Аймақтағы құрылыс және сәулет саласының дамуы

«Аймақтағы құрылыс және сәулет саласының дамуы» тақырыбында Қызылорда облысының әкімі Қ.Е. Көшербаевтың қатысуымен өтетін интернет-конференция

  • Сұрақтар: 5
  • Жауаптар: 5
  • 14.09.2018, 10:00
  • 14.09.2018, 15:00
  • Қызылорда облысы әкімшілігі

Ахметжан Қымбат 14.09.2018, 10:21, Сұрақ нөмірі: 7907

  • 0

Құрметті Қырымбек Елеуұлы! Қаламыздың бас жоспарына сәйкес өңіріміздің сол жағалауын дамыту кезеңі жүзеге асырылуда. Осы ретте, сол жағалаудың игерілуі мен ондағы құрылыс нысандарының бой түзеу жұмыстары, жаңа бастаманың негізгі жобасы турасында айта отырсаңыз.

Қызылорда облысы 14.September.2018, 10:47

Сәлеметсіз бе! Сұрағыңызға рахмет. 2017 жылы Елбасымыз өз Жолдауында ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынды. Оның ішінде экономиканың толыққанды драйвері ретінде құрылыс секторын одан әрі дамытуды міндеттеді. Біз Астанаға қарап, бой түзеуді мақсат еттік. Оның озық тәжірибесін қолданып, қаламыздың сәулеттік келбетін жақсартуға сүбелі үлес қосудамыз. Осының нәтижесінде бүгінде Қызылорда облысында құрылыс саласы жетіліп, кемелденді. Оның бір айғағы – біз Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес 2017 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы аумақты кешенді түрде игеруді бастадық. Сол жағалаудағы аумақ - бұл 1532 гектар жер телімі, оның 367 гектары рекреациялық аймаққа, 537 гектары тұрғын үй құрылысына, 190 гектары сауда-саттық, офистік және басқа да ғимараттарға, 270 гектары әлеуметтік инфрақұрылымдарға қарастырылған. Жобаға сәйкес сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан тұрады, оның 11-і тұрғын аудандар болса, 1-еуі индустриялық аймақ және 3-еуі ірі парк пен бульварлар болып табылады. Жобадағы негізгі шешімдерге сәйкес сол жағалауға шығу шарттары 2017-2025 жылдар аралығына қарастырылған. Бұл кезеңде сол жағалауда қоныстанған халықтың санын 51,0 мыңға жеткізу көзделіп отыр (аумағы 500 га). Ал, келешекте сол жағалаудағы аумақта, егерде ол толықтай игеріліп, оған негізінен көп қабатты тұрғын үйлерді салған жағдайда 154,0 мың адамды қоныстандыруға мүмкіндік бар. Жоғарыда аталған жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында бекітілген жоба бойынша сол жағалаудың инженерлік инфрақұрылымы мен көше-жол торабын дамыту, сондай-ақ жағалауды бекіту мақсатында техника-экономикалық негіздемелер мен жоба-сметалық құжаттамалар әзірленіп, бекітілді. Осы құжаттамаларға сәйкес сол жағалауда бірінші кезек бойынша игерілетін аумақта 5 қабатты 18 тұрғын үй (770 пәтер), 320 орындық балабақша, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің ғимараты (мұражай), «Жастарға қызмет көрсету орталығы», «Болашақ» университетінің бас ғимаратының, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым (ауыз су, кәріз, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау желісі) және көше-жол торабының құрылыстары, жағалауды бекіту жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, сол жағалаудағы аумақта 4 арендалық және 4 несиелік тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Шіркейлі» каналының үстінен салынатын көпірдің құрылыстарын бастау жоспарлануда. Сол жағалаудағы аумақта әлеуметтік нысандардың, неке сарайының, отбасылық медициналық орталықтың жобалары әзірленуде. Алдағы уақытта сол жағалаудағы аумақта мемлекет бюджетінің, сондай-ақ басқа да қаржы көздерінің есебінен сауда, ойын-сауық, бизнес нысандарын жүргізу көзделуде.