Отан қорғау - әр азаматтың конституциялық міндеті
«Отан қорғау - әр азаматтың конституциялық міндеті» атты интернет-конференция. Сұрақтарға ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов жауап береді.
- Сұрақтар: 2
- Жауаптар: 2
- 23.04.2018, 09:00
- 04.05.2018, 17:35
- ҚР ішкі істер министрлігі
Рәшат Даулетбек 03.05.2018, 10:41, Сұрақ нөмірі: 7673
Саулығыңызды тілеймін, генерал мырза! Менің аты-жөнім Рәшат Дәулетбек. Отан алдындағы борышымды сәуірдің 27-сі өтеп келдім. 36803 әскери бөлімі 2-дивизионда телефоншы лауазымында қызмет еттім. Астана қаласына оралғаннан кейін, әскери қызметке тұрғым келеді. Ұлттық Ұланның қай бөлімінде қандай бос орындар бар екенін айта аласыз ба? Және жұмысқа орналасу үшін қандай құжаттар қажет немесе қандай конкурстан өту керек? Менің бойым - 174 см, салмағым - 70 кг. Денсаулығым өте жоғары деңейде. Өз Отаныма аянбай еңбек еткім келеді. Келе жатқан елеулі мерекелер құтты болсын!!! Байланыс нөмірлерім: 87773303237, 87073714577. Жауабыңызға алдын ала рахмет!
ҚР Ішкі істер министрлігі 04.May.2018, 17:33
Құрметті Даулетбек! Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдау «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабының талаптарына сәйкес жүзеге асырылатындығын хабарлаймыз. Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кіретін адамдар мынадай талаптарға сай келуге: 1) Қазақстан Республикасының азаматтығына ие болуға; 2) қажетті жеке, моральдық жəне кəсіби қасиеттерге, білім деңгейіне ие болуға, денсаулық жағдайы бойынша əскери қызметке жарамды болуға; 3) курсанттарды, кадеттерді қоспағанда, он сегіз жастан кіші болмауға жəне əскери қызметте болудың шекті жасына толуға: келісімшарт бойынша əскери қызметке алғаш кіретіндер немесе сарбаздар (матростар) құрамының жəне кіші сержанттық құрамның лауазымдарына тағайындалу үшін – он бес жас; кіші офицерлік жəне аға сержанттық құрамдардың лауазымдарына тағайындалу үшін – он жас; аға офицерлік немесе жоғары сержанттық құрамның лауазымдарына – бес жас; 4) мерзімді әскери қызметті өткерген әскери кафедрадан немесе әскери даярлықтан өткен немесе әйелдерді қоспағанда, Қорғаныс министрлігінің өтеулі негізде әскери-техникалық мамандарды даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйымдарында әскери даярлықтан өткен болуға тиiс. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін кандидаттарды іріктеу мынадай тәртіппен жүргізіледі: 1) келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін қажетті құжаттарды қабылдау; 2) медициналық куәландырудан өту; 3) дене дайындығы деңгейінің сәйкес келуін айқындау; 4) кәсіби даярлық деңгейін және тағайындау үшін қаралып отырған әскери лауазым әскери-есептік мамандығының (білімінің) сәйкес келуін айқындау; 5) психологиялық тұрғыдан жарамдылыққа тексеруден өту. Өтінішпен бірге азамат: 1) белгіленген үлгідегі бланкіде сауалнама деректерін; 2) өзі қол қойған өмірбаянын; 3) жеке басы мен азаматтығын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы мен көшірмесін; 4) білімі туралы құжаттарының көшірмелерін (салыстыру үшін түпнұсқалары ұсынылмаған жағдайда нотариат куәландырған көшірмелерін); 5) бар болған кезде еңбек кітапшасының көшірмесін; 6) сотталмағандығы туралы анықтаманы; 7) өзіне және зайыбына (жұбайына) табыстар мен мүлік туралы декларацияны тапсырғаны туралы мәліметтерді; 8) соңғы қызмет (жұмыс немесе оқу) орнынан мінездемені ұсынады. Құжаттарды қабылдаған кезде тиісті лауазымды адам құжаттардың көшірмелерін олардың түпнұсқаларымен салыстырады (салыстыру үшін ұсынған жағдайда) және түпнұсқаларды азаматқа қайтарады. Жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес және бос лауазымдар болған жағдайда Сіз Астана қаласында келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдана аласыз, ол үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5573 әскери бөлімінің кадр бөліміне хабарласуыңыз қажет.