2019 жылы ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар
«2019 жылы ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар» тақырыбында Қызылорда облысының әкімі Қ.Д.Ысқақовтың қатысуымен өтетін интернет-конференция
- Сұрақтар: 7
- Жауаптар: 7
- 26.09.2019, 10:00
- 26.09.2019, 17:00
Сәулебеков Талғат 26.09.2019, 11:56, Сұрақ нөмірі: 8653
Қайырлы күн, Қуанышбек Досмайылұлы! Ертеректе Қызылорда облысында өсірілетін қауынның әлеуеті аса жоғары бағаланды. Дәмі бал татыған тәтті қауындарды тіпті Кеңес Одағының елдеріне алып кететін. Білгім келмегі, енді сол Сыр елінің күрішімен даңқы бірге шыққан қауынды қайта қолға алуда облыста қандай шаралар атқарылуда?
Қызылорда облысы 26.September.2019, 13:36
Дұрыс айтасыз, аймағымызда қауын дақылы егілетіндігі туралы мәліметтер тек Кеңес үкіметі тұсында ғана емес, сонау ХІІ ғасыр жазбаларында кездеседі. Біздің жердің топырақ және климат жағдайы бақша өсіруге аса қолайлы болып саналады. Сондықтан біздің аға ұрпақ осы құбылысты дұрыс бағалай біліп, бірнеше ғасырдан бері қауын егіп оның игілігін көріп келді. Жергілікті жерде күні бүгінге дейін халық игілігіне пайдаланып келген Әңгелек, Басыбалды, Торлама, Күлябі секілді қауын түрлері Сыр қауынының атағын шартарапқа паш етіп келді. Атап өту қажет, тоқсаныншы жылдары Одақ тараған соң, қауынды экспортқа шығаруда қиындықтар туындағаны белгілі. Дегенмен, соңғы жылдары облыста бақша дақылдарын егуге жаңа бетбұрыс жасалынып, бақша дақылын өндірістік негізде өсіруді қолға алуда. Биылғы жылы жергілікті жерде агроөнеркәсіп кешеннің дамыту үшін жасалынған «Агрокартада» бақша өнімдерінің экспорттық әлеуетін жақсарту қарастырылды. Осыған байланысты, облыста экспортқа бағытталған қауын, қарбыз сорттарын өндіріске енгізу жұмыстары қолға алынды (жергілікті сорттар; «Жиенбай», «Мырзашөл». Голландық сорттар; «Амарелло», «Пьел де сапо», «Галия»). Ағымдағы жылы, бақша дақылдарын өндірістік негізде егу көлемін 7,7 мың гектарға жеткізіліп отыр. Қорыта айтқанда, бақша өнімдерін табысты салаға айналдыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта үнемі назарда болады.