- Блогтар
- Сұлтанғазиев М.Е.
Сұлтанғазиев М.Е.
Алматы облысының әкімі
Қонаевтағы көпірді жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталады
Бүгін Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев бірқатар құрылыс нысандарын аралап шықты. Оның ішінде күрделі жөндеуден өтіп жатқан оңтүстік айналма көпірі де бар.
Мердігер компанияның басшысы Жанат Есмұханов баяндама жасап, қандай технологиялар қолданылып жатқанын бүге-шігесіне дейін айтып берді.
«Бұрын шов бір ғана темірмен бекітілген болса, қазір сол шовтардың әрқайсысын екіге бөліп, арматура арқылы бетон құйып бекіттік. Үстінен мастика құйдық. Екі шовтың арасында ауыр салмақтағы көліктердің ағымына шыдас беретін резеңке іспеттес материал болады. Арнайы генераторларды әкеліп, бетонды жылытып барып жұмыс жасап жатырмыз», - деді ол.
Компания басшысы күрделі жөндеуді бастапқыда жоспарланған 1 ай мерзімге созбай, бір аптадан соң аяқтау үшін күшейтілген режимде жұмыс жасап жатқандарын да атап өтті. Қазіргі таңда мұнда екі ауысымда 10-нан астам адам қызмет етуде.
Ал әкім бұл компанияның жұмысына оң бағасын берді.
«Біз үшін адамдардың қауіпсіздігі маңызды. Көлік қатынасы әрдайым халыққа ыңғайлы болуы тиіс. Көпірдің сапалы жасалып жатқанына көзім жетті. Құрылыс жұмыстары өзіңіз айтқандай, ерте бітсе, тіптен жақсы», - деді Нұрлан Құматаев.
Айта кетейік, күрделі жөндеу жұмыстары 26 қаңтар күні басталған. Мердігер компания бұған дейін ҮАААЖ (БАКАД) мен Алматыдағы бірнеше көпірді жасаған.
- 07.02.2024
- 165