- Блогтар
- Мырзабосынов Е.Қ.
Мырзабосынов Е.Қ.
ҚР Туризм және спорт министрі
Ер және Елбасы
Ер және Елбасы
Кеше киелі Тараз төрінде қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдық тойы басталды.
Халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қол бастаған батырлар аз болған жоқ. Бірақ солардың бәрінен Бауыржанның орны да өзгеше, атағы да айрықша, тұғыры да биік. Себебі, Бауыржан қатысқан екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихына әлемнің 70-тен астам елі қатысқан ең алапат соғыс болып енді. Ол батылдық пен батырлықтың ғана емес, әскери өнер, соғыс тактикасы, ақыл-ой мен білім-біліктің арпалысқан, бес құрлық пен төрт мұхитта адамзат жан алысып, жан беріскен, жер жаһанды қамтыған ғаламат соғыс болды.
Екінші дүниежүзілік соғыс тарих сахнасына жаңа тұрпаттағы қолбасшыларды шығарды.
Қаһарлы 41-жылдың қысында Кеңес Одағының астанасы — Мәскеу қаласына жау танкілері қол созым жер қалған сәтте бүкіл дүние жүзінің назары әйгілі шаһарға ауды. Міне, осы кезде қазақтың құрыштай берік ұланы қайтпас қайсарлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Сол кездің өзінде-ақ оның есімі құрлықтың алтыдан бірін қамтыған алып империяның шекарасынан асып, дүние жүзін шарлап кетті. Орыстың қабырғалы қаламгері А.Бектің “Волокалам тас жолы”, А.Кривицкийдің “Москва түбіндегі тосқауылынан” бастап даңқты қолбасшы-генералдар К.Галицкий, И.Чистяковтардың өзі қаһарман қазақтың ерлігі туралы тамсана, таңғала жазды. Бұл шығармалар, әсіресе А.Бектің романы әлемнің алуан тілдеріне аударылып, мұхиттың арғы-бергі жағына Б.Момышұлының құрыштай берік құдіретті тұлғасы аңыз болып жайылды. Ол тіпті Куба көсемі Ф.Кастроның сүйікті кейіпкеріне айналды.
Жаһандық соғысқа қатысқан жауынгерлер мен қолбасшылар еңбегі Кеңес Одағы тарапынан кем бағаланған жоқ. Олардың алды бір, екі, үш, тіпті төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Өкінішке орай, бұл қатарда Бауыржан Момышұлы болған жоқ.
Жалғыз Бауыржан емес, Рейхстагқа бірінші болып жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаев пен жаужүрек партизан Қасым Қайсеновтің ерлігі де еленген жоқ.
Халық әлдеқашан Батырлардың батыры деп таныған қазақ ерлерінің ерлігіне лайықты бағаны ақырып сұрайтын билік басындағылардың сөзі күңкіл-шүңкіл, қыбыр-сыбырдан аса алмады. Ұлы Жеңіске тұп-тура 35 жыл толғанда Ғ.Мүсірепов бастаған қазақтың бетке ұстар азаматтары – екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаев, Социалистік Еңбек Ерлері Ұлбала Алтайбаева, Зеркүл Күзербекова, тағы да басқалар Кеңес Одағының басшысы Леонид Брежневке қазақтың қос батыры Бауыржан мен Рақымжанның жоғын жоқтап, хат жолдайды.
Қашанда ақиқатты ту етіп көтерген майдангер жазушымыз Әзілхан Нұршайықов ағамыздың айтуынша, бұл хат Ғ.Мүсірепов арқылы Қазақстанның сол кездегі басшысы Д.Қонаевқа жеткізіледі. Димаш ағамыз “Мен қол қойсам, ресми болып кетеді. Өздерің-ақ жібере салғандарың жөн”, – деп шығарып салады. Апыр-ау, ерлерінің кеткен есесін ел басшысы ресми түрде сұрамағанда кім сұрауға тиіс?!. Өкінішке орай, Қазақстан коммунистерінің көсемі дәл сол жолы да, одан кейін де сан мәрте сәті түскен орайлы сәттерде мұндай батылдыққа бара алмайды.
Осылайша аяулы Баукең көзі тірісінде Кеңес Одағы Батырының Алтын жұлдызын кеудесіне жарқырата таға алмай дүниеден өтті. Заман алмасты, басшылар ауысты. Ел тілегі қабыл болып, 1989 жылдың маусымында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің тізгінін әлі елуге де толмаған Нұрсұлтан Назарбаев ұстады.
Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ халқына сіңірген мың сан ерлігін реті келгенде әлі талай жазармыз, бірақ соның біреуін дәл бүгін айтпасақ, ақиқат сөздің атасы өлетіні анық.
Ол былай болған еді.
Сол кездегі Кеңес Одағының басшысы Михаил Горбачевке Қазақстанның жас басшысы Бауыржан Момышұлына қырық бес жыл бойғы жасалған әділетсіздікті ашына жеткізеді. Ол әлдеқашан көмескі тартқан ескі тарихты қайта тірілтпеуді, егер Б.Момышұлына Батыр атағы берілсе өзге республикалардан мұндай өтініштердің қарша борайтынын айтып, келісім бермейді. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы:
– Менің халқым – мың өліп, мың тірілген халық. Әлі де кездесер қиындықтың кез келгенін жеңетініне сенімім кәміл. Ал арқамызға қырық бес жыл аяздай батқан дәл мына әділетсіздікке былай төзу мүмкін емес. Бауыржандай ұлтына ұран болған ұлды тудырған менің халқым ер намысын жоғары қойған. Ендеше, Бауыржандай ердің намысы мен үшін бәрінен биік, – деп табандылық танытады. М.Горбачев бұл өтінішке келесі Жеңіс күніне қарай қайта оралу жөнінде қайыра ұсыныс жасайды. Келер Жеңіс күніне дейін қызыл империя тағдыры қалай болатынын жобалаған, қашанда қиядағыны көріп, қияндағыны болжай алатын Қазақстанның кемеңгер басшысы: “Мен елге Жарлықпен қайтуға тас-түйін дайындықпен келдім”, – деп қайсар мінез танытады. Міне, осылайша, 1990 жылдың 12 желтоқсанында қазақтың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дейді дана халқымыз. Нұрсұлтан Әбішұлының шуақты нұр мен шұғылалы сырға толы осы бір ел жоғын, ел намысын іздеген ерлікке парапар еңбегін дәл бүгін ел есіне салғанды жөн көрдім.
Әділетті басшы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1995 жылы Қасым Қайсеновке, ал 1999 жылы Рақымжан Қошқарбаевқа “Халық Қаһарманы” атағын беріп, бар қазақтың жүрегіне нұр шуағын төкті.
Ел тәуелсіздігінің он тоғыз жылында әлемнің әр түкпірін шарлап, халқының жоғын, елінің намысын іздеп, ақырып теңдік сұраған арыстан жүрек азамат Елбасымызға Батырдың ғасырлық тойында “Әрдайым нұрыңыз тасысын, Нұр-аға” деген тілек айтамыз.
- 28.09.2010
- 15089