Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің алдын алу шаралары туралы
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті интернет-конференциясы
- Сұрақтар: 1
- Жауаптар: 1
- 30.03.2021, 11:00
- 30.03.2021, 17:00
Кокимбаева Камила 30.03.2021, 15:45, Сұрақ нөмірі: 10293
Маңғыстау облысында жемқорлық қылмыстарының азаятын түрі бар ма? Қандай шаралар жүргізіліп жатыр? Нәтижесін айтсаңыз?
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) 30.March.2021, 16:43
Соңғы екі жылда Маңғыстау облысы бойынша тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстары 116-дан 68-ге азайды. Ал Transparency International ұйымының мәліметіне сәйкес, Қазақстан сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша әлемдік рейтингте алғаш рет 94-орынды иеленді. Сондай-ақ, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына сенім білдірген азаматтардың үлесі де артуда. Бұл, мемлекеттің қызмет көрсетуді цифрландыру мен ашықтықты қамтамасыз етудің арқасында қол жеткізген нәтижелер деп санаймыз. Ал елімізде сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, қоғамда жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында жүйелі шаралар қабылданып келеді. 2020 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша айтарлықтай заңнамалық өзгерістер орын алды. Атап айтар болсақ, сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі енгізілді. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған тұлғаларды көтермелеу шаралары қабылданды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне сыйлық алуға тыйым салынып, сыбайлас жемқорлық субъектілерінің құрамы кеңейтілді. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті тарапынан да жемқорлықтың алдын алу жұмыстары үнемі жүйелі жүргізіліп келеді. Ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы арқылы облыс көлемінде 635 мемлекеттік мекеме - жалпы саны 1849 бюджет орналастырды. Онда жол, балабақша, мектеп, аурухана мен жергілікті атқарушы органдардың бюджеті көрсетілген. «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасында жарияланған бюджеттің көлемі 502,4 млрд. теңгені құрайды. Айта кету керек, «Бизнес пен инвестицияларды қорғау» жобасы шеңберінде өңірге инвестиция салып, кәсібін жүргізуді бастаған әрбір инвесторға сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінде облыс бойынша 23 инвестормен жалпы сомасы 1 трлн. теңгеден асатын жобаға қол қойылған. Осылайша, инвесторларға бизнестерін жүйелі әрі кедергісіз жүргізуге көмектесіп отырмыз. Бұдан бөлек, Департамент мамандары мен жобалық кеңсе менеджерлері жол сапасына, дәрі-дәрмек және азық-түліктің шекті бағаларына, пандемияға байланысты өңірге келген гуманитарлық көмекті қабылдау жұмыстарына бақылау жүргізіп келеді. Мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою үшін тиісті орындарға хат жолданып, алдын алу шаралары жүргізілуде. Алдағы уақытта да осы аталған бағытта жүйелі жұмыстар жалғасатын болады.