Павлодар облысының мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдау туралы

Павлодар облысының мамандандырылған Білім беру ұйымдарына қабылдау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» № 564 бұйрығына сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады. Облыста барлығы 14 мамандандырылған мектеп бар, оның ішінде 8 мемлекеттік тілде оқытатын мектеп, 6 аралас тілде оқытатын мектеп. Ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап мамандандырылған білім беру ұйымына түсетін баланың ата-анасынан немесе өзге де заңды өкілінен конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау басталып, 15 сәуірге дейін жалғасады. Онлайн-тіркелу және құжаттарды қабылдау бірыңғай www.qabyldau.daryn.kz порталында өтеді, онда үміткердің ата-анасы немесе заңды өкілі белгіленген мерзімде тіркеуден өтіп, мынадай құжаттарды: 1) баланың ата-анасынан немесе өзге де заңды өкілінен өтініш; 2) ЖСН көрсете отырып, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесін; 3) үміткердің электрондық мекенжайын көрсете отырып, ұйымның мөрімен расталған фотосуреті бар оқу орнынан баланың анықтамасын; 4) баланың 3х4 көлеміндегі 2 дана фотосуретін; 5) халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататынын растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынады. Қабылданатын білім алушылардың жалпы санынан 15% мөлшерінде іріктелетін халықтың әлеуметтік осал топтарына: - мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын ауылдық жерден шыққан отбасының балалары; - ата-аналарының біреуі бірінші топтағы мүгедектігі бар отбасының балалары; - мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар; - жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; - отбасыларда тұратын жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; - төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балалар; - экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйінен айырылған отбасыларының; - мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті атқарған кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындалу немесе жүзеге асыру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасыларының балалары жатады. Мамандандырылған білім беру ұйымы: 1) «Мың бала» ауыл мектептерінің ұлттық зияткерлік олимпиада жеңімпаздары үшін 7-сыныпқа қабылданатын білім алушылардың жалпы санынан 10% мөлшерінде; 2) Осы Қағидалардың 18-1) тармағында көрсетілген халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 5, 6, 7, 8 және 10-сыныптарға қабылданатын білім алушылардың жалпы санынан 15% мөлшерінде квоталарды бекітеді. Конкурстық іріктеуді өткізу кестесі мамандандырылған білім беру ұйымдары мен «Дарын» орталығының интернет-ресурстарында конкурс басталғанға дейін 10 жұмыс күні бұрын орналастырылады. Үміткерлерді конкурстық іріктеу қорытындылары конкурстық комиссияның хаттамасымен ресімделеді және конкурстық іріктеу өткізілгеннен кейінгі келесі күннен кешіктірілмей «Дарын» орталығы мен мамандандырылған білім беру ұйымының интернет-ресурстарында орналастырылады.

  • Сұрақтар: 0
  • Жауаптар: 0
  • 74
  • 20.03.2024, 14:30
  • 20.03.2024, 18:00
  • Павлодар облысы
Бірде бір сұрақ жоқ