- Блогтар
- Шәпкенов С.Ж.
Шәпкенов С.Ж.
Атырау облысының әкімі
Облыс әкімі Серік Шәпкенов санитарлық тазалықты қамтамасыз ету туралы жиын өткізді
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен Атырау қаласын қоқыстан тазарту мәселесі қаралған әкімдік отырысы өтті. Аймақ басшысы осы аптада облыс орталығы мен елді мекендерді аралаған еді.
Жиында баяндама жасаған қала әкімі Шәкір Кейкін күнделікті тұрмыстық қалдықтарын тасымалдау жұмыстарын «Арнаулы автобаза» ЖШС жүргізетінін айтты. Оның мәліметінше, осы жылы санитарлық тазалық жұмыстарын жандандыру мақсатында қалалық бюджет есебінен 1 000 дана жаңа үлгідегі евроконтейнер сатып алуға электронды конкурс жарияланып, жеңімпаз мекеме тарапынан жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл оның 100 данасы орнатылса, қалған 900 данасы 2024 жылы орнатылады деп жоспарланған. Сонымен қатар, 2024 жылы 100 қоқыс жинау алаңын жаңарту қарастырылған.
- Атырау қаласы бойынша 4 500 дана қоқыс жәшігі, 750 дана контейнер алаңы бар. Бүгінде қала және елді мекендердің санитарлық тазалығына 72 арнайы техника жұмылдырылған (14 дана самосвал, 2 дана манипулятор, 16 дана трактор, 7дана вакуум, 4 дана погрузчик, 4 поливной, 25 мусоровоз, 1 грейдер). Сондай-ақ қаланың тазалық жұмысын жүргізу үшін 350 адам жұмыспен қамтылды,-деді Ш.Кейкін.
Өз кезегінде қала әкімі 2023 жылдың қортындысы бойынша орталық полигонға 100 мың тоннадан астам қоқыс шығарылғанын айтты.
Бұдан бөлек Шәкір Кейкін қаладағы проблемалық аумақ ретінде Химпоселок, Өркен-1, Өркен-2, Бірлік және Бірлік-2 ықшамаудандарында орналасқан бес карьерді атап өтті. Бүгінгі таңда қала билігі осы карьерлердің алаңын анықтап, оларды жою үшін коммерциялық ұсыныстарды әзірленіп жатқанын қаперге берді. Оның айтуынша, Геолог шағын ауданындағы карьерді тазалап, көміп, орнына балалар ойын алаңын салу жоспарланған.
Облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамбетовтың айтуынша, биыл «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰҚ» АҚ деректеріне сәйкес Атырау облысы бойынша рұқсатсыз полигон орналасқан 107 орын анықталып, оның 91 орны тазаланды. Оның басым бөлігі, яғни 59-ы Атырау қаласы аумағында орналасқан. Бүгінде 53 полигон тазаланды.
Әкімдік отырысында Серік Шәпкенов депутаттар мен азаматтық белсенділер тұрғылықты жерінде тазалық сақтау туралы халықпен профилактикалық және ақпараттық жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті.
- Бұл өте маңызды мәселе. Облыс көлемінле санитарлық тазалық жүргізуде мәселелер бар. Біз бұл жұмыстарды жүйелендіріп, жіберген кемшілікті анықтап, оны ретке келтіруіміз қажет. Бір қараса қала таза сияқты көрінеді. Бірақ шетке шықсаңыз, әр жерде қоқыс жатады. Кейбір жеке иеліктегі қоршалған аумақта осындай мәселе бар. Сондықтан «Арнаулы автобаза» ЖШС-н күтпей, өзіміз бұл жұмыстарды жүйеге келтіруіміз тиіс,-деді С.Шәпкенов.
Оған қоса жауапты сала мамандарына жүргізетін жұмыстардың нақты алгоритмін жасауды жүктеді. Ал құқық қорғау органдарына қала көшелері мен шағын аудандарды ластаушыларды анықтау үшін барлық бейнекамераны іске қосуды тапсырды.
- 04.01.2024
- 150