Жаңа экономикалық өрлеу – Қызылорда облысының мүмкіндіктері мен жетістіктері
«Жаңа экономикалық өрлеу – Қызылорда облысының мүмкіндіктері мен жетістіктері» тақырыбында интернет-конференция өтеді. Пайдаланушылардың сұрақтарына облыс әкімі Қ.Е. Көшербаев жауап беретін болады.
- Сұрақтар: 17
- Жауаптар: 17
- 21.06.2017, 10:00
- 21.06.2017, 18:00
- Қызылорда облысы әкімшілігі
Сыдықова Жайна 21.06.2017, 15:40, Сұрақ нөмірі: 7088
Қырымбек Елеуұлы, мен Сыдықова Жайна Темірбекқызы, тарихшы-зерттеушімін. Өзімнің ғылыми жұмыстарыма облыстық архивтен көптеген материалдарды пайдаланып келемін. Бүгінде архивтің тұрақты келушісімін. Зерттеу жұмыстарымен Ресейдің архивтерінде, еліміздің Ұлттық архивінде, Президент архивінде болдым. Әрине, Қызылорданың архивімен салыстыруға келмейді. Сыр өңірі тарихы терең, Алаштың анасы атанған шежірелі аймақ қой. Біз де жаңа, зәулім, әсем архивке келіп жұмыс істегіміз келеді. Ондай мүмкіндік қашан туады екен?
Қызылорда облысы 21.June.2017, 16:31
Сауалыңыз өте орынды. Облыс архивтері бүгінде 18 ғасырдан бастапқы 700 мыңға жуық тарихи жәдігерлерді сақтап келеді. Жыл өткен сайын құжат саны да артып, сақтау нормаларының талаптары да күшеюде. Осы ретте, облыстық мемлекеттік архивке жаңа заманға лайық, құжат сақтау нормаларына сай келетін, заманауи құрылғылармен қамтылатын архив ғимаратының құрылысын жүргізу қажеттігі туындады. Қызылорда қаласының Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойынан салынып жатқан сыйымдылығы 600 мың құжат сақтау мүмкіндігі бар 5 қабатты «Архивтер үйі» ғимаратының құрылысы биыл пайдалануға беріледі. Жобаға сәйкес архив соңғы үлгідегі ақпараттық технологиялармен жабдықталып, қор сақтау қоймалары мобильді стеллаждармен қамтамасыз етіледі. Құжаттарды қайта өңдеу үшін зертханалық, реставрациялық кабинеттер ашылып, ескі құжаттарды нормативке сәйкес сақтауға, өңдеуге, тігіп-түптеуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар, Өзіңіз секілді зерттеушілерге электронды түрде тапсырыс беріп, қажет құжаттардың электронды нұсқаларын пайдалануға барлық жағдай жасалмақ.