- Блогтар
- Сұлтанғазиев М.Е.
Сұлтанғазиев М.Е.
Алматы облысының әкімі
Алматы облысында «G4 City» қаласы жеке әкімшілік бірлік ретінде құрылуда
Маятниктік миграция, көлік инфрақұрлымына және әлеуметтік нысандарға салмақтың артуы. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы есептік кездесуде өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы облысында жүйелі негізде шешуді қажет ететін осы мәселелерді атады.
Соның ішінде, маятниктік миграция мәселесін шешу үшін еңбек ресурстарын облыста қалдыру қолға алынып жатыр. Осы орайда экспортқа бағытталған өндірістерді орналастыру мақсатында аумағы 1,3 мың гектар болатын 4 индустриялдық аймақ дамытылуда. Олар Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле, Жамбыл аудандарында орналасқан.
«Бұларға қоса «Жетіген» атты тағы бір индустриялық аймақ құру жоспарланған. Ол теміржолдардың қиылысында орналасатын болады. Оның мақсаты – Алматының айналасында логистикалық орталықтар мен жүк қоймаларын салу арқылы көлік инфрақұрылымына жүктемені азайту. Бұл ретте «Жетіген» - «Қазбек бек» теміржол желісін тарту басталды», – деді облыс әкімі.
Марат Сұлтанғазиев Қазақстан мен Қытай арасында жүк тасымалын арттыру мақсатында Қалжат өткізу пунктін жаңғырту басталғанын хабарлады. Нәтижесінде тәулігіне 300 автокөлік өтетіндей болады.
«Қытай тарапы өз аймағында индустриялық аймақ құруда. Біз де жұысты бастадық. Инвесторлар тартылды. Онда 1500-ден астам жұмыс орны құрылады», – деп мәлім етті облыс басшысы.
Сонымен бірге, Алматы агломерциясын дамыту шеңберінде жүзеге асырылған ірі жоба ретінде ұзындығы 66 км болатын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы қолданысқа берілді. Оның төңірегінде 5 ірі халықаралық компания жалпы құны 815 млрд теңгеге өндіріс орындарын ашпақ. Отандық кәсіпорындар да орналасуда.
«Бұл жобалардың барлығы Алматы облысының инвестициялық тартымдылығын көрсетеді. Тек бірінші жартыжылдықта тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 484 млн долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3 есе арты. Құйылған қаржының 45%-ы өңдеу өнеркәсібіне жұмсалған», – деп нақтылады аймақ әкімі.
Оның ақпаратына сәйкес, биылғы 10 айда 519 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, өсім – 11%. 2030 жылға дейін есептелген инвестициялық қоржында 24 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін, құны 3 трлн теңгеден асатын 209 жоба бар.
Аймақ басшысы Қонаев және Алматы қалаларының арасында «G4City» жобасын жүзеге асыру қайта қолға алынғанын жеткізді.
«Бұл бағыттағы алғашқы қадам –арнайы экономикалық аймағын құру. Ол «G4 City» қаласын және Қонаев қаласының бір бөлігін қамтитын болады. «G4 City» қаласы бойынша құны 3,7 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту, 3,2 трлн теңге салық түсімдері, сондай-ақ 34 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр», – деді спикер.
Ал «G4 City» қаласына қатысты мәселеге тоқталған әкім жобаның Іле, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының аумағын қаммтуы инвесторларға қолайсыздық туғызып жатқанын айтты. Сондықтан Президенттің тапсырмасына орай «G4 City» қаласын жеке әкімшілік бірлік ретінде құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Оның аумағы 88 мың гектарды құрайтын 4 аймаққа бөлінеді. 2050 жылға қарай 2 миллионнан астам адам тұрады деп болжануда.
- 01.12.2023
- 181