«Аймақтағы медицина саласында атқарылып жатқан шаралар»
«Аймақтағы медицина саласында атқарылып жатқан шаралар» тақырыбында Қызылорда облысының әкімі Г.Н.Әбдіқалықованың қатысуымен өтетін интернет-конференция
- Сұрақтар: 4
- Жауаптар: 4
- 24.06.2021, 10:00
- 24.06.2021, 17:00
Айдаров Мирамбек 24.06.2021, 10:57, Сұрақ нөмірі: 10516
Аймақтағы медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып жіберсеңіздер. Ал былайша сұрақ жоқ. Алдын ала рақмет
Қызылорда облысы 24.June.2021, 16:34
Еліміз тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Қазақстан денсаулық сақтау саласы қарқынды даму сатысына өтіп алдыңғы қатарлы медициналық қызмет көрсететін орталықтар шоғырланған қуатты елге айналды. Саладағы соны серпін, инновациялық ұмтылыс әрбір аймақтың медицинасынан айқын көрініс тапты. Сыр елінде де денсаулық сақтау саласы айтарлықтай көш ілгеріледі. Ал, Сырдың ақ халатты абзал жандары мемлекетіміздің басты байлығы-адамның өмірі мен денсаулығын қорғау жолында уақытпен санаспай, адал қызмет етуде. Бүгінде аймақта халыққа медициналық көмек 21 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарымен және 23 ауруханамен көрсетіледі. Оларға 795 067 тұрғын тіркелген. Қызмет көрсету 450 жалпы тәжірибелік, 18 терапиялық, 19 педиатриялық аймақ бойынша жүзе асырылуда. Бір аймаққа тіркелген халық санын 1500-ге дейін төмендету бағытында соңғы 3 жылда қосымша 70 аймақ ашылды. Халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру үшін аймақ бюджетінің негізгі бөлігі медицина саласына бағытталуда. Мәселен, оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10,3 пайызға өсіп, ағымдағы жылы 8 млрд 577,8 млн теңгені құрады. Аймақтың медициналық ұйымдарының әлеуеті де жыл сайын көтеріліп келеді. Облыстың барлық аумағында сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында облыстағы медициналық ұйымдар жалпы құны 633,9 млн теңге тұратын медициналық қондырғылармен жабдықталды. 2020 жылы 4 қалалық емханаға, 4 аудандық ауруханаға – рентген аппараты, №3 қалалық емхана мен Сырдария аудандық ауруханасына УЗИ аппараты сатып алынды. 96 ИВЛ, демеушілік көмек есебінен 2 мобильді рентген, 2 жылжымалы медициналық кешен, лизинг арқылы 40 санитарлық автокөліктер сатып алынды. Арал, Жаңақорған аудандық ауруханалары флюрограф, маммаграфия аппаратымен жабдықталды. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға 2020 жылы – 10 411,8 млн. теңге, 2021 жылы – 2 535,1 млн.теңге инвестиция бөлінді. Өткен жылдың желтоқсан айында Жалағаш аудандық ауруханасының құрылысы аяқталып, Жалағаш ауданында Ақсу, Арал ауданындағы Шижаға елді мекендерінде дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Сондай-ақ, Облыстық кеңес беру диагностикалық орталығын бейінін өзгерту арқылы Қалалық орталық емхана ашу жоспарлануда. Халық бұрын күрделі ота түрлерін жасату үшін шетел асып ем іздейтін немесе республиканың алдыңғы қатарлы орталықтарына жүгінетін болса, бүгінде медицина ұйымдарының материалдық –техникалық базасын жақсарту бағытында заманауи құрылғылардың алынуы, ғылыми-инновациялық медицинаның дамуына басымдық беру мен дәрігерлер біліктілігін арттырудың нәтижесінде бірнеше бағыттағы күрделі оталарды өзімізде жасауға қол жеткізілді. Яғни, бүгінде біздің медициналық орталықтар республиканың үздік медициналық мекемелерімен бәсекеге түсуге қауқарлы екенін атап өтуге болады. 2020-2021 жылдары ересектерге жоспарлы түрде - 1389 науқасқа операция жасалынса, 4198 науқасқа жедел түрде операция, барлығы – 5587 операция жасалынған (Қазіргі таңда жүрек қан тамыр жүйесінің патологияларына ашық және жабық түрде оталар жасалуда. Соның ішінде биылғы жылғы жаңадан емдеу тәсілдеріне эндоваскулярлы жолмен аорта коарктациясын стенттеу. Жүрек ритмінің бұлысы және омыртқа буын аурулары кезінде радиотолқынды абляция, ми қан тамырларының атеросклероз ауруы кезінде айналмалы анастомоз салу оталары жасалуда). Сонымен қатар 2020 жылы балаларға 1041 ота жасалса, 2021 жылдың 5 айында 1259 балаға ота жасалып, хирургиялық белсенділік 20,8 пайызға жоғарылаған (Өңеш, тік ішек атрезиясын қалыпқа келтіру; Аш ішектердің толық айналымын қалыпқа келтіру; Кіндік сқинасының жарығын қалыпқа келтіру; Бас миының эхиноккоз оталары жасалынды). 2017-2019 жылдары 79 дәрігер Оңтүстік Корея, Корея, Казань, Тюмень мемлекеттерінде біліктілігін арттырды. Сондай-ақ, республиканың маңдай алды дәрігерлерінің мастер-класстары ұйымдастырылып келеді. Облыстағы медициналық ұйымдарына өткен жылы 4,6 млрд теңгеге 467 түрлі дәрі-дәрмек түрі жеткізілсе, биыл 3,9 млрд теңгеге дәрілік препараттарға тапсырыс орналастырылған. Оның ішінде коронавирус инфекциясының алдын-алу үшін аймақта бірінші кезектегі дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры жасақталды. Бүгінгі күні облыс халқына 2423 дәрігер, 9528 орта буынды мамандар медициналық қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда дипломнан кейінгі резидентурада 61 маман, бакалавриат бойынша 100 маман даярлануда. Алғаш рет облыс әкімінің бастауымен, 2020 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 39 жас маманға 500 АЕК көлемінде жалпы сомасы 54,2 млн теңге (әр маманға 1 389,0 мың) бір жолғы көмек көрсетілді. 2021 жылы 20 жас маманға 29,2 млн. теге қаржы бөлінді. Аймақ ақ халаттыларының жанкешті еңбегінің нәтижесінде сәби өлімі көрсеткіші 2020 жылдың 5 айымен салыстырғанда 19,6%-ға төмендеп, 8,2‰-ды құрады. Еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуы әрбір ақ халатты жанның қосқан үлесіне, білімі мен тәжірибесіне байланысты. Халықтың денсаулығы мен жарқын болашағы үшін күресте медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі орасан. Бүкіл әлемді шарпыған пандемиямен күресте дәрігерлердің табандылығы, ерлікке пара-пар еңбегі құрметке лайықты. Бүгінде облыстың деснаулық сақтау саласы коронавирустық инфекцияға төтеп беруге тас түйін дайын. Қосымша 3200 төсек орын, 3500 дәрігер мамандар резерві жасақталып, облыс халқының 34 пайызы вакцинациядан өтті.