- Блогтар
- Шәпкенов С.Ж.
Шәпкенов С.Ж.
Атырау облысының әкімі
Атырауда жоғары технологиялық балалар хирургия бөлімі ашылды
Бүгін облыстық балалар ауруханасы ғимаратында «Сәби» қайырымдылық қорының қолдауымен «Шұғыл балалар хирургиясы» жобасы аясында жоғары технологиялық балалар хирургия бөлімі ашылды. Шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
- Бүгін ерекше күн. Өйткені өңірімізде халықаралық деңгейде ота жасайтын бөлім ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек», деген тапсырмасы аясында өңірде бірқатар жоба қолға алынып жатыр. Оған бизнес өкілдері де қосылып, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бүгін соның куәгеріміз. Бұл бөлімдегі құрал-жабдықтың бәрі де заманауи. Сонымен қатар бұл жерде балаларға ота жасалған соң, олардың тез сауығуына да жағдай жасалған. Балаларымыз ауырмасын. Ал егер қиын жағдай түссе елімізде тиісті медициналық көмек көрсетер орталықтың қатары көп болсын,-деді С.Шәпкенов.
Өз кезегінде Әсел Тасмағамбетова алдағы уақытта медицина мамандарының біліктілігін арттыру үшін оқу курстары ұйымдастырылатынын айтты.
- Бүгінгі ашылғалы тұрған нысан мен үшін ең маңызды әрі жауапты жобаларымның бірі. «Сәби» қайырымдылық қоры 20 жылдан астам уақыттан бері медициналық жобаларды атқарып келеді. «Шұғыл балалар хирургиясы» жобасы аясында еліміздің әр аймағында хирургия бөлімдерін аштық. Атырау облыстық балалар ауруханасындағы ота жасау бөлмелері түгелдей жаңарып, жаңа құралдар сатып алдық. Ендігі кезекте дәрігерлердің біліктілігін ресейлік мамандармен бірге оқу курстарын ұйымдастырамыз,-деді Ә.Тасмағамбетова.
Атыраудағы хирургиялық бөлімше облыстағы 250 мыңнан астам балаға медициналық көмек көрсетеді. Мұнда балаларға қолайлы жағдайлар жасалған, операциялық блок заманауи қондырғылармен жарақталған.
«Сәби» қорының миссиясы жұртшылықтың қайырымдылық саласын түсінуіне ықпал етуге, филантропияны қайырымдылық көмегін алушылар үшін тиімді етуге және демеушілер үшін тартымды етуге негізделген.
- 04.01.2024
- 103