Аймақтағы құрылыс және сәулет саласының дамуы

«Аймақтағы құрылыс және сәулет саласының дамуы» тақырыбында Қызылорда облысының әкімі Қ.Е. Көшербаевтың қатысуымен өтетін интернет-конференция

  • Сұрақтар: 5
  • Жауаптар: 5
  • 14.09.2018, 10:00
  • 14.09.2018, 15:00
  • Қызылорда облысы әкімшілігі

Балтабек Айнұр 14.09.2018, 11:14, Сұрақ нөмірі: 7908

  • 0

Сәлеметсіз бе? Қазіргі уақытта, қаламыздың бас жоспарына өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыстары туралы айтып өтсеңіз

Қызылорда облысы 14.September.2018, 11:43

Құрметті Айнұр Балтабек! Сұрағыңыз өте ауқымды. Қызылорда қаласының бас жоспары 2007 жылы әзірленіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 шілдедегі №1087 қаулысымен бекітілді және қолданысқа енгізілді. Қаулыға сәйкес бас жоспар келесі жобалық кезеңдермен қабылданды: - бастапқы кезең – 2007 жыл; - бірінші кезек – 2013 жыл; - есепті кезең – 2025 жыл. Соңғы бес жылдықта Қызылорда қаласының бас жоспары бойынша қабылданған жобалық шешімдер кезең-кезеңмен жүзеге асырылып, оның даму жағдайы едәуір өсті және құрылыс саласы қарқынды жүріп, қалада еңсесі биік ғимараттар көптеп бой көтерді. Сонымен қатар, бас жоспарға сәйкес қаланың сыртқы көлік (әуе, темір жол, автокөлік) торабын дамыту бағытынды бірқатар шаралар атқарылды. Көше-жол торабын және инженерлік көлік құрылыстары, сондай-ақ, қаланың жылжымалы автопарк құрамы жетілдірілді. Автокөлікке май құю станциялары торабын және көлікке техникалық қызмет көрсету саласы дамыды. Темір жол үстінен жол өткелі салынды. Қалалық автобус паркін ұлғайту, жаңалау және салу, жаңа автобус бағыттарын ашу жөніндегі жұмыстар жүргізілді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің салынуы қамтамасыз етілді. Қаланың қалыптасқан функционалдық аймақтары сақталды және қоғамдық орталық жүйелерінде жасыл желектер отырғызу, өнеркәсіп аймақтарында экологиялық жағынан таза өндірістерді орналастыру жөніндегі шаралар атқарылды. Сырдария өзенінің рекреациялық аймағын дамытуға және оның жайылмасын абаттандыруға баса назар аударылды. Қала келбетін қалыптастыруға әсер ететін басты басымдық ретіндегі өзеннің маңыздылығы ескеріліп, Сырдария өзенінің оң жағалауы абаттандырылды және автокөлік жолы салынды. Онымен қоса, Қызылорда-Жезқазған бағытында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа аймақ ашылды, сондай-ақ Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары да кешенді түрде қолға алынды. Сырдария өзенінің оң жағалауы мен сол жағалауын байланыстыратын көпірдің іске қосылуы қамтамасыз етілді. Қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды шаралар атқарылды. Қала табиғи газбен жүйелі түрде қамтамасыз етілді. Тұрғындар «Қызылжарма» жер асты суларын пайдалануға көшті. Жаңа жылу, ауыз су, электр, кәріз магистралдық құбырларын салу, олардың жекеленген учаскелеріндегі жүктемені азайту және қуаттылығын күшейту жөніндегі жұмыстар атқарылды. Жалпы, бас жоспарға сәйкес бірінші кезең бойынша атқарылатын жұмыстар қала бойынша жүйелі түрде жүргізіліп, халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту және шаруашылық-экономикалық, қала құрылыстық кешеннің бірыңғай дамуын үйлестіру мақсатындағы игі шаралардың жүзеге асырылуы қамтамасыз етілді. Дегенмен де, бүгінгі таңда, республика бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың, атап айтқанда: "Қазақстан-2050" Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты, «Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасының 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы», «Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық дамуы» және «Нұрлы жер» инфрақұрылымдарды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағын дамытудың бас схемасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, республиканың стартегиялық мақсаттары мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары қайта қаралды. Осыған байланысты, Қызылорда қаласының шаруашылық-экономикалық, қала құрылыстық және басқа да салалардағы кешендерді қайта қарап, бас жоспардың есепті кезеңіне тиісті түзетулер енгізу қажеттілігі туындады. Бұл мақсатты орындау мақсатында облыстық бюджеттен 2018 жылға қажетті көлемде қаржы бөлініп, бас жоспарға өзгерістер енгізу қамтамасыз етілді. Бұл өзгерістер (түзетулер) қаланың есепті кезеңге дейінгі (2025 жыл) дамуын қайта белгілеп, қала маңындағы аймақтарды және қала ықпал ететін аймақтарды дамытудың қала құрылыстық стратегиясы мен аумағы бойынша жаңа шешімдер қабылдау, халықты жұмыспен қамту жөнінде тиісті ұсыныстар беру, тұрғын үй, өнеркәсіптік-коммуналдық аймақтар, әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектілер құрылысының нақты көлемдерін айқындау, табиғи және антропогендік, техногендік құбылыстар мен процестердің әсер етуінен қорғану жөніндегі шараларды, халықтың табиғи өсімі мен көші-қон процесін жүйелі түрде жүргізу, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның дамуын әрі қарай жоспарлау қажеттілігін айқындайды. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі №242 заңының 24 және 25-баптарына сәйкес бас жоспардың жобасын (өзгерістер енгізілген жобасын) Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуіне ұсыну алдында ол жергілікті өкілді органдардың (облыстық және қалалық мәслихаттары) қарауына ұсынылып, мақұлданды. Қазіргі таңда, бас жоспардың жобасы Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуге ұсынылды.