Халықты жұмыспен қамту туралы
ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ТУРАЛЫ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ Қ.Е. КӨШЕРБАЕВТЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨТЕТІН ИНТЕРНЕТ-КОНФЕРЕНЦИЯ
- Сұрақтар: 9
- Жауаптар: 9
- 30.03.2018, 10:00
- 30.03.2018, 18:30
- Қызылорда облысы әкімшілігі
Жақсатова Жансая 30.03.2018, 13:07, Сұрақ нөмірі: 7641
Сәлеметсіз бе, Қырымбек Елеуұлы! 2017 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ды менеджмент мамандығы бойынша бітірдім. Белсенді жұмыс іздеушілердің қатарынанмын. Қызылордада бос жұмыс орны аз, олардың басымы жұмыс тәжірибесі жоқ жастарды жұмысқа алуға мүдделі де емес. Жұмыс жасау үшін тәжірибе керек, тәжірибе жинау үшін жұмыс жасау керек деген бітпес шеңберде жүрміз. Мамандығым бойынша жұмыс жасауға ықпал жасауыңызды сұраймын!
Рахмет!
Қызылорда облысы 30.March.2018, 18:20
Саламатсыз ба, Жансая! 2018 жылдың 1 наурызына облыс бойынша жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеген 8 138 адам хабарласты. Соның ішінде бүгінгі күнге жұмыспен қамтылғаны 3 093 адам болса, жастар тәжірибесіне 772 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 3047 адам жолданды. Сонымен қатар, ай сайын Қызылорда қаласында және барлық аудандарда бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп тұрады. Жыл басынан бері 13 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, 107 жұмыс беруші 480 бос жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңкеге 709 - дан астам жұмыс іздеушілер қатысып, оның 569-на жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне жолдама берілді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 30 наурызында сағат 10.00-де А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қызылорда қаласы бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге бірқатар мекемелер бос орындар бойынша қызмет түрлерін ұсынды. Атап айтар болсақ, «Каспий банк» АҚ-на «менеджер», «Браунис Қазақстан» ЖШС-нен «басқарушы менеджер», «Бекзат» көлік мектебі «офис-менеджері» қызметтері бойынша сұраныстар ұсынылды. Осы ретте, Сіздің сауалыңыз бойынша Қызылорда қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде тіркелсеңіз Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес жұмыспен қамтудың белсенді шаралары ұсынылатындығын жеткізгім келеді.