ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ Қ.Е. КӨШЕРБАЕВТЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨТЕТІН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ ЖӨНІНДЕГІ ИНТЕРНЕТ-КОНФЕРЕНЦИЯ
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың қатысуымен өтетін «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын жүзеге асыру барысы туралы» интернет-конференция.
- Сұрақтар: 49
- Жауаптар: 46
- 23.07.2013
- 25.07.2013
- Қызылорда облысының әкімі
Самалов Амангелді Мөңкебайұлы 24.07.2013, Сұрақ нөмірі:
Құрметті Қырымбек Елеуұлы! Мен Сізге Қызылорда қаласы, Сәулет 33 кварталында тұратын мен және көршілерімнің атынан қоятын сауалым бар: 1) «Ауыз су» мәселесі; 2) «Жол» мәселесі және «Көшенің» атауы.
Мен және көршілерім ауыз су мәселесін шешу үшін 200000-600000 теңге ақша жұмсау арқылы келесі параллель көшелерден (атауы жоқ) жіңішке пластмасса трубалары арқылы тартып алып ішіп отыр, бірақ бұл су қыс уақытында қатып, бәріміз әбігерге түсеміз. «Ауыз су» бағдарламасы туралы хабарды теледидардан көріп мәз болғанымызбен, біздерге қашан шапағаты тиетінін білмей отырмыз.
Күз, көктем айларында біздің үйлерге кіру мүмкіндігі болмай қалады, яғни қара батпақтың ортасында қалып машиналарымыз жеткен жерге тастап, жердің кебетін уақытын күтеміз. Қызылорда қаласының «Жібек жолы», «Сұлтан Бейбарыс» күре жолдарына жақын орналассақ та, ол жолдарға жету мұң. Осындай халықтың талап-тілектерінің орындалуына көмектесуіңізді сұраймыз. Құрметпен: Сәулет 33 квартал тұрғындары атынан ІІ топ мүгедегі Амангелді Мөңкебайұлы.
Администратор 24.07.2013
Құрметті Амангелді Мөңкебайұлы! Қызылорда қаласы «Сәулет» тұрғын ауданындағы 12 көшеге тас жол құрылысын жүргізу үшін ұзындығы 5,9 шақырым тас жолға 74 млн теңгеге жоба сметалық құжаттары әзірленді. Сондай ақ, «Сәулет» тұрғын ауданындағы 17 көшеге және Исаев көшесіне ауыз су жүргізу үшін ұзындығы 20,3 шақырымға 117 миллион теңгеге жоба сметалық құжаттары дайындалды. 2014 жылы осы жұмыстарды атқару үшін қаржы бөлу мүмкіндіктері қарастырылатын болады. Сонымен бірге, «Сәулет» мөлтек ауданындағы көшелерге реттілігі бойынша 36 көшеге реттік нөмір берілген және реттілігі бойынша нөмірлер көше бойына тақтайшаларға орнатылған.