«Облыстағы тілдік ахуалдың жай-күйі»
«Облыстағы тілдік ахуалдың жай-күйі» тақырыбында интернет-конференция.
- Сұрақтар: 2
- Жауаптар: 2
- 05.06.2020, 10:00
- 05.06.2020, 16:00
Аскербек Саят 05.06.2020, 10:20, Сұрақ нөмірі: 9413
Менің білгім келетіні қазіргі таңда өңіріміздегі тілдік ахуалдың жай-күйі қалай?
Алматы облысы 05.June.2020, 11:06
Қайырлы күн! Сұрағыңызға рақмет! Тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қоғамымызда тіл туралы оңды көзқарас қалыптасып отырғаны баршамызға белгілі. Биыл Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Өңірімізде бұл бағдарламаны іске асыру жөнінде іс шара әзірленіп, қаулымен бекітілді. Осыған орай мемлекеттiк тiлдi және басқа тiлдердi дамытуға бағытталған іс шараларды ұйымдастыру, «Қазақстан Республикасының тiл туралы» Заң талаптарының сақталуын бақылау, деректемелер мен көрнекі ақпаратты ретке келтіру, облыстық ономастика комиссиясының қызметiн қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылғы Жолдауында: «Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!». Еліміздегі этностық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» - деп мемлекеттік тілдің маңыздылығы мен ұлтаралық біріктіруші фактор екенін атап көрсетті. Биылғы жылы этнос жастары арасындағы «Абай оқулары» онлайн түрде өтті. Бұл сайыста этнос жастары ұлы ақын шығармаларын жаттау арқылы қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөз қорын Абай шығармашылығы арқылы терең түсінуге мүмкіндік алды. Қазақтың ұлттық киім үлгісін кию арқылы ортақ Отанға деген махаббат пен қазақы рухты бойларына сіңірді. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге арналған шаралар да тұрақты өтуде. Шаралардың қатарында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні қарсаңында «Бір өлеңі – бір әлем» атты әдеби-сазды кеш, қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі әліпбиін жетілдіру бойынша ашық талқылау жиындары, «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты дөңгелек үстел, Жұматай Жақыпбаевтың 75 жылдық мерейтойына орай «Жырлайды жүрек» облыстық ақындар мүшәйрасы, «Анамның тілі – айбыным менің» атты публицистикалық шығармалар байқауы, жыл сайын облыс әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесі үшін дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Тіл-ғұмыр» қаламгерлер байқауы. Сондай-ақ, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Ақпараттық коммуникациялық технология дағдыларын оқыту үдерісіне ықпалдастыру» вебинар-практикумда қашықтан оқыту кезінде интернет платформаларымен жұмыс жасау және оны тәжірибеде қолдану жөнінде дәріс берілді. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде қазақ тілін латын графикасына көшіруге байланысты ұйымдастыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде.