"Шағын және орта кәсіпкерлік саласының тоқыраудан кейін жандану барысы туралы"
"Шағын және орта кәсіпкерлік саласының тоқыраудан кейін жандану барысы туралы" тақырыбында Қызылорда облысының әкімі Г.Н.Әбдіқалықованың қатысуымен өтетін интернет-конференция
- Сұрақтар: 7
- Жауаптар: 7
- 15.07.2020, 10:00
- 15.07.2020, 17:00
Омаров Аждат 15.07.2020, 10:27, Сұрақ нөмірі: 9473
Құрметті Гүлшара Наушақызы! Елімізде коронавирус індетіне қарсы жүргізілген карантин шаралары мемлекетіміздің экономикасына теріс ықпалын тигізді.
Әсіресе, отандық бизнеске ауыр соққы болды. Осы орайда, карантин кезеңінде зардап шеккен кәсіпкерлерге қаржылай қолдау шаралары қаралған ба?
Қызылорда облысы 15.July.2020, 10:42
Сұрағыңызға рахмет! Ия, расымен, биылғы жылы бүкіл әлем жұртшылығы коронавирус пандемиясынан сын-қатерге толы уақытты бастан өткізуде. Бұл індеттің таралуына жол бермеу мақсатында елімізде шұғыл шаралар жүзеге асырылып, тұрғындарға және бизнеске қолдау көрсету мақсатында дағдарысқа қарсы нақты шаралар қабылданды. Оның ішінде, Үкімет бизнесті қолдау және қаржыландырудың қол жетімділігін арттыру, кепілдіктер беру мақсатында бірқатар бағдарламаларға өзгерістер енгізді. Елімізде отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында іске асырылып жатқан «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасы аясында инвестициялық мақсатқа қаралған қаражатты 1 трлн. теңгеге дейін ұлғайтып, айналым құралдарын толтыруға 600 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлді. Бағдарламалар аясында инвестициялық бағытқа қаралатын қаражаттар кәсіпкерлерге субсидиялар беру есебінен 6 пайызбен, ал айналым қаражаттарын толтыруға бағытталатын қаражат 8 пайызбен екінші деңгейлі банктер және "Аграрлық несие корпорациясы" арқылы ұсынылуда. Мұндай жеңілдік түрі тұрақты бизнес үшін де, бизнесі жаңадан басталған кәсіпкер үшін де «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қарастырылған. Яғни, шағын және орта бизнес өкілдерінің «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасының талаптарына сәйкес банктерден алынған несие қаражатының пайыздық мөлшерлемесі Бағдарлама аясында субсидияланып, кәсіпкер несиені 6 пайызбен төлейтін мүмкіндік алды. Айта кету қажет, жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және кәсібін жаңа бастаған азаматтарды қолдау Үкімет назарынан тыс қалған жоқ. Олар үшін де Үкіметпен Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламалар аясындағы қаражаттар бизнеске екінші деңгейдегі банктер мен қаржы ұйымдары арқылы ұсынылатындықтан, олардың кәсіпкерлерден несиені алу үшін кепілдікке жылжымайтын мүлікті талап етуі таңсық емес. Әрине, несие алу үшін талаптарды кәсіпкерлердің барлығы бірдей орындай алмайды. Бұл жағдайда Үкімет ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін 85 пайызға дейін, ал жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер үшін 50 пайызға дейін несиелерге ішінара кепілдік беруді қарастырды. Тиісті қолдау шараларын алу үшін мемлекет тарапынан қомақты қаражаттар бөлінген. Бұдан бөлек, өңірлік деңгейде 2023 жылға дейін Қызылорда облысын экономикалық дамыту жоспарын іске асыру үшін арнайы Жол картасын әзірледік. Баршамызға белгілі облыс нарығындағы өнімдердің 90 пайызын сырттан келген, яғни экспортталған өнімдер құрайды. Бұл өңірімізде өндіріс саласының тиісті деңгейде дамымағандығын көрсетеді. Бұл ретте, Жол картасында 270-ке жуық жобаны іске асыру көзделуде. Олар негізінен тамақ өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, мал терісі мен жүнін өңдеу секілді салаларды қамтиды. Бүгінгі күннің өзінде жалпы құны 24 млрд. теңге болатын 95 жоба жүзеге асырылуда. Әрине, осы жобаларды іске асырып, жаңа өндіріс көздерін ашқан сәтте, өнімдерді қайда өткіземіз деген сұрақ туындайды. Біз бұл мәселенің де алдын-алып жатырмыз. Яғни, "Байқоңыр" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" жанынан облыста өндірілген өнімдерді қабылдайтын дистрибьютерлік орталық құрамыз. Кәсіп жасау оңай шаруа емес. Ең бастысы ерінбей жұмыс жасау қажет. Оған күндер, айлар, жылдар керек. Сондай-ақ, білім алуға аса мән беріңіздер. Қазіргі уақытта экономиканың түрлі салаларында жобаларды іске асыру үшін технолог, IT-саласындағы мамандар оқытылуда. 2018-2019 жылдары Ресей мемлекетінің жоғары оқу орнын облыстың 181 жас түлегі бітіріп келді. Оның бүгінгі күні 33-і еліміздің өзге өңірлерінде жұмыс жасап жатыр. Сіздерге осы жас мамандарды бизнестеріңізді дөңгелету үшін жұмысқа алуды ұсынамын. Қазіргі таңда, облыс бойынша "Шалқия Цинк ЛТД", "Таң ЛТД", "Абай Даулет", "ORDA GLASS LTD" және "СКЗ-U" секілді компаниялар Ресейден келген жас мамандарды жұмысқа тартуда. Бұның барлығы өңірімізде шағын және орта бизнестің дамуына қосымша серпін береді. Осы бағдарламалар аясында қолдау шаралары бойынша толық кеңес алу үшін "Бизнеске арналған Үкімет" бірыңғай сервис орталығына жүгінуді ұсынамын. "Бизнеске арналған Үкімет" аясында кәсіпкерлерге арналған барлық мемлекеттік қолдау шаралары, мемлекеттік қызметтер "бір терезе" қағидаты негізінде орталықтандырылған түрде бір жерден көрсетіледі. Оған қоса, бұл секторда облыстық деңгейде қызметін іске асырып жатқан облыстық кәсіпкерлік және туризм, индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармалары, екінші деңгейдегі банктер мен қаржы ұйымдарының филиалдары, "Байқоңыр" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, сондай-ақ қала және аудан әкімдіктері бар. Бизнеске қатысты мәселелер туындаған жағдайда қажетті ақпараттарды аталған мекемелерге жүгіне отырып, алуға болатындығын атап өтемін.