«Мемлекеттік қызмет саласы және Әдеп кодексі мәселелері туралы»
«Мемлекеттік қызмет саласы және Әдеп кодексі мәселелері туралы» тақырыбында интернет-конференция өтеді. Пайдаланушылардың сұрақтарына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Е.М.Ермаханбетов жауап беретін болады.
- Сұрақтар: 4
- Жауаптар: 4
- 28.10.2021, 11:00
- 28.10.2021, 15:00
Утеналиев Марат 28.10.2021, Сұрақ нөмірі: 10774
2019 жылы орын алған тәртіптік істі ағымдағы жылы анықтап, яғни 2019 жылы жасаған тәртіптік теріс қылығы үшін 2021 жылы тәртіптік жауапкершілікке тарту қаншалықты дұрыс?
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 28.10.2021
Қайырлы күн, сауалыңызға рақмет! Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы – мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы түрде, кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамауы. Бұл ретте, тәртіптік жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады және оны теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешіктіріп қолдануға болмайды. Ал, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін тәртіптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және оны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды. Егер, белгiлi бiр іс-әрекеттiң бiрыңғай құрамының үздiксiз жүзеге асырылуымен сипатталатын және оны анықтаған кезде аяқталмаған құқық бұзушылық созылмалы құқық бұзушылық деп танылады. Осылайша, егер мемлекеттік қызметшінің тарапынан 2019 жылы орын алған тәртіптік теріс қылық 2021 жылы анықталған болса, егер ол тәртіптік теріс қылық анықталған уақытта әлі жалғасып келсе немесе анықталған уақыттан алты ай бұрынғы мерзімге (мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық болса он екі ай бұрын) дейін созылмалы сипатта болса, оған тәртіптік жаза қолдану көзделген. Егер, жоғарыда аталған жағдайлар орын алмаса, 2019 жылы жасалған теріс қылық үшін (қылмыстық істер ҚР Қылмыстық кодексінің талаптарына сәйкес қаралады) мемлекеттік қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тарту мүмкін емес.