- Блогтар
- Тахтанов Т.Л.
Тахтанов Т.Л.
Көші-қон қызметі комитеті төрағаның орынбасары, полиция полковнигі
ІІМ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ТАНЫСТЫРДЫ
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің қатысуымен өткен кеңес барысында ІІМ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған цифрлық жобаларды таныстырды.
Ішкі істер министрі ұсынылған жобалар пилоттық режимде апробацияланғанын және пайдалануға дайын екенін хабарлады.
Осылайша, ІІМ 1 ақпаннан бастап 102 мобильді қосымшасын іске қосады. Қызмет “Азаматтардың өтініштерін қабылдау процесінің бірізділігі” жобасының бір бөлігі болып табылады. Оның міндеті – полицияның халықтың сұранысына жауап беруін қамтамасыз ету. Әзірленген қосымшаның көмегімен елдің әрбір тұрғыны жасалған құқық бұзушылық немесе қылмыс туралы ақпарат жолдап, оның жауапсыз қалмайтынына сенімді бола алады. Жүйе арқылы өтініш беруге, оператормен аудио немесе бейне қоңырау арқылы байланысуға, қызмет алуға, сондай-ақ шақыруға жіберілген полиция жасағының жүрген жерін бақылауға болады.
Сондай-ақ, бірлескен кеңесте “SOS тетігі” таныстырылды. ІІМ бұл төтенше шақыру құрылғысын дамыған елдердің тәжірибесі бойынша көшелерде, қоғамдық орындарда, сондай-ақ жолдарда орнатуды ұсынады. Дабыл түймесін басу арқылы сіз құқық бұзушылық туралы хабарлама жібере аласыз немесе полициядан көмек сұрай аласыз.
Сонымен қатар, баланың жүрген жерін бақылауға мүмкіндік беретін “Мені тап” балалар қауіпсіздігі жүйесі іске қосуға дайын. Балалар қоғамның ең қорғалмаған бөлігі болып табылады және олар көбінесе ересектер тарапынан жасалатын зорлық-зомбылықтың немесе басқа да заңсыз әрекеттердің құрбаны болады. Жаңа жүйе ата-аналарға смартфондардың көмегімен балаларын қашықтықтан да бақылауға, олардың қозғалысы туралы білуге көмектеседі. Қауіп туындаған жағдайда бала негізгі тізбектегі түймені пайдаланады және дабыл автоматты түрде ата-аналарға да, полицияға да беріледі. Бұл қауіп-қатердің алдын алуға мүмкіндік береді.
– Ішкі істер министрлігі өз қызметінде заманауи технологияларды барынша пайдалануды мақсат етіп қойды. Ведомствоның барлық күш-жігері, ең алдымен, ел тұрғындарының мүдделерін қорғауға, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың санын азайтуға бағытталған. Полицияны цифрландыру құқықтық тәртіпті қорғау және азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету саласындағы жұмыстың сапалы, жаңа деңгейін қамтамасыз етеді, – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев. ІІМ басшысы атап өткендей, цифрландыру бойынша жұмыс жүргізу барысында ведомство мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға көп көңіл бөледі, өйткені бұл халыққа қызмет көрсету мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. 2020 жылы ІІМ 9 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсеткен. 40 қызметтің 38 түрі немесе 95 %-ы автоматтандырылған.
Өз кезегінде, ЦДИАӨМ басшысы Ішкі істер министрлігі ұсынған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жобалар жан-жақты ойластырылғанын және оларды пайдалану оңай екенін атап өтті. Бағдат Мусин ЦДИАӨМ өз тарапынан ІІМ-ге интеграциялық үдерістерге ықпал етуді жалғастыратынын жеткізді.
- 27.01.2021
- 442