- Блогтар
- Исабаев Б.Ө.
Исабаев Б.Ө.
Жетісу облысының әкімі
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Өксікбайұлы Исабаевтың 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін мерекесіндегі құттықтау сөзі
Ардақты аналар, әпке-қарындас, арулар! Көрікті көктем мерекесімен баршаңызға деген шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар! Қазақта Жер-Ана, Отан-Ана дейтін қасиетті ұғымдар бар. Бұл өмірдегі құндылықтардың барлығы анадан бастау алатынын білдірсе керек. Ана қашанда ел-жұрттың бірлігін, ағайынның татулығын, ұрпақтың саулығын ойлаған. Әйел – ұлт ұстыны, отбасының ұйытқысы. Ал отбасы қай кезде де мемлекеттің өзегі, рухани, мәдени дәстүрлерді сақтаушы, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушы. Ананың ақ сүті мен аялы алақаны, шексіз мейірімі мен таусылмас тәлімі адамды сәби шағынан талбесіктен-ақ тәрбиелеп, ізгі мақсат-мұраттарға жетелейді. «Анадан – қасиет, атадан – өсиет», - дейді халық даналығы. Ел ішінде ақылымен, батырлығымен, даналығымен даңқы шыққан тарихи шежірелерге, жыр-дастандарға арқау болған Ұмай ана, Тұмар ханшайым, Домалақ ана, Айша бибі, Дарабоз ана, Ұлпандай ардақты аналарымыз аз болмаған. Табиғатынан текті, ақыл-парасаты мол сол аналарымыз ел басына күн туғанда ерлермен бірдей атқа қонып, жерін жаудан қорғаған, ел билеу ісіне араласып, шындықты қиып айтар әділ қазы, жұрттың дауын басар өткіз мінезді шешен бола білген. Бұл – біздегі ертеден орныққан дала дәстүрі мен ел еркіндігінің айқын айғағы. Асылдың сынығындай болған Жетісу өлкесінде кешегі Зылиха Тамшыбаева, Бәтима Сақауова, Алтынай Есболатова сияқты тарихи тұлғалардың көші жаңа заманда да үзілген жоқ. Бүгін ортамызда Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова, Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, еңбек ардагерлері Несіпжамал Баймадиева, Әлихан Ыдырышева, Дина Нұрғалиева, Роза Ақжаркенова, Райхан Серғазынова, Майра Омарова сияқты абзал жандар отыр. Бүкіл саналы ғұмырын адал еңбекке, қалтқысыз қызмет етуге арнаған осы алдыңғы толқынның тағылымды жолын жас буын жарасты жалғастыруда. Әйелдер қауымы нәзік болмысына қарамастан, үй мен түздің, ошағы мен Отанының жауапкершілігін қатар ұстап келеді. Сіздер ер азаматтармен қатар шебер ұйымдастырушы, іскер басшы, мықты маман бола білдіңіздер. Ғылым-білімде, өнерде, өндірісте, ақпарат пен коммуникацияда, бизнесте, мемлекеттік қызметте – жалпы қоғамда әйелдер араласпайтын сала жоқ. Өз ісіне тыңғылықты, жауапты, әйелдер қауымының еңбегі әрқашан елеулі. Бүгінгі салтанатты жиында қарапайым еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсетіліп отыр. ТАТЭК-тің электр жөндеушісі Сәуле Исаева, «Текелі энергокешені» серіктестігінің химиялық талдау лаборанты Галина Костылева, Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің диспетчері Сахида Қасымова секілді кәсіби мамандар еңбек құндылығын қалыптастыруға үлкен үлес қосып жүр. Әлемді ұстап тұрған мейірім екенін сезімтал болмысымен, аналық жүрегімен айғақтап жүрген облыстық мүгедектер қоғамының төрайымы Әсел Бәрібаева мүмкіндігі шектеулі балалар үшін адаптивті жүзу және бочча спорт үйірмесін ұйымдастырып, жүргізіп отыр. Оған қоса ол ерекше балаларға арналған ағылшын тілін үйрету кабинетін ашты. Көксулық Сағираш Хамитқызы Түркиядағы жойқын зілзаладан зардап шеккендерге 34 киіз үй жөнелткен игі істің басы-қасында жүрді. Айсұлу Шарипова, Әсем Нұртуғандай қаншама еріктілер қатарындағы белсенді қыздарымыздың дәнекер болуымен ондаған жалғыз басты аналарға, өмірдің қиындығынан қажыған жандарға қайырымдылық қорларының шапағаты тиіп, жәрдемі берілді. Әйел азаматтар жұмыспен қамтуға, жеке бизнесін ашуға бағытталған Ұлттық жобаларға қатысуда да белсенділік танытуда. Есепші, тігінші, аспаз, шаштараз сияқты сұранысқа сай мамандықтарды меңгеріп, жеке істерін дөңгелентіп алып жүр. Мәселен, өткен жылдың өзінде облысымызда 400-ге жуық әйел