Мемлекеттік қызметке іріктеу, түсу және өткеру, сондай-ақ персоналды мотивациялау және дамыту мәселелері
«Мемлекеттік қызметке іріктеу, түсу және өткеру, сондай-ақ персоналды мотивациялау және дамыту мәселелері» тақырыбында интернет-конференция өтеді. Пайдаланушылардың сұрақтарына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары А.А.Шайымова жауап беретін болады.
- Сұрақтар: 21
- Жауаптар: 21
- 05.04.2019, 15:00
- 05.04.2019, 17:00
- ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
Балгожин Рустем 05.04.2019, 15:01, Сұрақ нөмірі: 8297
Мен Ақмола облысы, Қорғалжын аудынында дүниеге келдім және сол жерде туып өстім. Мен Астана қаласында жоғары білім алып, қазіргі таңда Астана қаласынын шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық Мемлекеттік Кәсіпорындардың бірінде еңбек етіп келемін (мемлекеттік қызметкер емеспін). Nur Otan партиясының 18-съезінде Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ауылды дамыту жөнінде Үкіметке тапсырған бірнеше тапсырмалары оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» атты жобасы көңілімізден шықты.
Мал шаруашылығы, онын ішінде бие сауып қымыз дайындау, сиыр сауып сүт өнімдерін алу, атадан балаға мұра болып келе жатқан кәсібіміз. Ендігі кезекте осы кәсібімізді Заңды тұлға ретінде тіркеп, жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік сатып алуға қатысып кәсібімді одан әрі дамытқым келеді. Осығын байланысты, Сіден мемлекеттік елтаңба бейнеленген бланкіде менің шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық Мемлекеттік Кәсіпорнында жұмыс істей отырып, кәсіпкер болып тіркеліп, отбасымызбен осы кәсібімізбен айналысуға рұқсат етілгені жөнінде түсіндірме беруіңізді сұраймын.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 05.April.2019, 16:20
Қайырлы күн, құрметті Балгожин Рустем! Сұрағыңызға рахмет. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 13-бабында мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға және оларға теңестірілген адамдарға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынады. Республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда ондай адамдарға, басқарушылық функцияларды орындайтын, атап айтқанда тұрақты, уақытша не арнайы өкілеттік бойынша ұйымдық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдар жатады. Ұйымдық-өкімдік функциялар деп – ұжымды жалпы басқару, кадрларды іріктеу мен орналастыру, бағынысты адамдардың еңбегін ұйымдастыру және бақылау, көтермелеу және тәртіптік жаза қолдану шараларын қолданудан көрінетін, тәртіпті қолдау жатады. Әкімшілік-шаруашылық функциялар деп – толық материалдық жауаптылық жүктелген адамдардың берілген өкілеттіктер шеңберінде мүлікті, оның ішінде ұйымның балансындағы және банк шоттарындағы ақшаны басқару және оған билік ету жөніндегі қызметті жүзеге асыруы түсініледі. Осыған орай, егер Сіз мемлекеттік кәсіпорында басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға жатсаңыз кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайсыз.