АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ А.Б. МҰХАМБЕТОВТІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨТЕТІН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ ЖӨНІНДЕГІ ИНТЕРНЕТ-КОНФЕРЕНЦИЯ

Ақтөбе облысының әкімі Мұхамбетов Архимед Бегежанұлының қатысуымен өтетін «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын жүзеге асыру барысы туралы» интернет-конференция

  • Сұрақтар: 28
  • Жауаптар: 28
  • 13.05.2013
  • 15.05.2013
  • Ақтөбе облысының әкімі

Мерғалиев Данияр Орынбасарұлы 13.05.2013, Сұрақ нөмірі:

  • 0

Сәлеметсіз бе құрметті Архимед Бекжанұлы мырза! Мен Шалқар қаласының тұрғыны - Мерғалиев Данияр Орынбасарұлы, Сізден жұмыс мәселесі жайында сұрағым келеді. Қазіргі таңда жұмыссызбын, жұмыс іздеп бармаған жерім жоқ. Білімім - жоғары, темір жол мамандығын бітіргенмін. Ауданымызбен Елбасымыздың ғасыр жобасы деп атаған Жезқазған - Бейнеу темір жол желісі ауданымыздың үстімен өткеніне, жұмысқа жергілікті халықты қабылдайтын болғанына ел болып қуанған едік. Бірақ құрылыстың басталғанына 1 жыл болды, ешқандай жұмыс жоқ. Барған сайын түйіндемені алып қалып, "күтіңіз, бос орын болса айтамыз" деп шығарып салады. Жоғарғы оқу орнын бітіргеніме 1 жыл болды. Аудандық "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар" бөліміне де бардым,алдымен жұмыссыз деп тіркелу керек деді, тіркелдім, тәжірибең жоқ деп 6 ай мерзімінде жастар іс-тәжірибесіне жіберді, оны да істедім. Бірақ ешқандай нәтиже болмады. Өзім үйленгенмін, бір балам бар. Осы үлкен мүмкіндікті пайдалана отырып, Елбасымыз өз жолдауында атап көрсеткендей, жас маман және жас отбасы ретінде маған қолдау көрсетіп, отбасымды асырайтындай өз мамандығым бойынша жұмысқа орналасуыма көмектесуіңізді өтініп сұраймын. Осы өтінішім Сізге жететіне сенемін және назар салып оқып шыққаныңыз үшін алдын-ала рахмет айтқым келеді! Аман-сау болыңыз!

Администратор 22.05.2013

Данияр Мерғалиевтың отбасында 3 жан тұрады: Данияр Мерғалиев – 1990 ж.т., жұмыссыз, білімі жоғары, мамандығы теміржолдағы тасымалды ұйымдастыру, 2012 ж. ақпан –тамыз айларында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жолдамасымен жастар тәжірибесінде жұмыс жасады. Жолдасы Исабекова Айнұр жұмыссыз, білімі жоғары, мамандығы физика пәнінің мүғалімі. Баласы – Орынбасарова Айару , 2012 ж.т. Д. Мерғалиев мамандығы бойынша жаңадан салынып жатқан «Шалқар -Бейнеу» теміржол құрылысында тұрақты бос жұмыс орындарына сұраныстар жоқ екені түсіндірілді, алдағы уақытта қала мекемелерінен тұрақты бос жұмыс орындарына сұраныс болса, мүмкіншілігіне қарай жұмысқа орналастыру шарасы қарастырылатын болады. Аудан орталығы Шалқар қаласындағы мектептерде физика пәні бойынша бос орын жоқ. 2013 жылдың 15 мамырынан бастап Д. Мерғалиев «Үлкен Борсық орман шаруашылығы» КМК-на «Атамекен» құрылыс отрядына уақытша жұмысқа жолданды.