржылық есептілік, техникалық-экономикалық негіздеме, банк және салық органдарынан анықтамаларын басқарушы компанияға ұсынуы қажет. Бұдан бөлек, облыста шағын өнеркәсіптік аймақ аясында тамақ өнеркәсібі мен қайта өңдеу жобаларын орналастыруға жағдай жасалған. Осылайша, ауқымды әрі экспортқа бағытталған жоғары технологиялы жобаларды «Қорқыт Ата» АЭА-да орналастыру тиімді, ал шағын және орта өндірістік жобалар үшін индустриялық немесе шағын өнеркәсіптік аймақтар қолайлы болып табылады.


