- Блогтар
- Шәпкенов С.Ж.
Шәпкенов С.Ж.
Атырау облысының әкімі
Серік Шәпкенов Индербор кентіндегі, Аққала және Жарсуат ауылдарындағы құрылыс жұмыстарымен танысты
Серік Шәпкенов Индербор кентіндегі, Аққала және Жарсуат ауылдарындағы құрылыс жұмыстарымен танысты
Облыс әкімі Серік Шәпкенов Индер ауданына жұмыс сапары аясында Елтай ауылдық округіне қарасты Аққала ауылына барып, онда құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды аралады.
Сапар барысында аймақ басшысы Аққала ауылындағы Жайық өзенінің оң жағалауында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылып жатқан жер учаскесіне барды. Аумағы 202 гектар жерде 903 тұрғын үй салуға учаскелер қарастырылған. Бұл жер телімдерін алдағы уақытта жер кезегінде тұрған азаматтар ала алады. Қазіргі уақытта бұл учаске 95 пайызға су желісімен, 36 пайызға газ желісімен қамтылды. Су мен газ желілерінің жалпы ұзындығы - 63 км. Нысанның құрылысы 2023 жылдың мамыр айында аяқталады деп жоспарланған.
Ал Аққала ауылындағы су тазарту қондырғысы күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазіргі уақытта қондырғының су желісі тұйықталып қалған. Сол себепті су үйлерге әр сағат сайын беріледі. Қондырғының қуаттылығы – тәулігіне 100 текше метр. Аққала ауылының оң жағалауындағы тұрғын үй құрылысы үшін берілгелі тұрған 903 учаскенің су желісі осы су тазарту қондырғысына қосылған. Сондықтан Аққала ауылындағы су тазарту қондырғысы техникалық зерделеуді және қайта жаңғыртуды қажет етеді.
Сондай-ақ Серік Шәпкенов Индербор кентіндегі бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысымен танысты.
Алдымен облыс әкімі Индербор кентіндегі су тазарту қондырғысының ғимаратына барды. Мұнда тұндыру құрылғылары, ІІ көтерілім станциясы, І көтерілімнің жүзбелі пантон құрылғылары ескірген. Сол себепті олар жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ, мұндағы су құбырлары мен қоршаулар ауыстырылып, ауланы абаттандыру да керек. Сонымен қатар мекеме арнайы техникаға да мұқтаж.
Сонымен қоса облыс әкімі Серік Шәпкенов Индербор кенті Болашақ мөлтек ауданында салынып жатқан 300 орындық мектеп-гимназиясы мен 200 орындық интернаттың құрылыс жұмыстарымен танысты. Бас мердігер «Нуркапстройгаз» ЖШС құрылыс жұмыстарын өткен жылы бастаған. Бүгінде іргетастың бірінші деңгейінің қабырғалары орнатылып, су және кәріз құбырлары тартылды. Қазіргі таңда негізгі қабаттарды жөндеу жұмыстары басталып кетті. Мердігер компания құрылысты 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Құрылыс нысанында 35 адам жұмыспен қамтылды. Серік Шәпкенов жауапты тұлғаларға жұмысты сапалы орындап, белгіленген мерзімде тапсыруды міндеттеді.
Аймақ басшысы Индербор кенті Көктем шағын ауданындағы 80 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен де танысты. 5 қабаттан тұратын 80 пәтерлік тұрғын үйлердің бірінде монтаждау жұмыстары 40 пайызға, екіншісінде 70 пайызға орындалды. Осы екінші үйдің барлық қабаты салынып, кәріз, ауыз су, жылу жүйелері мен терезелері орнатылып жатыр.
Ал «Еврострой» мердігер компаниясы тұрғызып жатқан бірінші тұрғын үйдің тек 3 қабаты ғана салынды. Былтыр жұмыс күші жетпегендіктен, құрылыс жұмыстары тоқтап қалған еді.
Мәселемен танысқан облыс әкімі Индер аудандық құрылыс бөлімінің мамандарына құрылыс материалдары бола тұра, жұмыс күші жетіспегенін сылтау қылған «Еврострой» мердігер компаниясымен келісім-шартты бұзып, осы тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын тоқтату қажет екенін айтты.
- Бастаған іске жауапкершілікпен қарамайтын мердігер мекемемен келісім-шартты созудың не керегі бар? Бұған дейін де айттық. Бізде бір алгоритм бар: жұмыс істелмесе, қайтадан конкурс жариялау керек. Оларға аяушылық танытып, мүмкіндік берген өзіміз кінәліміз. Бұл биыл бітетін жұмыс емес. «Еврострой» мердігер компаниясын өзіне алған міндеттерін орындамағаны үшін сотқа беріңдер. Құрылыс жұмыстарын тоқтатыңыздар,-деді С.Шәпкенов.
Ал «Оңдасын Строй» ЖШС мердігер мекемесі салып жатқан екінші тұрғын үйдің құрылысы 2023 жылдың тамызында аяқталады деп жоспарланған.
Айта кетейік, аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 1541 азамат тұр.
Сонымен қатар облыс әкімі Индербор кентіндегі кәріз су тазарту қондырғысының ғимаратына барды. 2015 жылы пайдалануға берілген нысанның жалпы аумағы - 2,7547 га. Қазір бұл мекемеде 24 адам жұмыс істейді.
Мекемедегі сүзу қондырғылары, АРР 1,2,3 құрылғылары, СЗР құрылғысы, рецикл насостары, БДО құрылғысы, жылыту қазандығы мен төмендеткіш трансформаторының ғимараты ескіріп, олар жөндеуді қажет етеді. КОС қондырғысының ауласын абаттандыру және буландыру алаңының қоршауын ішінара ауыстыру да қажет.
Сондай-ақ аймақ басшысы Жарсуат ауылдық округіндегі 2023 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілген спорт кешенінің жұмысымен танысты. Мұнда 16 адам жұмыс істейді. Бұқаралық спортты дамыту үшін ашылған спорт кешенінде 162 бала волейбол, баскетбол, футбол және еркін күрес үйірмелеріне қатысады.
- 16.08.2023
- 132