Жаңа экономикалық өрлеу – Қызылорда облысының мүмкіндіктері мен жетістіктері
«Жаңа экономикалық өрлеу – Қызылорда облысының мүмкіндіктері мен жетістіктері» тақырыбында интернет-конференция өтеді. Пайдаланушылардың сұрақтарына облыс әкімі Қ.Е. Көшербаев жауап беретін болады.
- Сұрақтар: 17
- Жауаптар: 17
- 21.06.2017, 10:00
- 21.06.2017, 18:00
- Қызылорда облысы әкімшілігі
Ахетов Ербол 21.06.2017, 16:45, Сұрақ нөмірі: 7093
Мемлекеттік қолдаудың аясында аудандардың жағдайы қазір жақсы. Алдағы уақытта Сырдария ауданының дамуы қалай болады?
Қызылорда облысы 21.June.2017, 17:27
Аудан экономикасы тұрақты дамуда. Сырдария ауданы облыста соңғы төрт жылда үздіктер қатарында келеді. 2013-2014 жылдардың қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін үздік аудан атанса, 2015 және 2016 жыл қорытындысымен «Егін шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен «Озат аудан» номинациясымен марапатталды. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласының барлық бағытында өсім байқалуда. 2013 жылы егіншілік пен мал шаруашылығы жалпы өнімнің көлемі 7,5 млрд. теңгені құраса, 2016 жылы 9,7 млрд. теңгеге жетті. 2017 жылдың қаңтар-сәуір айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 954,2 млн. теңгені құрап, төрт жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімділігі ұлғайды. Мал басы көбейіп, мал өнімділігі арта түсті. 2017 жылдың қаңтар-сәуір айында ауданның өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 317,1 млн. теңгенің өнімін өндірді, бұл 2016 жылдың қаңтарындағы деңгейіне қарағанда 132,7 пайызды құрады. Аудан экономикасына 5,3 6 млрд. теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды. Ауданда бюджет қаражатынан тыс инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында біршама жұмыстар атқарылды. 2013 жылы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында І инвестициялық Бизнес форум, 2015 жылы ауданға қарасты Н.Ілиясов ауылында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында мұнай компаниялары басшыларымен кездесу, 2016 жылы инвесторлар, кәсіпкерлермен еркін форматта іскерлік басқосу және «Сырдария» бизнес-форумы ұйымдастырылды. Нәтижесінде, «Сырдария ауданының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы» аясында Тереңөзек кенті және ауылдық округтер бойынша жалпы құны 3,6 млрд. теңгені құрайтын 83 жоба бекітіліп, 2016 жылы 45 жоба іске қосылды және 339 жаңа жұмыс орындары ашылды. 2017 жылы 37 жоба іске қосылып, 221 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде. «Батыс Европа-Батыс Қытай» автожолының салынуы аудан экономикасының қарыштап дамуына өз үлесін қосып келеді. Бұл орайда, ауданда Ақжарма және Шаған ауылдарында 2 сервистік кешен салынып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуде. Тереңөзек кентінде халықтың қала және ауылдармен көлік қатынасын жақсарту мақсатында сапаржай, 250 орынға арналған мейрамхана, кентке қарасты О.Мәлібаев елді мекенінде қырман комплексі, барлығы 1,4 млрд. теңге құрайтын нысандар бюджеттен тыс қаржы көздерінен салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде, Мәлібаев елді мекеніндегі жалпы құны – 0,6 млрд. тенгені құрайтын қырман аумағында сыйымдылығы 2000 тонна болатын күріш сақтайтын қойма және техникаға арналған гараж, 60 адамға арналған асхана құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, элеватор мен автокөлікке арналған таразы орнатылды. Қырман толық іске қосылғаннан кейін үстіміздегі жылы қосымша май құю бекеті, техника жөндейтін орталық және автотұрақ құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Ауданға шетел инвестициясын тарту мақсатында Германия және Ұлыбританияда орналасқан ірі кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, «Күн көзінен электр қуатын шығаратын станса салу» және Шаған ауылдық округінде орналасқан 3000 бас мал бордақылау