- Блогтар
- Шәпкенов С.Ж.
Шәпкенов С.Ж.
Атырау облысының әкімі
Серік Шәпкенов: Біздің басты мақсатымыз - жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау
Серік Шәпкенов: Біздің басты мақсатымыз - жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау
Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысы өтті.
Жиында «Ембімұнайгаз» АҚ мен «KPI Inc.» ЖШС-інің мердігер компанияларында, «Атырау Жарық» АҚ-да жұмыс істейтін қызметкерлердің мәселесі қаралды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров баяндама жасады.
– «Ембімұнайгаз» АҚ-ның объектілерін күзетуді жүзеге асыратын «KZ Projection Group» ЖШС-де 500-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың айлығы – 84 000 теңге. Тек 2023 жылы 10%-ға ғана көтерілген. Cонымен қатар, «АМӨЗ» ЖШС-не көлікті ұсыну қызметін жүзеге асыратын «Gold Sunray» ЖШС жұмысшылары да осы мәселемен облыстық әкімдікке жүгінді. 2022 жылы 1 шілдеден бастап 10%-ға, 2023 жылы 1 қаңтардан бастап 10%-ға өсті. Сонымен қатар арнайы автокөлік жүргізушілері мен слесарлық топқа 20 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы үстемеақы белгіленді. Олардың өтінішінде облыстық еңбек қатынастарының проблемалық мәселелерін шешу бойынша ведомствоаралық штаб мәселені қарауын және «Самұрық-Қазына» АҚ еңбекақы төлеу қорын арттыру туралы келісімшартқа өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар беру қажеттігі көрсетілген,-деді И.Әубәкіров.
«Атырау облысы кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС-нің мердігер компаниясы «VG Service» ЖШС қызметкерлерінің мәселесін айтты.
– Жұмыскерлер Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясына тиісті өтінішпен жүгінді. Мердігер мекеме Астана қаласында болғандықтан, іс Астана қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жолданды. Бірақ астаналық басқарма ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 «Қазақстан Республикасында тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлығына сәйкес шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жариялануына байланысты жұмысшылардың өтініші бойынша тексеруді тіркеу мен жүргізу мүмкін емес деп жауап берді,-деді Е.Ұзақбай.
Сонымен қатар, жиында «Атырау-Жарық» АҚ-дағы екі мәселе қаралды. Бірі - жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы, екіншісі - қауіпсіздік ережелері. «Атырау-Жарық» АҚ президенті Мейірбек Құбашевтың айтуынша, жұмысшылардың жалақысын 2023 жылдың ІІ тоқсанынан бастап өсіру жоспарланып отыр.
– Мемлекеттік органдарға жалақыны көтеру, қолданыстағы тарифті өзгерту үшін хат жолданды. «Табиғи монополиялар туралы» Заңға 2022 жылғы 30 желтоқсанда шыққан №177-VІІ ҚР Заңымен тиісті өзгерістер енгізіліп, ол 2023 жылдың 12 қаңтарында заңды күшіне енді. Енді осы өзгерістер жоғарыда аталған Ережеге де енгізілуі қажет. Ереженің 601-тармағына «уәкілетті органның ведомствосы бекіткен тарифті қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгертуге бір жылдағы статистика деректері бойынша қалыптасқан өңірдегі (қаладағы) экономикалық қызмет түрлері бойынша бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысының өзгеруі негіз болады» деп өзгеріс енгізу қарастырылуда,-деді М.Ғұбашев.
Серік Шәпкенов жауапты басшыларға жұмысшылардың жалақысын уақытылы төлеуді, өндіріс орындарында қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қатаң қадағалауды тапсырды.
- Біздің басты мақсатымыз - қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау. Ол Еңбек кодексінде тайға таңба басқандай жазылған. Біз жұмысқа қабылдаған кезде қызметкерлерге қажетті жағдайдың бәрін жасауымыз керек. Бұл - өте маңызды мәселе.
Сондай-ақ, бұл мекемеде бірнеше жазатайым оқиға орын алды, біз оны болдырмауымыз қажет. Сол жұмысшылар шетелдік компанияда жұмыс істесе техникалық қауіпсіздікті толық сақтайды, ал бізде керсінше. Неге олай? Өйткені талап қойылмайды. Соның салдары адамның денсаулығына зиян келтіріп немесе өмірден өтуіне алып келеді. Біз жұмысшылардың қауіпсіздігін бірінші орынға қоюымыз керек,-деді С.Шәпкенов
- 11.08.2023
- 122