- Блогтар
- Балаева А.Ғ.
Балаева А.Ғ.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі
Азаматтық қоғам өкілдері зорлық-зомбылықты болдырмау мәселелерін талқылады
2020 жылғы 25 қарашада «Қоғам және мемлекет: серіктестік пен дамудың 30 жылы «Birgemiz» атты IX Азаматтық форум аясында Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күресінің халықаралық күнінде «Азаматтық қоғам зорлық-зомбылыққа қарсы» тақырыбында диалог алаңы өтті.
Іс-шараға ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Э. Әзімова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты И. Смирнова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Л. Рамазанова, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі А. Оралов, құқық қорғаушылар, ҮЕҰ басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, мектеп белсенділері арасынан оқушылар қатысты.
Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Б.Г. Нұрғазиева құттықтау сөз сөйледі.
«Отбасы - қоғамның негізі. Бүгінгі кездесу әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелерін шешу бойынша дұрыс тәсілдерді әзірлеу үшін ерекше маңызды», - деді спикер.
Іс-шараның модераторы Л. Рамазанова ресми статистика деректері бойынша ағымдағы жылдың 9 айында қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,4%-ға азайғанын, алайда отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар саны 2,5 есеге өскенін атап өтті.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының бастығы А. Оспанов атап өткендей: «Ең көп зорлық-зомбылық мас күйінде жасалады, агрессорлардың 80%-ы жұмыссыз. Зардап шеккендердің 45% - әйелдер, 30% - кәмелетке толмағандар. Ағымдағы жылы тұрмыстық құқық бұзушылықтардың өсуі көбінесе пандемия жағдайында халықтың оқшаулануына байланысты болды. Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін дағдарыс орталықтарына 9 мыңға жуық жәбірленуші әйел жүгінген».
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты И. Смирнова зорлық-зомбылыққа ықпал ететін себептерді зерделеу қажеттігі туралы айтты. «Мәжілісте қаралып отырған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасы отбасыдағы жағдайды жақсартуға, құқық бұзушылықтар деңгейін және агрессордың отбасы мүшелеріне әсер етуін төмендетуге бағытталған. Шараларды күшейту және қатаңдату әрдайым пайдалы бола бермейді», - деп атап өтті депутат.
Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы балалар блогері Валерий Кудрявцев өз пікірін білдірді: «Мектеп инспекторлары мен психологтар тарапынан балалармен достық қарым-қатынас орнату мәселесі пысықталып жатқан жоқ. Мен өз құрдастарымның арасында жүргізген сауалнамаға сәйкес, агрессорлар көбінесе үйде зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар. Біз еліміздің болашағымыз, сондықтан біздің құқықтарымызға қатысты заң жобаларын талқылау кезінде жасөспірімдер арасынан өкілдерді қосуды сұраймын».
Сонымен қатар, Валерий өзінің құрдастарының көпшілігі мектеп психологтарының жұмысы туралы білмейтінін және олардың көмегіне жүгінбейтінін атап өтті.
Өз кезегінде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Л. Рамазанова Валерий Кудрявцевті Ұлттық комиссия жанындағы сарапшылар кеңесіне шақырды.
Ақтөбе облысының мектеп белсендісі ата-аналар мен балалар арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту үшін бірлескен квест ойындарын өткізуді, адамдар көп шоғырланған жерлерде ақпараттық билбордтар орналастыруды ұсынды.
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Э. Әзімова өз сөзінде адам құқықтарын қорғау, зорлық-зомбылықты болдырмау, құқықтық көмек көрсету мәселелерімен кәсіби түрде айналысатын ҮЕҰ қолдау тетіктерін қайта қарауға назар аударды.
«Қазақстан көп ұлтты мемлекет болып табылады, ешбір ұлтта зорлық-зомбылықты қолдайтын қағидаттар мен дәстүрлер жоқ, құндылықтарды дұрыс жеткізу және осы бағытта азаматтық сектордың әлеуетін пайдалану қажет. Азаматтық қоғамның белсенді және кәсіби өкілдері қоғамдық және халықаралық дүниетанымға әсер ете алады», - деп атап өтті спикер.
Диалог алаңының қорытындысы бойынша қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды күшейту, ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру жөніндегі шараларды іске асыру туралы ұсыныстар білдірді.
- 26.11.2020
- 416