Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы
"Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" тақырыбына Интернет-конференция. Пайдаланушылардың сұрақтарына ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Ахметов Азамат Қуатұлы жауап береді.
- Сұрақтар: 19
- Жауаптар: 19
- 04.06.2020, 09:00
- 04.06.2020, 17:00
Әсімхан Бекжан 04.06.2020, 13:29, Сұрақ нөмірі: 9384
Құрметті, Азамат Қуатұлы. Алдымен, талай жыл Қазақстанның қаржы саласында тер төгіп, Мемлекеттік кірістерді бақылауда барыңызды салғаныңызға, ел экономикасы үшін маңызды, әрі ауқымды жобаларды жүзеге асырғаныңызға алғысымды білдіргім келеді. Қазір де сіз басқарып отырған ұжымның көтеріп, ұсынған заң жобасы өте өзекті және дер кезінде қозғалған мәселе деп білемін. Жасыратыны жоқ, бұған дейін тұтынушының құқығын қорғау мәселесіне келгенде кемшіл тұстарымыз көп болды. Мәселен, сатушы мен сатып алушының немесе қызмет көрсетуші мен тұтынушы арасындағы қатынастың нақты заңмен реттелмеуі, болса да, түгел қамтылмауы, арызданушының талап-тілегін тыңдап, іспен тиянақты айналысатын арнайы орталықтың болмауы – қарапайым халық құқығының өз деңгейінде қорғалмай келгенінің дәлелі болды-ау деп ойлаймын. Елді елең еткізген осы заң жобасының ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз. Жақын арада Тұтынушының құқығын қорғау саласында қандай өзгерістер болады?
Әсімхан Бекжан Сабыржанұлы – «Қазақстан» ұлттық телеарнасы, «Ашық алаң» саяси-қоғамдық бағдарламасының журналисі
ҚР Сауда және интеграция министрлігі 04.June.2020, 16:49
Пікіріңізге және сұрағыңызға рақмет, Бекжан Сабырұлы! Менің мансабымдағы жұмысыма оң баға бергеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Бүгінгі таңда, Комитетпен тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасы әзірленді. Ол қазір Парламент Сенатының қаралуында. Заң жобасы: - халыққа тұтынушылар құқығын қорғаудың тұтас және тиімді жүйесін қалыптастыруға; - уәкілетті органның, оның ішінде тиісті салаларда тұтынушылардың құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі рөлін күшейтуге; - үкіметтік емес ұйымдарды институционалдық күшейтуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың көп деңгейлі жүйесіне белсенді тартуға, сондай-ақ оларды қолдауға бағытталған. Атап айтқанда, Заң жобасымен шағымдарды қараудың үш деңгейлі механизмі енгізіледі. Сонымен қатар, шағымдарды қабылдаудың «бір терезе» қағидаты бойынша Бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу, Үкімет жанындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңесті құру ұсынылады. Сондай-ақ, уәкілетті органға мемлекеттік бақылау функциясын беру көзделіп отыр. Яғни: - тұтынушылардың шағымдарын елемеу; - тұтынушыларға олардың бұзылған құқықтарын қорғау мүмкіндіктері туралы хабарламау; - тауарды уақытылы алмастырмау немесе қайтармау сияқты бұзушылықтар үшін кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Бұдан басқа, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне қоғамдық бақылау жүргізу бойынша құзыреті беріледі. Қоғамдық бақылауды жүргізу тәртібі мен негіздері Заң жобасымен регламенттелген.