ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН ӘБІШҰЛЫ НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫН ТҮСІНДІРУ ТУРАЛЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ АМАНДЫҚ ҒАББАСҰЛЫ БАТАЛОВПЕН ИНТЕРНЕТ-КОНФЕРЕНЦИЯ
«Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт Басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол- болашаққа жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын, сондай-ақ оны іске асыру барысын түсіндіру туралы» Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовпен интернет-конференция
- Сұрақтар: 12
- Жауаптар: 12
- 14.04.2015
- 14.04.2015
- Амандық Ғаббасұлы Баталов
Ләззат Айнабек 14.04.2015, Сұрақ нөмірі:
Мен Алакөл ауданының тумасымын. Қазір сыртта жүрсем де, Алакөлге қатысты жаңалықтарға елеңдеп, жақсылығына қуанып жүремін. Менің көңілімдегі бір түйткіл - көл жағалауы қашан дамытылады? Туризмді дамытуға Алматы облысында мүмкіндік көп қой.
Администратор 15.04.2015
Алакөл – Алматы облысындағы суы шипалы, табиғаттың таптырмас қазынасы. Өңірдегі Алакөл және басқа да көлдер жағалауын дамыту – туризм саласындағы ең алдымен қолға алып жатқан шара. Облыста сауықтыру және жағажай демалысын дамыту мақсатында туристік инфрақұрылымға ерекше мән беріледі. Бүгінде Балқаш, Алакөл көлдерінің, Қапшағай су қоймасының жағалауларында 300-ден аса орналастыру орындары бар, 2017 жылға дейін Бас жоспарға сәйкес тағы 30-дан аса нысанның құрылысы жоспарлануда. Алакөл көлінің жағалауында туризм инфрақұрылымы белсенді түрде дамуда. 2012-2014 жылдар аралығында туристер үшін 26 демалыс нысаны қолданысқа берілді. 2013-2014 жылдар аралығында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша Алакөл жағалауындағы 4 жоба 145 млн. теңгеге субсидияланды. Алакөл ауданында биылдан бастап «Көктем групп» компаниясы 320 адамдық көпсалалы бес жұлдызды қонақүй құрылысын, «AQUAMARINE resort» компаниясы 500 адамға арналған, сервистің халықаралық талаптарына сәйкес демалыс аймағының құрылысы бойынша жұмыс істеуде. Бұған қоса, жағалауда 200 млн. теңгеге «Д. Каримов» демалыс аймағының жобасы қолға алынуда. Көл жағалауындағы Ақши мен Көктұма ауылдарының кіре беріс жолдары күрделі жөндеуден өтіп, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда облыста «Ақбұлақ» биік таулы курорты, «Табаған» тау-шаңғы курорты, спорттық-сауықтыру кешені, «Алматау» туристік базасы, «Тау Жетісу» тау-шаңғы базасы жұмыс жасайды. «Лесная сказка» тау курортының екінші кезектегі құрылысы, Қарасай ауданындағы «Көктау» және Текелі маңындағы «Текесу» шаңғы базаларының құрылысы жүргізілуде. Еңбекшіқазақ ауданында «Долина-3» халықаралық деңгейдегі спорттық-туристік кешені, «Қаскелең-Оңтүстік» халықаралық тау-шаңғы курорты, «Talkhiz» туристік тарихи-этнографиялық кешені, Райымбек ауданында «Мойнақ» этно-туристік кешенінің құрылысын жүзеге асыру жоспарланған.