ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ Қ.Е. КӨШЕРБАЕВТЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨТЕТІН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ ЖӨНІНДЕГІ ИНТЕРНЕТ-КОНФЕРЕНЦИЯ

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың қатысуымен өтетін «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын жүзеге асыру барысы туралы» интернет-конференция.

  • Сұрақтар: 49
  • Жауаптар: 46
  • 23.07.2013
  • 25.07.2013
  • Қызылорда облысының әкімі

Ғалымжан Қараманұлы 23.07.2013, Сұрақ нөмірі:

  • 0

Құрметті Қырымбек Елеуұлы! Мен Тасбөгет қыстағының тұрғынымын. Мен балаларымды мектепке жіберуге қорқамын. Өйткені Мұстафа Шоқай көшесінің бойындағы канализация люктерінің ауыздары түгелдей дерлік ашық жатыр. Күндердің бір күнінде кішкентайларымыз осы қақпандарға түсіп, мертігіп жатса қолымызды кеш сермедік деп аңыраймыз. Ал кент әкімі Б.Жолтаевтан қайыр жоқ. Ол біздің жан айқайымызға құлақ аспайды. Осындай күрделі проблеманы шешуге атсалыспай тұрған Жолтаев мырза М.Шоқай көшесі аяғындағы жол, жарықтандыру сияқты әлеуметтік мәселелерге тіпті де назар аудармайды деп ойлаймын. Сөздің орайы келгенде айтайын. Алдағы әкімдер сайлауы кезінде мәслихат депутаттары жұмыс істейтін басшыны таңдаса. Қырымбек Елеуұлы! Сіз де мен сияқты әкесіз. Балалар өмірі үшін қам жасауға көмектесіңіз!

Администратор 24.07.2013

Тасбөгет кентінде жол жөндеу, жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. М.Шоқай көшесінің Гидроузел мен Сапарбаев көшелері аралығы жөнделіп, жарықтандырылған. Жалпы бүгінгі күнге дейін Тасбөгет кенті бойынша 54 көше болса, оның 9-ы жарықтандырылып, үстіміздегі жылы тағы 3 көше – С.Майқанова, Амангелді, Жанқожа батыр көшелері жарықтандырылады деп жоспарлануда. Кент бойынша көшенің жалпы ұзындығы 54,2 шақырымды құрайды, оның ішінде қазіргі кезде 13,4 шақырымы асфальтталған, 2,1 шақырымына тас төселген. 2013 жылы Жанкин, Өткелбаев, Амангелді көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Иіркөл» елді мекеніне баратын 14 шақырым жолдың 3 шақырымы жөнделді. Сонымен бірге Сапарбаев көшесіне 1,4 шақырым жаяу жүргіншілер жолы мен «Наурыз» және «Тасарық» шағын аудандарының аулаішілік жолдары жөнделді. Ал, ашық құдық қақпақтарын жабу бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде. Қалалық ішкі істер басқармасымен бірлесіп, құдық қақпақтарының ұрлануына жол бермеу және осы факті бойынша залал келтірушілерді анықтап, заңға сәйкес шаралар қабылдау үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта кент орталығындағы ашық құдық қақпақтарын қалпына келтіру жұмыстары үнемі бақылауда болады. Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша қала әкімдігі жанындағы қала әкімдігі мәжілісі мен тұрақты кеңес отырысында жауапты мекеме басшыларына тапсырмалар беріліп, қадағаланып отырады.