Электрондық сауда тауарлары туралы: интернет-сатып алуларды кедендік әкімшілендірудің жаңа тәсілдері
Жаңа кедендік реттеу ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кедендік аумағында тұратын (орналасқан) жеке тұлғалар интернет желісін пайдалана отырып, шетелдік интернет-алаңдарда (дүкендерде) сатып алатын тауарларға қатысты енгізіледі, яғни, сатушы заңды тұлға, ал сатып алушы жеке тұлға (В2С) болып табылатын интернет-сатып алуға қатысты жаңа реттеу қолданылатын болады. Жоғарыда көрсетілген өзгерістер мен толықтырулар сыртқы электрондық сауда шеңберінде сатып алынған тауарларды оны реттеу ерекшеліктерін айқындай отырып, жеке санатқа бөлуді білдіреді. Бұл ретте электрондық сауда тауарларын сатып алушы-жеке тұлғаға жеткізудің екі тәсілі көзделеді. жеке тұлғалар сатып алған электрондық сауда тауарлары («тікелей жеткізу» деп аталатын-сатып алудың бұрыннан бар тәсілі); жеке тұлғаларға сатуға арналған электрондық сауда тауарлары (тауарды шетелдік интернет-алаңда сатып алу, ал оны ҚР аумағындағы оператордың қоймасынан алу, яғни «бонд қоймасы» қағидатын қолдану). Temu, AliExpress, iHerb және басқалары сияқты шетелдік маркетплейстерде жеке тұлғалар сатып алатын тауарларға арналған жаңа ережелер 2026 жылдың екінші жартысында күшіне енеді. Егер сатып алынған тауардың құны 200 еуродан аспаса, ешқандай өзгеріс болмайды: кедендік баждар мен салықтарды төлеудің қажеті жоқ; сәлемдеме бұрынғыдай жеткізіледі; кеден органдарына өз бетінше жүгіну талап етілмейді; сатып алушының атынан декларацияны электрондық сауда операторлары рәсімдейді. Шетелдік маркетплейстерден жеке тұлғалар сатып алатын тауарлар «электрондық сауда тауарлары» атты жеке санатқа жатқызылады. Электрондық сауда тауарларына арналған декларацияда әртүрлі жеке тұлғаларға тиесілі 999 тауар туралы мәлімет көрсетуге болады. Аталған декларацияны сатып алушылардың атынан кеден органдарына электрондық сауда операторлары ұсынады. Сонымен қатар салмақтық шек (31 кг) алынып тасталады. Ал бажсыз әкелу лимиті 200 еуро деңгейінде сақталады. Өзгерістер негізінен құны жоғары сатып алуларға қатысты болады. Егер тауар құны 200 еуродан асса: тауар құнының 5%-ы мөлшерінде кедендік баж; 16% мөлшерінде қосылған құн салығы (ҚҚС) төленеді. Есептеу мысалдары: 250 еуро – 12,5 еуро кедендік баж (шамамен 7 мың теңге) + ҚҚС; 500 еуро – 25 еуро кедендік баж (шамамен 14 мың теңге) + ҚҚС. Салыстыру үшін айта кетсек, қазіргі уақытта мұндай тауарларға бажсыз әкелу лимитінен асқан сомаға 15% мөлшеріндегі бірыңғай төлем (ҚҚС-пен қоса алғанда) қолданылады. Жаңа ережелер интернет-сауданы реттеуге және жеке пайдалану үшін сатып алынған тауар ретінде көрсетіліп, коммерциялық партиялардың әкелінуіне жол бермеуге бағытталған. Бұл өзгерістер ЕАЭО аумағында кедендік рәсімдеуден өтіп қойған және Wildberries, Ozon, Kaspi.kz сияқты жергілікті интернет-алаңдар арқылы сатылатын тауарларға қолданылмайды. Осылайша, жеке пайдалану үшін құны 200 еуроға дейінгі тауарларға тапсырыс беретін азаматтардың басым бөлігі үшін сатып алу және сәлемдемені алу тәртібі бұрынғыдай қалады. Еске сала кетейік, аталған пилоттық жоба Қазақстанда 2023 жылдан бастап іске асырылуда. Экспериментке «Қазпошта» АҚ, «DHL International Kazakhstan» ЖШС және жеке тұлғаларға тауар жеткізетін басқа да операторлар қатысты. Бүгінгі күнге дейін жеке тұлғалардың сәлемдемелерді алуында қандай да бір қиындықтар тіркелген жоқ.
- Сұрақтар: 0
- Жауаптар: 0
- 3
- 29.07.2026, 09:00
- 29.07.2026, 15:00
- ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті
Бірде бір сұрақ жоқ


