- Блогтар
- Жақсылықов Р. Ф.
Жақсылықов Р. Ф.
ҚР Қорғаныс министрі
Құрметті генералдар мен офицер мырзалар, сержанттар мен сарбаздар, Қарулы Күштер қызметшілері!
Біз осы жылды шығарып салумен қатар, оны қорытындылап, әскерімізді одан әрі жетілдіру мен жарқын болашаққа бағдарлайтын мақсатты белгілеу сәтіне келіп жеттік.
Еліміздің Қарулы Күштері тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап заманауи, жауынгерлік қабілетті де, қуатты армия болып қалыптасып, әскери борышын абыроймен атқаруда.
Осының барлығына Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық шеберлігінің, көрегенді де сындарлы саясаты мен парасаттылығының арқасында қол жеткіздік.
Президентіміз – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұрпақтар сабақтастығы саясаты негізінде әскери қызметтің беделі мен мәртебесі артып, армияны дамыту мен кәсібилендірудің кешенді іс-шараларын білікті іске асыру мүмкін болды.
Барлық сала үшін ағымдағы жылдың ерекше болғанына қарамастан, армия жауынгерлік қабілеті мен жауынгерлік әзірлігін тиісті деңгейде ұстай білді.
Техникалық жарақтандыру жүргізіліп, автоматтандыру функциясынан «Цифрлық Армия» жүйесін құруға жоспарлы түрде көшу табысты жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, әскери қызметшілеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымындағы миссияларда қызмет өткеруде.
Қазіргі уақытта біз бітімгерлер құрамын саралап, миссияларға десанттық-шабуылдау әскерімен қатар әртүрлі әскер тегі мен өңірлік қолбасшылықтан әскери қызметшілерді жіберіп отырмыз.
Жыл бойы Арыс гарнизонындағы жарылыс салдарын жою бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп келді.
Әскери қызметшілердің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын, медициналық қамтамасыз ету сапасын жақсарту, тиесілі жабдықталым нормаларын толық жеткізу бойынша жұмыс жалғастырылуда.
Қорғаныс саласында басқару органдарына ғана емес, әскерлерге де тоқсандық сыйлықақы беру практикасы алғаш рет қолданылды. Бұл ретте сыйлықақы мөлшері әрбір әскери қызметшінің жұмыс нәтижесіне байланысты.
Ішкі резерв есебінен анағұрлым тапшы мамандық иесі болып табылатын 4 мың әскери қызметшінің тарифтік разряды көтерілді. Бұлар: жауынгерлік, ірі жүк тасу машинасының жүргізушісі, атыс қаруы мен оқ-дәрілер қоймасының бастығы.
Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап әскери қызметшілердің азық үлесінің құнын арттыруды қолдады.
Кейінгі үш жыл ішінде әскери қызметшілерге қаржылық төлемдер арттырылатын болады.
2020 жылы жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар нәтижесінде сотталған әскери қызметшілер санын бір жарым есеге төмендетуге қол жеткіздік. Осы жұмыс одан әрі жалғастырылатын болады.
Президенттің тапсырмасына орай барлық өңірде әскери-патриоттық тәрбие бағытындағы «Smart сарбаз» топтары құрылды.
Бүгінгі күнге дейін олардың саны алты мыңнан асады. Жас патриоттар инновацияларды меңгеріп, өздерінің техникалық идеяларын іске асыруда.
Биылғы жылы тәжірибе алмасу үшін олар онлайн режімінде өткен алтыншы «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында кездесті.
2021 жылы Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрылысы мен дамыту тұжырымдамасын іске асыру басталады.
Құрметті әскери қызметшілер!
Қазіргі таңда денсаулық пен салауатты өмір салты –жұдырықтай жұмылған қуатты армия кепілі. Қарулы Күштер үшін басты құндылық оның жеке құрамы болып табылады.
Бүгінгі күні қуатты да ұтқыр армия – өз миссиясын адал орындайтын, еліміздің кез келген бағытындағы қорғаныс қалқаны.
Сіздер еліміз үшін күрделі кезеңде ешқандай қиындыққа мойымай, адами қасиетті жоғары ұстап, күнделікті қызметті абыроймен атқарудасыз. Өз өміріңіз бен денсаулығыңызды қатерге тіккен ерлікке барабар әрекетіңіз – өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге.
Сіздер 75 жыл бұрын тарих еншісіндегі зұлмат соғыста Жеңіске жеткен ата-бабамыздың даңқты жолының лайықты ізбасары болып табыласыздар.
Құрметті әріптестер, қадірлі достар!
Жаңа 2021 жылы отбасыңызға бақ-береке, Отанымыздың даңқын арттыру жолындағы қызметіңізде табыс пен сәттілік тілеймін.
- 31.12.2020
- 256