мемлекеттік грант есебінен жеке бизнесін ашып үлгерді. Солардың ішінде жас та, жігерлі көп балалы аналардың белсенділігі көңіл қуантады. Мәселен, Сарыөзек ауылында тұратын көп балалы ана, жолдасы екеуі 14 перзент өсіріп отырған Гүлназ Шәкенова мемлекеттік гранттың көмегімен өз дәмханасын ашып, халыққа қызмет көрсетуде. Бес баланың анасы, көксулық Балжан Нүсіп ауласындағы 4 сотық жерді жылыжай жасап, гүл өсіріп, оны табыс көзіне айналдырып отыр. Мұндай аналар өңірімізде аз емес. Олар өз істерін жүргізіп, ризығын еселеп қана қоймай, балаларын да жастайынан еңбекке баулып, адал еңбекті тәрбиенің өзегіне айналдырып отыр. Сондықтан сіздер жастарға, қатарластарыңызға үлгісіздер. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйел-ана табиғатынан ұрпақ көбейтуді ұлы мұрат санайды. Өсіп-өнуді жаратылыстың басты сыйы деп біледі. Бұл ретте біздің облыста 10 мыңнан астам «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері бар екенін біз мақтанышпен айтамыз. Расында әйелдің жанұядағы жауапкершілігі қорғасыннан ауыр, алтыннан құнды. Отбасы құндылықтарын құрметтеу, жанұя жарастығын сақтау ең алдымен әйелге байланысты. Ер-азаматын ардақтай білетін, ұл-қыздарын отанын сүйіп, елін қорғауға, адамгершілік пен ізгілікке баулитын, елжандылыққа үндейтін ең ұлы ұстаз, ол – ана. Бүгінгі мерекені пайдалана отырып, ортамызда ауған соғысында қаза болған азамат-жерлестеріміздің аналары Түгелбаева Қайныкен Нүсіпқызы, Сейскенбаева Есенаман Дүйсенбайқызы; желтоқсан оқиғасына қатысушылар Гүлнар Көксегенқызы, Бөкейбаева Толқын Мұсаханқызы, Тұрарова Бақыт Арынтайқызы, Сандыбаева Зәуре Өтепқызы; қаңтар оқиғасында қызмет бабында жүріп мерт болған азаматтардың жұбайлары мен аналары Барғанаева Жансая Амантайқызы, Ержанова Гүлім, Бұрлыбаева Назым Қайратқызы, Жангелдинова Бағдат Азқожақызына шынайы алғысымды білдіремін. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Ұлт тағдыры, ұрпақ болашағы анаға байланысты. Шынында да әйелдің отбасындағы орны мен қоғамдағы рөліне қарап, елдің әлеуметтік келбетін көруге болады. Анаға қамқорлық – ұлтқа қамқорлық, анаға құрмет – ұлтқа жасалған құрмет! Бұл орайда мемлекетіміз отбасы мүддесін қорғау, әйелдердің елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне қатысуы үшін қажетті жағдай туғызып келеді. Әсіресе, әлеуметтік әлжуаз топтарға, көп балалы аналарға ерекше қамқорлық жасау, тұрғын үймен, жұмыспен қамту, ана мен баланың денсаулығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларына баса көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында еститін үкімет, халық үніне құлақ асатын билік қалыптастыруға, халықтың әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты бағдарымызды айқындап берді. Енді бұрынғыдай көз арбайтын, көңіл алдайтын, жылтыр, жасанды жетістіктерге малданудың уақыты өтті. Жаңа Қазақстан, әділетті қоғам құру жолындағы Президенттің игі бастамаларының мәнін бергі бетінен, үстірт ұғынбай, оның байыбына барып, терең түйсіну, қоғамның, адамның, сананың жаңғыруына деген сенімді орнықтыру, көпшіліктің күткен өзгерісін шын мәнінде жүзеге асыру – әрқайсымыздың міндетіміз. Бұл орайда әйелдер қауымына артылар жүк жеңіл емес. Қазір жаңаша серпілетін кезең. Алдымызда мейірімді, бір-біріне жанашырлық танытатын қоғамды, білімді жастары бар, есейген, ақыл-ойы толысқан, саяси мәдениеті өскен, бәсекеге қабілетті, еңбекқор, азаматтық белсенділігі айқын, ашық қоғам құру міндеті тұр. Ол үшін бізге ұраншылдықтан арылып, сөз бен істі үйлестіру, өмірлік құндылықтарымызды қайта қарау аса қажет. Әрине, құқықты талап ету, ой-пікірін бүкпесіз жеткізу әділетті қоғам құру үшін аса керек мінез. Әсіресе, жөнімен, орнықты мәселе көтеріп, байыппен, ақылды алға оздыра отырып, көпшіліктің сөзін жеткізудің жөні бір бөлек. Сөйлесе тілінен, істесе қолынан келетін от жігерлі аналар бұл тұрғыда әрдайым көпке үлгі болуы тиіс. Өскелең ұрпақтың бүгінгідей