алаңы жанынан қосымша шағын кәсіпорындар салу жобасын жүзеге асыру мақсатында «Гринквест Сырдария» ЖШС-і құрылды. Аудан әкімдігі мен серіктестік жетекшілері арасында меморандумға қол қойылды. Жобалардың құны 40,0 млрд. теңге. Жоба толық іске асқаннан кейін 30 адам тұрақты жұмысқа тартылады деп күтілуде. Бүгінгі күні 200 гектар жер учаскесіне топографиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы аудан тұрақты экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізе отырып, салық базасын кеңейтуге байланысты да біршама жұмыстар атқарды. Ауданның өз кірістері 2013 жылы 2,7 млрд. теңгеден 2016 жылы 5,2 млрд. теңге көлеміне жеткізілді. 2017 жылға арналған аудандық бюджет 7854,2 млн. теңге көлемінде, оның ішінде өз кірістері 5835,0 млн. теңге көлемінде бекітілді. Аудан бюджетіне түскен қаражатқа жаңа әлеуметтік - әкімшілік ғимараттар мен жолдар және көпірлер салынды. Елді мекендердің орталықтары абаттандырылды. Сондай-ақ, кент орталығындағы бос тұрған ғимараттар қайта жаңғыртудан өтіп, мемлекеттік мекемелерге, жатақхана, тұрғын үйге және кітапханаға берілді. Аудан бойынша 3-6 жастағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтылды. Ауданда ауыз су мәселесі түпкілікті шешілген. Ауданның жұмыссыздық деңгейі 2013 жылы 6,1 пайыздан 2016 жылы 5,2 пайызға, яғни 0,9 пайызға төмендеді. Алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық саясаты макроэкономикалық және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету, маңызды салаларды қолдау арқылы нақты сектордың тиімділігін арттыру, қоғамды әлеуметтік жаңғырту және халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту бағытында жұмысын жалғастыратын болады. Жоспарланған деңгейдегі тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және экономикалық модернизацияны жеделдету, 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриалық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығын жүзеге асыру арқылы жалғасатын болады. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында - тұрғын үй қорын жақсартуға, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге, сумен жабдықтау және су бұрғыш желісін дамытуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруға басымдық беріледі. Онан бөлек, 2017-2021 жылдарға арналған “Жалпы кәсіпкерлікті дамыту және нәтижелі жұмыспен қамту» және тағы басқа бағдарламаларды жүзеге асыру жалғасады. Агроөнеркәсіп кешенін қолдау бойынша шараларға баса назар аударылатын болады. Мемлекеттік қолдау көлемдерін арттыру ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына қажетті қолайлы жағдайлар туғызады. Экономиканың аграрлық секторын әртараптандыру үшін “Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламасын жүзеге асыру жалғасады. Бағдарлама шеңберінде ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту, сондай-ақ жем-шөп өндірісі және жайылымды шаруашылықты дамыту жөніндегі жобаларды іске асыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Жалпы елді мекендерге жүзеге асырылатын 85 жобаның басым бөлігі мал өсіру, мал бордақылау алаңын салу, мал сою пунктін ашу жобалары болып отыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде алдағы 5 жыл мерзімде өнеркәсіп өнімдерінің нақты көлем индексі 100,8 пайызды құрайды, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,9 пайызға артады, оның ішінде егін шаруашылығының өнімі – 4,2 пайызға, мал шаруашылығының өнімі – 3,4 пайызға артады, жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға дейін төмендейді деп болжамдануда. Аудан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылған. Алдағы уақытта ауданның су жүйесін жақсы жағдайда ұстап тұруға жұмыс атқарылады. Қазіргі таңда мектепке дейінгі 3-6 жас аралығындағы балалар 100 пайыз қамтылса, 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту бағытында жұмыс жасалуда.