МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ А.С. АЙДАРБАЕВТЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨТЕТІН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ ЖӨНІНДЕГІ ИНТЕРНЕТ-КОНФЕРЕНЦИЯ
Маңғыстау облысының әкімі Алик Серікұлы Айдарбаевтың қатысуымен өтетін «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын жүзеге асыру барысы туралы» интернет-конференция
- Сұрақтар: 27
- Жауаптар: 27
- 25.06.2013
- 27.06.2013
- Маңғыстау облысының әкімі
Еламанов Амирбек 26.06.2013, Сұрақ нөмірі:
Ассалаумағалейкум Алик Айдарбаев!!! Мен жалпы Маңғыстаулық студенттер қауымынан. Қазіргі таңда жас мамандарды жұмысқа тарту қаншалықты жүргізілуде?! Облыс көлемінде жас отбасыларға арналған мемлекеттік қандай жобалар бар?! Баспанаға байланысты!!! Рахмет. Елдің алдында абыройлы болып, игі істермен көріне беріңіз!!!
Администратор 27.06.2013
Құрметті Әмірбек! Сұрағыңа рахмет! Сенің өз атыңнан барлық жастардың өзекті мәселесін көтеріп отырғаныңа ризашылығымды білдіремін. Жас мамандарды жұмысқа тарту үшін облыста мынадай бағдарламалар мен іс-шаралар жүзеге асырылады: - «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, үйлестіруші мекеме – аудандық және қалалық экономика және қаржы бөлімдері; - «Жастар практикасы» бағдарламасы, үйлестіруші мекеме – аудандық және қалалық жұмыспен қамту органдары; - Бос жұмыс орындар жәрмеңкелері. Жәрмеңкелерді аудандар мен қалалардағы жұмыспен қамту органдары және жастар орталықтары, оқу орындары жүйелі түрде ұйымдастырады. Сонымен қатар облыс бойынша бос жұмыс орындар туралы мәліметтерді Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының www.soc.mangystau.gov.kz сайтынан қарай аласың. Қазіргі таңда облыс көлемінде «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас отбасыларды тұрғын үйлермен қамту көзделген. Біздің облысымызда Ақтау қаласында жас отбасыларға арналған 300 пәтерлік 6 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Жылдың соңына дейін 300 жас отбасы жаңа баспанаға қол жеткізетін болады. Сондай-ақ аудандар мен қалалардағы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан тұрғын үйлерге мұқтаж адамдар тұрғылықты мекен-жайы бойынша кезекке тұра алады. Жаңа бастамаларыңа сәттілік тілеймін!