- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
Жамбылдықтар әз-Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті
Жамбыл облысында жақсылық пен молшылықтың мерекесі – әз-Наурыз дәстүрлі түрде кең көлемде аталып өтілді.
Бұл күні орталық алаңға жиналған Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарының назарына «Арма, әз-Наурыз» мерекелік шарасы аясында ұлттық ойындар, қысқаша мазмұнды театрландырылған қойылымдар және облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламалары ұсынылды.
Сонымен қатар, осы күні орталық алаңда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар әзірленіп, тұрғындар наурыз көжеден дәм татты.
Бұдан бөлек, ұлттық спорттың садақ ату, арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу, қол күресі, қой көтеру және тоғызқұмалақ сынды ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев зиялы қауым өкілдері, ардагерлермен бірге арнайы аймақты аралап, танысып, жамбылдықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
- Әз-Наурыз – ізгілік пен жақсылыққа үндейтін, достық пен келісімді нығайтатын жалпыхалықтық мереке. Бұл күн – халқымызды татулыққа шақыратын береке-бірліктің символы. Ұлыстың ұлы күні ұлттық дәстүріміз ұлықталып, ұлтаралық достық, қонақжайлық салты дәріптеледі. Халқымыз бұл уақытты жыл басы, жаңа күнге балап, ізгі ниетпен қарсы алады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап елімізде Наурыз мерекесі жаңаша сипатта аталып өтуде. Наурызнаманың жаңа тұжырымдамасы бойынша өңір-өңірлерде әр күннің тақырыбына сай мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Наурыз мейрамы – ғасырдан-ғасырға жалғасып, ерекше форматта тойланып келе жатқан түркі халықтарының төл мерекесі. Өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылған «KazAgroZhambyl» халықаралық форум-көрмесінің әз-Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуі жақсылықтың нышаны. Форум-көрмеге Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бірқатар елдермен және Қытай, Венгрия мемлекеттерінің өкілдері қатысуда.
Бауырлас елдердің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған форумның еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына айтарлықтай оң серпін береріне сенім мол.
Ұлыстың ұлы күні қазақ халқы үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Баршаңызды әз-Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін, - деді облыс әкімі.
Айта кетейік, мерекелік думанға бауырлас Түркия мемлекетінің арнайы делегациясы қатысты. Мәртебелі меймандар қаз-қатар тігілген 15 киіз үйді еркін аралап, наурыз көже мен бауырсақтан дәм татты.
Жалпы, мұндай мерекелік шаралар облыстың барлық аудан, ауылдық округтерінде де ұйымдастырылды.
- 26.03.2024
- 116