Маңғыстау облысының әкімшілігі Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық-жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру барысы туралы» интернет конференция өткізеді.
2010 жылғы 23-ші сәуір мен 10-шы мамыр аралығында Маңғыстау облысының әкімшілігі «Жаңа онжылдық-жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты интернет конференция өткізеді. Қойылған сұрақтарға жауаптардың барлығы «электрондық үкімет» Порталында ағымдағы жылғы 30 мамырда жарияланады.
- Сұрақтар: 29
- Жауаптар: 29
- 23.04.2010
- 10.05.2010
- Акимат Мангистауской области
Жұмасейітқызы Мәншүк 07.05.2010, Сұрақ нөмірі:
Құрметті Қырымбек Елеуұлы!
Сіздің қала тұрғындарымен осындай байланысқа шыққаныңызды қуана қарсы ала отырып, қала халқы жауап таба алмай сенделіп жүрген бір үлкен мәселеге жауап күтеміз.
Мен өзім 2004 жылдың тамыз айында жер бөлу жөнінде арыз жазған болатынмын, содан 2007 жылы - 2006 жылдың 1-шы қаңтар айына дейін тапсырылған арыздар бойынша құжаттарды қайта тіркеп жатқаны жөнінде бір хабар естідік, онда да халық бір-бірінен естиді.
Ұзын-ұзын ширеттерге тұрып керекті құжаттарды тапсырдық және әкімшілікте құжаттарды қабылдап алған адамдар жоғалтып алып немесе таба алмай қалуына байланысты, қайта-қайта тапсырдық. Бұл жазуға, ауызбен айтуға оңай болғанымен үлкен шаруа болды, әсіресе жұмыста жүрген адамдарға оңай шаруа болған жоқ.
Одан соң, жерді Маңғыстау 4,5-тен береді екен деген хабар шықты, халық Маңғышлақ стансасына шұбырды, енді олай болмай шықты, тізімдер Мұнайлы ауданында екен, жерді сол жерден береді екен деген хабар шықты, күні бүгінге дейін күдерімізді үзбей телефон арқылы немесе аяқтай барып сол Мұнайлыдан хабар күтіп жүрміз, бірақ ешқандай дұрыс жауапты бізге ешкім бере алмай отыр???
Осы жағдайды толық мағынада жазып отырған себебім, сіз халықтың осы жағдайымен хабардар ма, әлде бейхабар ма деген ой.
Сізге бір сұрақ: сол жер жөніндегі мәселе қалай және қашан шешіледі?
Болады немесе болмайды деген жауап керек халыққа.
Егер шешілген күнде халық қалай хабардар болады?
Жалпы сіздің Ақтау қаласына және халқына қамқорыңыз өте зор, көңілге қонымды.
Алға қарай деніңізге саулық тілеп, осылай қаламызды, облысымызды басқарып жүре беруіңізге тілектеспіз! Сіз бар жерде біз қиыншылық көрмейміз, ештеңеден қорықпаймыз деп сенеміз!!!
P.S.Сізді кетеді екен Астанаға деген хабарды да естіп жатырмыз, сол хабар жалған болса екен, кетпесе екен деген тілектер де бар.
40-46-20 Жұмасейітқызы Маншук және 12 адам қол қойған
05 мамыр,2010 жыл
Администратор 28.06.2010
Құрметті Мәншүк Жұмасейітқызы! Облыста атқарылып жатқан істерде, қол жеткізілген жетістіктерде әрбір тұрғынның үлесі бар екенін үнемі айтып келемін. Сіздерге көп рахмет. Осымен бірнеше адамнан пәтер немесе жер теліміне кезекке тіркелу үшін өткізген кейбір құжаттарының жоғалып кетуінен түрлі себеп-салдар туындағаны туралы естіп, біліп отырмын. Бұл мәселе тиісті деңгейде қаралып, қызметкерлер жауапкершілігі арттырылатын болады. Ақтау қаласы әкімдігіне 2006 жылдың 1 қаңтарына дейін жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесін сұрай арызданған азаматтарға Мұнайлы ауданы Қызылтөбе селолық округінің әкімшілік аумағына қарасты «Батыр» тұрғын массивінен жер телімдерін бөлу жоспарланды. Сіз Қызылтөбе селолық округінде жалпы тізімде №8464 кезекте тіркелгенсіз. Қазіргі таңда аталған тұрғын массиві сыртқы және ішкі инженерлік желілер құрылысының технико-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді, қорытынды да алынды. Тұрғын үй құрылысына жер телімін бөлу үшін мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылғаннан кейін, өздеріңізге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланады. Ал менің облыс әкімінің орнынан кетуім әлде қалуым Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың құзырында. Киелі Маңғыстау жерінде және халқына қызмет істеу өзім үшін үлкен абырой деп есептеймін. Құрметпен, Қырымбек Көшербаев