Электрондық сауда тауарлары туралы: интернет-сатып алуларды кедендік әкімшілендірудің жаңа тәсілдері

Жаңа кедендік реттеу ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кедендік аумағында тұратын (орналасқан) жеке тұлғалар интернет желісін пайдалана отырып, шетелдік интернет-алаңдарда (дүкендерде) сатып алатын тауарларға қатысты енгізіледі, яғни, сатушы заңды тұлға, ал сатып алушы жеке тұлға (В2С) болып табылатын интернет-сатып алуға қатысты жаңа реттеу қолданылатын болады. Жоғарыда көрсетілген өзгерістер мен толықтырулар сыртқы электрондық сауда шеңберінде сатып алынған тауарларды оны реттеу ерекшеліктерін айқындай отырып, жеке санатқа бөлуді білдіреді. Бұл ретте электрондық сауда тауарларын сатып алушы-жеке тұлғаға жеткізудің екі тәсілі көзделеді.  жеке тұлғалар сатып алған электрондық сауда тауарлары («тікелей жеткізу» деп аталатын-сатып алудың бұрыннан бар тәсілі);  жеке тұлғаларға сатуға арналған электрондық сауда тауарлары (тауарды шетелдік интернет-алаңда сатып алу, ал оны ҚР аумағындағы оператордың қоймасынан алу, яғни «бонд қоймасы» қағидатын қолдану). Temu, AliExpress, iHerb және басқалары сияқты шетелдік маркетплейстерде жеке тұлғалар сатып алатын тауарларға арналған жаңа ережелер 2026 жылдың екінші жартысында күшіне енеді. Егер сатып алынған тауардың құны 200 еуродан аспаса, ешқандай өзгеріс болмайды: кедендік баждар мен салықтарды төлеудің қажеті жоқ; сәлемдеме бұрынғыдай жеткізіледі; кеден органдарына өз бетінше жүгіну талап етілмейді; сатып алушының атынан декларацияны электрондық сауда операторлары рәсімдейді. Шетелдік маркетплейстерден жеке тұлғалар сатып алатын тауарлар «электрондық сауда тауарлары» атты жеке санатқа жатқызылады. Электрондық сауда тауарларына арналған декларацияда әртүрлі жеке тұлғаларға тиесілі 999 тауар туралы мәлімет көрсетуге болады. Аталған декларацияны сатып алушылардың атынан кеден органдарына электрондық сауда операторлары ұсынады. Сонымен қатар салмақтық шек (31 кг) алынып тасталады. Ал бажсыз әкелу лимиті 200 еуро деңгейінде сақталады. Өзгерістер негізінен құны жоғары сатып алуларға қатысты болады. Егер тауар құны 200 еуродан асса: тауар құнының 5%-ы мөлшерінде кедендік баж; 16% мөлшерінде қосылған құн салығы (ҚҚС) төленеді. Есептеу мысалдары: 250 еуро – 12,5 еуро кедендік баж (шамамен 7 мың теңге) + ҚҚС; 500 еуро – 25 еуро кедендік баж (шамамен 14 мың теңге) + ҚҚС. Салыстыру үшін айта кетсек, қазіргі уақытта мұндай тауарларға бажсыз әкелу лимитінен асқан сомаға 15% мөлшеріндегі бірыңғай төлем (ҚҚС-пен қоса алғанда) қолданылады. Жаңа ережелер интернет-сауданы реттеуге және жеке пайдалану үшін сатып алынған тауар ретінде көрсетіліп, коммерциялық партиялардың әкелінуіне жол бермеуге бағытталған. Бұл өзгерістер ЕАЭО аумағында кедендік рәсімдеуден өтіп қойған және Wildberries, Ozon, Kaspi.kz сияқты жергілікті интернет-алаңдар арқылы сатылатын тауарларға қолданылмайды. Осылайша, жеке пайдалану үшін құны 200 еуроға дейінгі тауарларға тапсырыс беретін азаматтардың басым бөлігі үшін сатып алу және сәлемдемені алу тәртібі бұрынғыдай қалады. Еске сала кетейік, аталған пилоттық жоба Қазақстанда 2023 жылдан бастап іске асырылуда. Экспериментке «Қазпошта» АҚ, «DHL International Kazakhstan» ЖШС және жеке тұлғаларға тауар жеткізетін басқа да операторлар қатысты. Бүгінгі күнге дейін жеке тұлғалардың сәлемдемелерді алуында қандай да бір қиындықтар тіркелген жоқ.

