Қарағанды облысында білім, мәдениет және спортты дамыту мәселелері туралы

«Қарағанды облысында білім, мәдениет және спортты дамыту мәселелері туралы» тақырыбында интернет-конференция өтетін болады. Пайдаланушылардың сұрақтарына Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы Нүкенов жауап береді.

  • Сұрақтар: 7
  • Жауаптар: 7
  • 28.04.2021, 15:00
  • 28.04.2021, 18:00

Кенжебеков Арман 28.04.2021, 15:58, Сұрақ нөмірі: 10374

  • 0

Құрметті Абзал Нүкенұлы! Сізді Қарағанды облысы бойынша ономастика комиссиясының төрағасы екеніңізді білеміз. Жалпы облысымызда ономастика бағытындағы жұмыстар көңіл қуантады: Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданынан Әлихан Бөкейханның есімінің берілуі, сондай-ақ облыстық тілдерді дамыту басқармасының ақпаратына сенсек, ҚР Үкіметінің 2020 жылдың 21 желтоқсандағы қаулысымен Қарағанды, Теміртау, Саран қалалары мен Бұхар Жырау, Жаңаарқа аудандарында 18 білім ұйымы мен бір мәдени нысанға көрнекті тұлғалардың есімі берілген екен. Өкінішке қарай осындай идеологиялық маңызы бар жұмыс Жезқазған қаласында кешеуілдеп келеді. Тіпті Жезқазғанда соңғы 18-20 жылда бірде бір жалпы орта білім беретін ұйымға көрнекті тұлғалардың есімі берілмепті. Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында осы мәселені назарға алып, Жезқазғандағы білім беру ұйымдарына Алаш қайраткерлерінің, ұлт зиялыларының және жергілікті жерден шыққан көрнекті тұлғалардың есімдерін беру жұмыстарын бастауды ұсынамын. Осы мәселеге байланысты қандай жоспар бар? Жалпы ономастикалық атаулардың тізіміне өзгертулер мен толықтырулар жасауға, жергілікті жердің көрнекті тұлғаларының есімін қосуға бола ма?

Қарағанды облысы 28.April.2021, 16:21

Құрметті Кенжебеков Арман мырза! Сізге ономастика бағытында жұмыстарға бей-жай қарамай, білдірген жанашырлығыңыз және оң көзқарасыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Тарихи тұлғаларды ұлықтау бағытында қойған сұрағыңыз өте орынды деп санаймын. Бұл бағытта арнайы жоспарымыз бен алға қойған мақсаттарымыз бар. Заңға сәйкес халық тарапынан, ұжым тарапынан қолдаулар мен ұсыныстар болса әлі де біршама бастамалар қолға алынатын болады. Бұл тарапта Жезқазған аймағы да тыс қалмайды. Жалпы, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Жезқазған қаласындағы қойылған атаулар сипаты басқа қалаларымызға қарағанда көш ілгері деп ойлаймын. Кейінгі жылдары берілген Алашахан, Сарыарқа, Абай, Қаныш, Қасым секілді атаулар қалаға ерекше шырай беруде. Ендігі кезекте Жезқазған қаласындағы мектеп ұжымдары қандай да бір тарихи тұлғалардың есімін беру туралы ұсыныспен шықса, біздің тараптан да қолдау болатынын және тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткіземін. Жолдаған ұсынысыңыз бақылауда болады.