Тегін заң көмегін алуға қатысты азаматтардың конституциялық құқықтары

ҚР Конституциясының 13-бабына сәйкес әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі. Өз кезегінде, адвокаттар «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңында белгіленген тәртіпте мемлекет кепілдік беретін заң көмегін көрсетеді. Сонымен бірге, адвокаттар әлеуметтік жауапкершілікті іске асыру нысандарының бірі болып табылатын және ерікті түрде жүзеге асырылатын кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсете алады.

  • Сұрақтар: 7
  • Жауаптар: 7
  • 05.03.2020, 10:00
  • 05.03.2020, 18:00

Рыспек Назгүл 05.03.2020, 14:59, Сұрақ нөмірі: 9126

  • 0

Мен әлеуметтік қауқарсыз (осал) топқа жатпаймын. Әкімшілік іс бойынша тегін адвокатты талап ете аламын ба?

ҚР Әдiлет министрлігі 05.March.2020, 15:14

Қайырлы күн! Сұрағыңызға рахмет! Әкімшілік іс бойынша әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам қорғаушыны талап етіп өтiнiшхат жасаған кезде оған тегін адвокат беріледі. Сонымен қатар, әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам дене немесе психикалық кемiстiктерiне орай өзiн қорғау құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмаса; iс жүргiзiлiп жатқан тiлдi бiлмесе, кәмелетке толмаған адам болып табылса, қорғаушының қатысуы мiндетті. Бұл ретте, судья, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган iс жүргiзудiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi және бұл туралы қаулы шығарады. Қаулы тиісті өңірдің аумақтық адвокаттар алқасына жіберіледі және ол жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімде орындалуға жатады.