- Блогтар
- Байханов А.
Байханов А.
Павлодар облысының әкімі
Өңір басшысы жұмыс сапарымен Железин ауданына барып қайтты
Моисеевка ауылында Асайын Байханов ауданға келетін көпбалалы отбасылар мен мамандарға арналған 2 пәтерлі үйдің құрылыс барысымен танысты. Жаңа тұрғын үйді инвестор өз қаражаты есебінен салуда, кейін оны жергілікті билік сатып алуды көздеп отыр.
Дәл осылай Железин ауылында да 24 пәтерлі үйдің құрылысы басталды. Бұл пәтерлерді ауданның әлеуметтік осал тобы санатында кезекте тұрғандарға беру жоспарлануда. Ауданда әлеуметтік тұрғын үй кезегінде барлығы 206 адам тұр.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі көктемгі дала жұмыстарының барысын және ауданның агроөнеркәсіптік кешеніндегі жобалардың іске асырылуын тексерді.
Биылғы жылы болжамды егіс алқабы 213,5 мың га құрайды. Аграршылар 799,57 млн теңгеге 57 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Егіс жұмыстарын сәтті жүргізу үшін ауданның 27 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі 784,4 млн теңгеге несие алды.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы ірі шаруашылықтардың бірі «Жұмабек Агро» ЖШС суармалы алқабына барды. Аталмыш шаруашылық құны 2 млрд теңге болатын «Суармалы жерлерге арналған инженерлік желілер құрылысы» инвестициялық жобасының екінші кезеңін іске асыруда. Шаруашылық рапс пен бидай дақылдарын себеді. Суармалы алқаптың ауданы - 837,46 га.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Неупокоев» ШҚ егіс алқабында болды. Шаруашылықта көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін барлығы бар - сапалы тұқымдар мен минералды тыңайтқыштар дайындалған, заманауи техникамен қамтамасыз етілген.
Одан кейін Асайын Байханов ауданда «Ауыл - ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуын тексерді. Бағдарлама аясында тамыз айының соңына дейін 1974 жылы салынған Прииртышск ауылының мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 142,4 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді.
Бүгінгі күні мұнда электр сымдары, терезелері ауыстырылып, санитарлық торап пен шатыры жөнделген. Қазір көрермендер залын жөндеу, кіші залдың еденін құю, қабырғаларын қаптау жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 30 адам жұмыс істеуде.
Сондай-ақ, Т. Праслов атындағы Калиновка орта мектебін күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 228 млн. теңге бөлінді. Мұнда жылумен жабдықтау жүйесі ауыстырылады, едендер, қабырғалар, шатыр және электр сымдары жаңартылады.
Осы жазда ауданда бірнеше жоба жүзеге асырылады: Лесной орта мектебін, Железин аудандық ауруханасының қазандығын, Михайловка ауылының дәрігерлік амбулаториясын, Еңбекші және Лесной ауылдарының мәдениет үйлерін күрделі жөндеу. Сондай-ақ, Прииртышск ауылында сыртқы желілерімен қазандық салынады, Железин ауылының №2 қазандығы қайта жаңартылады, Петропавловка және Есқара ауылдарында су құбыры тартылады. Железин-Веселая роща, Жолтаптық-Мыңкөл автожолдарына, Алакөл, Еңбекші, Моисеевка, Аққайың ауылдарының кірме жолдарына орташа жөндеу, Михайловка, Еңбекші, Прииртышск ауылдарының ішкі жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Облыс әкімі аудан басшылығына барлық жобалардың уақтылы іске асырылуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
- 25.06.2024
- 94