Елдегі төтенше жағдайдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері туралы
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) интернет-конференциясы
- Сұрақтар: 10
- Жауаптар: 10
- 15.04.2020, 10:00
- 15.04.2020, 13:00
Кыдырбаева Зауре 15.04.2020, Сұрақ нөмірі: 9201
Салеметсіз бе Төраға! Мендегі сұрағым, мектепте оқитын балаларымыздан мұғалімдері әртүрлі себептерді айтып 300-500 теңгеден жинап жатады. Ол бір рет емес, оқу жылында бірнеше рет қайталанады. Мұғалімге айтсаң завуч дейді, завуч директорға жабады. Бұған қалай тоқтам қоюға болады?
Екінші сұрақ, жұмысқа кіретін кезде ақша сұрайды, кемінде 500-600 мың. Егер, ақшаны бермесең, "изгойға" айналасың, аталған жағдаймен күрес қалай жүріп жатыр? Қазіргі таңда, Сыбайлас жемқорлық індетін жоюда қандай кедергілер бар?
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) 15.April.2020, 21:35
Құрметті Зауре! Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы қылмыстарды анықтау бойынша бірқатар жұмыстар жүргізуде. 2019 жылдың қорытындысы бойынша білім саласының қызметкерлеріне қатысты 187 қылмыстық іс тіркелді. 164 қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, 143-і сотқа жолданды. Аталған қылмыстар бойынша 58 тұлға сотталды. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген шығын сомасы – 551 175,5 мың. теңге, соның ішінде 301 759 мың. теңге өтелді. Талдауға сәйкес, білім беру саласындағы жемқорлыққа барынша бейім өңірлер: Атырау облысы - 54, Шығыс Қазақстан облысы - 26, Қызылорда облысы - 23, Жамбыл облысы - 22 және Түркістан облысы - 13 факт. Көп жағдайда мектеп директорлары, білім басқармалары мен білім бөлімдерінің басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылады (жұмысқа орналастыру үшін пара алу, бюджет қаражатын жымқыру және лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану үшін). Сонымен бірге, арызыңызда білім беру саласындағы заң бұзушылықтардың нақты қай мекемеде орын алғандығы туралы баяндалмаған. Осыған орай, Сізден нақты фактілерді, оқиғаны және қылмыстық заңнамамен көзделген қылмыс құрамының белгілерін, яғни уақытын, орнын, тәсілін және оны жасаудың басқа мән-жайларын көрсетуді сұраймыз. Егер жемқорлық фактісі туралы жасырын хабарлағыңыз келсе, менің жеке электрондық поштама: alik.shpekbayev@gmail.com хат жолдауыңызға немесе Агенттіктің тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 Call-орталығына хабарласуыңызға болады. Белсенді азаматтық ұстанымыңызға ризашылық білдіреміз.