- Блогтар
- Сұлтанғазиев М.Е.
Сұлтанғазиев М.Е.
Алматы облысының әкімі
Алматы облысының әкімі Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісін қабылдады
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтағазиев Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаутас Васюлисті қабылдады, деп хабарлайды өңірлік баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Литва Республикасы мен Алматы облысы арасындағы тауар айналымын ұлғайту, инвестициялық әлеуетті ілгерілету, қазақстандық кәсіпкерлердің бизнестегі үлесін арттыру, сондай-ақ туризмді насихаттау төңірегіндегі мәселелер талқыланды.
Аймаққа ат басын бұрған Литва Республикасының Елшісі Гинтаутас Васюлис бұл мекенге іс-сапармен келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Сонымен қатар, ол «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында жергілікті бизнес өкілдерімен кездескенін тілге тиек етті.
«Біз сіздердің өңірдегі жұмыс сапарымызда әуелі кәсіпкерлермен кездестік. Бұл өз кезегінде менің де және сіздердегі бизнес иелерінің дүние танымын арттыруға ықпал етті деген ойдамын. Жалпы, бүгінгі күні екі ел арасындағы сауда айналымы айтарлықтай жақсарды. Бұл қос мемлекет арасындағы қарым-қатынас деңгейінің жоғары екінін көрсетеді. Соның арқасында біздер жаңа нәтижеге қол жеткізе аламыз. Ол үшін елшілік тарапынан біздер өзіндік қолдауымызды көрсетуге әзірміз»,-деді Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаутас Васюлис.
Айта кетейік, 2022 жылы Қазақстаннан Литваға экспорт 446,4 млн.$ құраса, оның ішінде Алматы облысынан 2,6 млн.$ -ға жетіп жығылған. Ал, Алматы облысынан Литваға экспортталған тауарлардың негізгі топтарына металдар мен металдан жасалған бұйымдар (1,7 млн.$), балық тауарлары (0,9 млн.$) және өсімдіктерді қоректендіруге және топырақ құнарлылығын арттыруға арналған заттар (8,4 мың$) кірді. Сондай-ақ, Литвадан Алматы облысына негізінен жабдықтар (2,6 млн.$), тоқыма материалдары (1,6 млн.$) және тамақ өнімдері (2,8 млн.$) импортталды.
Ал, жиын барысында елші негізгі нысанаға алған бағыттардың бірі туризм саласы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыт екі ел үшін өте пайдалы, әрі экномикалық тұрғыдан тиімді болып табылады.
«Литвада медициналық туризм жақсы дамыған. Сонымен қатар біздің елдің халқын жабайы табиғаты сақталған туристік аймақтар қатты қызықтырады. Ал, Қазақстан, оның ішінде Алматы облысының көрікті жерлері аймақта туризмді дамытуға сұранып тұр десек артық айтқандық емес. Айта кететін бір жайт, Литвада агро туризм мен қонық үй бизнесінің ассоциациясы жұмыс жасайды. Оларға қазақстандық әріптестерімен тәжірбие алмасу мақсатында қарым-қатынас орнатқан абзал деген ойдамын. Өйткені, туризм саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыру ісі қашанда өзекті», -деді Гинтаутас Васюлис.
Елшінің сөзін жалғастырған өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев қаланың алдағы дамуымен және ынтымақтастықтың пайдасы туралы бөлісті.
- Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қонаевта бірқатар оқу орындары салынады, осыған байланысты білім беру саласындағы ынтымақтастық өзара үлкен көмек болып табылады. Бұл студенттерді екіжақты оқытуға мүмкіндік береді. Туризмге келетін болсақ, біздің облыс еліміздің туристік көрікті жерлеріне ең бай аймақтардың бірі болып табылады. Бұдан басқа, қазір аймақтың логистикалық дамуына көп көңіл бөлінуде, бұл туризмнің одан да қолжетімді болуына мүмкіндік тудырады. Ынтымақтастық екі мемлекеттің дамуында жаңа серпін береді, - деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.
Облыс басшылығы келген делегацияға өңірдің көрікті жерлері бедерленген кітапшаларды табыстаса, қонақтар өз кезегінде Литваның көрікті жерлері жинақталған жинақты облыс өкілдігіне тарту етті.
- 16.03.2023
- 207