Ауыл шаруашылығы саласының дамуындағы мемлекеттік қолдаудың рөлі

«Ауыл шаруашылығы саласының дамуындағы мемлекеттік қолдаудың рөлі» тақырыбында Қызылорда облысының әкімі Қ.Е. Көшербаевтың қатысуымен өтетін интернет-конференция

  • Сұрақтар: 7
  • Жауаптар: 7
  • 17.05.2018, 10:00
  • 17.05.2018, 15:00
  • Қызылорда облысы әкімшілігі

Шагиртаев Даурен 17.05.2018, Сұрақ нөмірі: 7698

  • 0

Қайырлы күн, Қырымбек Елеуұлы! Облысымыздың мақтанышы болып табылатын күріштен жыл сайын рекордтық өнім жинап, шаруалар соңғы жылдары жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Бірақ, жыл сайынғы проблема, ол су тапшылығы болып келетін. Алайда, өткен жылы дариядағы су мөлшері көп болғаны белгілі, ал биылғы жылы су көлемі қандай болмақ, жеткілікті ме? Сондай-ақ, биылғы жылы орналасатын күріш егісінің көлемі туралы да білгім келеді.

Қызылорда облысы 17.May.2018, 13:23

Қайырлы күн! Өте орынды сұрақ! Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға 4,2 млрд. текше метр су лимиті бөлінуде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстар комитетінің 2018 жылғы 29 сәуірдегі мәліметі бойынша қазіргі кезде Шардара су қоймасына жоғары ағыстан секундына 447 текшеметр су тасталса, төменгі ағысқа секундына 400 текшеметр су жіберілуде. Қоймадағы су көлемі 4,7 млрд. текшеметр. Сондай-ақ, Көксарай су реттегішінде бүгінгі күні 2,2 млрд. текшеметр су жиналып, төмен қарай секундына 400 текше метр су жіберілуде. Бүгінгі күні Шардара мен Көксарайда барлығы 6,9 млрд. текше метр су жиналып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 840 млн. текше метрге кем. Дегенмен, осы жиналған су көлемі ағымдағы жылға межеленіп отырған ауылшаруашылығы дақылдарын тұрақты суармалы сумен қамтамасыз етуге толық мүмкіншілік береді деп болжануда. Сонымен қатар, егін егу және күтіп баптау кезіндегі қажетті су мөлшерімен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп, үнемі бақылауға алынатын болады. Ал енді егіс көлемі туралы айтар болсам, облыс бойынша 2018 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес, барлығы 177,1 мың гектар жерге егiс егу межеленуде. Оның ішінде негізгі дақыл күрiштің көлемі 81,1 мың гектарды құрайды.