  • Сұрақтар: 9
  • Жауаптар: 9
  • 29.07.2026, 09:00
  • 29.07.2026, 15:00

Тоянов Тастан 29.07.2026, 10:03, Сұрақ нөмірі: 13950

  • 0

Қазақстанда инфляцияның, тауар бағасының және валюта бағамының өзгеруінің ескерілуіне қарамастан, бажсыз әкелу шегін 200 еуро деңгейінде сақтап қалу туралы шешімнің қандай негізде қабылданғанын және бұл шекті ұлғайту мәселесі қарастырылды ма, соны түсіндіріп беруіңізді сұраймыз. Сонымен қатар жаңа ережелердің іс жүзінде қалай қолданылатынын, атап айтқанда, кедендік баж бен қосылған құн салығының қалай есептелетінін, декларацияларды кім рәсімдейтінін және оларды рәсімдеу кезінде жіберілген қателіктер үшін кім жауапты болатынын, электрондық сауда операторларының өз қызметтері үшін қосымша ақы алатын-алмайтынын, мұндай операторлардың қаншасы аккредиттелетіні және даулы жағдайлар туындаған кезде сатып алушылардың құқықтары қалай қорғалатынын түсіндіріп беруіңізді сұраймыз.

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті 29.July.2026, 14:57

Қайырлы күн. 200 еуро мөлшерінде бажсыз әкелу шегін белгілеу туралы шешімді Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі қабылдады. Бұл шешім ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттерге қолданылады. Ұзақ талқылаулардан кейін 200 еуро шегінің мөлшері жеке пайдалануға арналған тауарлар үшін бажсыз әкелу шегімен бірдей деңгейде қабылданды, ол да 200 еуроны және (немесе) 31 кг құрайды. Бажсыз әкелу шегінің жоғарылауы немесе төмендеуі тек кедендік реттеу саласына ғана емес, сонымен қатар ЕАЭО мүше-мемлекеттердегі ағымдағы экономикалық жағдайға тікелей байланысты. Тиісті шешімдер қабылдау кезінде ішкі нарыққа әсер етуді, онлайн және офлайн сауда мүдделерінің теңгерімін сақтау қажеттілігін, сондай-ақ өзге де экономикалық және әлеуметтік аспектілерді қоса алғанда, факторлардың жиынтығы ескеріледі. Осы уақытқа дейін электрондық сауда тауарларына қатысты жаңа кедендік реттеу күшіне енген жоқ. Жүргізіліп жатқан пилоттық жоба шеңберінде кедендік төлемдер жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты ережелер негізінде алынады. Жаңа реттеу басталғаннан кейін электрондық сауда тауарларына қатысты тауар құнының 5% мөлшерінде, бірақ 1 кг және ҚҚС үшін 1 евродан кем емес баж төленетін болады (есептеу мысалы бұрын мәтінде келтірілген). Электрондық сауда операторлары да, жеке тұлғалар да электрондық сауда тауарларына декларация бере алады. Электрондық сауда тауарларына арналған декларацияда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығы, кедендік төлемдердің уақтылы төленуі (егер олар төленуге жататын болса), кеден заңнамасының өзге де талаптарының сақталуы үшін осындай тауарлардың декларанты жауапты болады. Пилоттық жобаның қатысушылары-бұл қызмет көрсету саласында құзыреті мен кәсібилігі бар 4 компания. Электрондық сауда жөніндегі ережелер күшіне енгеннен кейін электрондық сауда операторларының саны шектелмейді, олар тиісті тізілімге енгізу шарттарына сәйкес келетін заңды тұлғалар бола алады.