гаджетке телміріп, бос уақытын әлеуметтік желідегі пайдасыз, нәрселерге рәсуә етуіне жол бермеудің алғышартын жасау да аналардың еншісінде. Өйткені бесіктің ұстаушысы да, бесіктің иесі де – біздің аналарымыз. Әйел – күллі тіршіліктің кіндігі. Сондықтан әйелдің санасы жаңғырса, әлемнің санасы бірге жаңғырады. Аналардың дүниетанымындағы өзгерістер ерлерді де, ұрпақты да оң өзгеріске бастайтын ұлы күш деп білемін. Дорогие женщины! В традиционной философии казахского народа женщины выступают не только хранительницами домашнего очага, но и его защитницами, а зачастую и смелыми правительницами. Не зря наши предания хранят имена целой плеяды выдающихся женщин из племен степных номадов. Эта природная сила, жизненная энергия и чуткость особенно помогают в переломные моменты, которое наше общество проходит и сейчас. Уверен, что вы, как и все женщины Жетысу, не только поддержите, но и внесете свой значимый вклад в реализацию масштабных социально-экономических реформ, проводимых Президентом страны, основанных на принципах справедливости и в первую очередь направленных на повышение уровня жизни населения. Учить, лечить, заботиться – эта та ответственная работа, от которой также во многом зависит успешное будущее нашей страны. Пользуясь случаем, хочу поблагодарить педагогов-ветеранов области в лице Спиридоновой Валентины Григорьевны, Дуйсебаевой Улжалгас Бурасанкызы, Абдиказыровой Асет Абдиказыркызы, Мукашевой Сафуры Ерболганкызы, Айешевой Зубайры Райыскызы и многих других. Слова благодарности адресую сотрудницам социальной сферы Султангазиевой Азат Атаканкызы (медсестра), Абильбековой Кулжамал Мусаханкызы (уборщица), Ахметовой Гульшат Тасболаикызы (старшая медсестра), Николаевой Татьяне Васильевне (фельдшер-лаборант), Тастановой Алмагул Жумагаликызы (уборщица), Орукбаевой Адильхан Нурмолдакызы (фельдшер ветпункта) и многим другим. Хотелось бы поблагодарить воспитателя детского дома «Айналайын» Майсаранову Салтанат Кемпирбайкызы, почти 40 лет посвятившей себя благородному труду. Благодаря вашей материнской заботе и любви к профессии ваши дети находят свой путь, уверенно вступая во взрослую самостоятельную жизнь. К примеру, Чернов Радмир – мастер спорта страны, тренер по хоккею на траве, Унгирбаева Насихат, став воспитателем продолжает ваш путь. Не обойтись нам и без наших бизнес-леди, налаживающих производство, создающих рабочие места, в том числе в сельской местности. Среди них Аброева Айгерим Макатайкызы, которая вместе со своим супругом Азаматом создала семейную перепелиную ферму в селе Каргалы Сарканского района. Много лет прожив в мегаполисе, молодая семья вернулась в аул, найдя себя в занятиях фермерским делом, и теперь обеспечивает полезной диетической продукцией не только свою семью, но и жителей нашей области, параллельно занимаясь производством меда, развивая тепличное дело. Вдохновляясь вашим примером, молодежь остается в родных аулах и благодаря государственной поддержке начинает строить собственное дело. Неимоверный потенциал, заложенный в женщинах Жетысу, наглядный пример, что найти себя может каждый, главное – беречь свою семью, любить свое дело и приносить пользу обществу. Не зря говорят, что за каждым успешным мужчиной стоит женщина, которая в него поверила. Ваше присутствие делает нас лучше и именно ради вас, ради ваших улыбок совершаются и великие дела, и все наши повседневные правильные поступки. Еще раз примите мои искренние поздравления с праздником 8 Марта. Желаю вам крепкого здоровья, семейного благополучия, мира, добра, успехов и радости! Құрметті аналар, арулар! Сіздерге көктемнің шуақты күніндей көтеріңкі көңіл, бейбіт те берекелі өмір, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Еңбекте табысты болыңыздар. Ұрпақтарыңыздың қуанышына кенеліп, бақытты ғұмыр кешіңіздер! Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын!
- 07.03.2023
- 179