Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2009 жылғы 6 наурыздағы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру қорытындылары жөніндегі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі интернет-конференция өткізеді.
2009 жылғы желтоқсанның 11-і күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2009 жылғы 6 наурыздағы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру шеңберінде Интернет-конференция өткізеді. Қойылған сұрақтарға жауаптардың барлығы ағымдағы жылғы 12 желтоқсан күні «электрондық үкімет» Порталында жарияланады
- Сұрақтар: 20
- Жауаптар: 20
- 11.12.2009
- 12.12.2009
- Министерство культуры и информации Республики Казахстан
Серік Жүнісов 11.12.2009, Сұрақ нөмірі:
Мұхтар аға, саламатсыз ба? Еліміздің көптеген телеарналарында неге орыс тілінде шығатын хабарлар көп? Қазақ тілін насихаттайтын бағдарламалар қазір жоқтың қасы. Құрметпен Серік Жүнісов, Павлодар.
Администратор 11.12.2009
Саламатсыз ба, Серік! Мен сізбен келіспеймін. Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына сәйкес мемлекеттiк тiлдегi бұқаралық ақпарат құралдарының телевизиялық және радио бағдарламаларының ұзақтылығы алты сағаттық жиілікпен басқа тiлдердегi хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиіс. Алайда, бұл норма телеарналарды тек 50% - мемлекеттік тілде, 50% - басқа тілдерде таратуды шектемейді. Қазіргі уақытта мемлекеттік телеарналар мемлекеттік тілдегі бағдарламалар әзірлеуді арттыруда. Сонымен қоса, мемлекеттік тілдегі бағдарламаларды мемлекеттік сатып алу саны артып отыр. Ал қазақ тілін насихаттайтын бағдарламаларға келер болсақ, «Еларна» телеарнасында «Азамат», «ХХІ ғасыр көшбасшысы», «Ақындар аллеясы», «Тапқыр достар», «Қазақстан» телеарнасында мемлекеттік тілдің байлығы мен тереңдігін көрсететін «Сөзмерген» апталық лингвистикалық бағдарламасы, сонымен қатар қоғамның әр саласын қамтитын түрлі айдарлар шеңберінде мемлекеттік тілдің ахуалы мен оның өзекті мәселелерін көтеретін «Таңшолпан», «Өмірдің өзі» бағдарламалары, «Білім арнасы», «Интеллектуалдық олимпиада», «Астана» радиосында қазақ тілін үйрету бағытында «Талқылау сөздігі», қазақ тілінде таза сөйлеуді үйретуге арналған «Қас қағым», «Жүйрік ой», «Қазақ радиосында» «Мемлекеттік тіл», «Туған тіл», «Біз қалай сөйлейміз?» бағдарламалары тұрақты шығып отыр. Сіз атап өткен мәселелер біздің Министрліктің басты назарында.