Адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация
Бүкіл әлемде жатыр мойны обыры (бұдан әрі – ЖМО) ең көп таралған қатерлі ісіктердің бірі болып табылады және әлемдегі барлық қатерлі ісіктердің құрылымында 13,1%-ға дейін алады. Әлемде жыл сайын 300 мыңға жуық әйел ЖМО-дан қайтыс болады. ЖМО-ның дамуы әйелдің адам папилломасы вирусын (бұдан әрі – АПВ) жұқтыруына байланысты екендігі ғылыми дәлелденген. ҚР-да ЖМО барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі екінші және репродуктивті жастағы (25-44 жас) әйелдердің сүт безі обырынан кейінгі өлімінің екінші себебі болып табылады. Қазақстанда жыл сайын ЖМО-ның 1900-ге жуық жаңа жағдайы / немесе күн сайын 5 жаңа жағдай тіркеледі, жылына 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады/ немесе күн сайын 2 әйел қайтыс болады. Бүгінгі таңда АПВ-ны жұқтырудың және ЖМО-ның дамуының алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация. Аурудың ауыртпалығын және АПВ-ға қарсы вакцинациялаудың тиімділігін ескере отырып, 135 ел бұл вакцинаны өздерінің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізді. АПВ-ға қарсы вакцина жатыр мойны обырынан және АПВ тудыратын басқа да онкологиялық аурулардан қорғайды. Осыған байланысты, «Қазақстан Республикасында адам папилломасы вирусына қарсы вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 11 қаулысы сәйкес республикада ағымдағы жылғы қыркүйектен бастап 11 жастағы қыз балаларды АПВ-ға қарсы жоспарлы тәртіппен вакцинациялау басталды. Сондай-ақ, 12-13 жастағы қыз балаларға толықтыра иммундау жүргізілуде. Еліміздің әрбір өңірінде АПВ-ға қарсы вакцинация вакцинаның облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың орталық қоймаларына жеткізілуі, оларды аудандар, медициналық ұйымдарға бөлу ескеріле отырып басталды. Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцинациялау үшін АПВ-ның 6, 11, 16, 18 түрлерінен қорғайтын «Мерк Шарп және Доум» (АҚШ) компаниясы өндірген 4 валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылуда. АПВ-ға қарсы вакцинаны сатып алуға мемлекеттік бюджеттен 9,7 млрд. қаржы бөлініп, 349,6 мың доза (екі реттік вакцинация кестесін ескере отырып) вакцина сатып алынды. Күнделікті негізде АПВ-ға қарсы вакцинацияның барысына мониторинг жүргізеді. Ағымдағы жылғы 22 қарашаға республика бойынша 83,7 мыңнан астам қыз бала егілді, оның ішінде 11 жастағы – 46,9 мыңнан астам бала, 12-13 жастағы – 36,8 мыңнан астам бала егілді. Егілген жағдайлардың арасында иммундаудан кейін қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. Вакцинация егу егілетін адамнан немесе ата-анасынан (заңды өкілдерінен) егу жүргізуге хабардар етілген келісім алынғаннан кейін ғана жүргізілетінін атап өткен жөн. Сондай-ақ, ата-аналардың қалауы бойынша вакцинацияны тіркелген жері бойынша емханалардан алуға болады. Жасөспірім қыздар арасында АПВ-ға қарсы вакцинациялау тиімді екендігі дәлелденді. Австралияда, АҚШ- та вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90% төмендеді. АПВ-ға қарсы вакцинация онкологиялық аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының ауыртпалығын азайтады және жалпы халықтың денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға және онкологиялық аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендетуге ықпал етеді.
- Сұрақтар: 0
- Жауаптар: 0
- 32
- 06.12.2024, 09:00
- 06.12.2024, 18:00
- ҚР Денсаулық сақтау министрілігі
Бірде бір сұрақ жоқ