Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы

Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі «Халық үніне құлақ асатын», тиімді, есеп беретін, кәсіби және прагматикалық мемлекет қағидаттарына негізделетін болады. Қағидаттар мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі қырларын, маңызды сипаттамаларын көрсетеді және мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруда, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерді қабылдауда бағдар ретінде қызмет етуге арналған. Тұжырымдаманың міндеттерінің бірі оңтайлы және тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру болып табылады. Мемлекеттік аппаратты одан әрі жетілдіру мемлекеттің рөлі мен функцияларын, ал онымен бірге бүкіл мемлекеттік аппараттың құрылымы мен көлемін қайта ойластыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Бүгінде оңтайлы және тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мақсатында мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін орталықсыздандыру жолымен әкімшілік реформа бойынша жұмыс жүргізілуде. Әкімшілік реформаның бірінші кезеңінде мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруды және мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылтуды көздейтін «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Анықтама ретінде: заңдармен Үкіметтің 500-ге жуық функциясы орталық мемлекеттік органдарға беріледі, жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері кеңейтілді (21 функция), сондай-ақ бюрократиядан арылту мақсатында заңнамалық актілерден 364 функция алынып тасталды. Бүгінгі таңда Министрлік ЖАО өкілеттіктерін кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруда, оның шеңберінде 200-ден астам функциялардың алдын ала қалыптастырылған тізбесінің жобасы бойынша, оның ішінде 100-ге жуық функцияларды аудандық әкімдерге берумен мемлекеттік органдардың тыңдаулары өтуде. Бұл жұмыс жергілікті атқарушы органдардың жаңа функцияларды орындауға дайындығын, оның ішінде штат саны мен қаржылық, материалдық-техникалық қажеттілікті ұтымды қайта бөле отырып, кешенді түрде жүргізіледі. Мемлекеттік басқару жүйесін қайта жаңғырту мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырудағы кезекті қадам болады және басқарудың оңтайлы және тиімді құрылымын қалыптастыруға алып келеді, оны дамыту үшін Үкімет қана емес, сонымен қатар орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен барлық деңгейлердегі өңірлердің әкімдері де жауапты болады. Бұдан басқа, бұл жұмыс реттелетін салаларда шешім қабылдауда және жергілікті жерлерде мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруға, мемлекеттік органдардың икемділігін, жеделдігі мен дербестігін күшейтуге мүмкіндік береді.

  • Сұрақтар: 0
  • Жауаптар: 0
  • 190
  • 30.10.2023, 09:00
  • 30.10.2023, 17:00
  • ҚР Ұлттық экономика министрлігі
Бірде бір сұрақ жоқ