- Блогтар
- Сұлтанғазиев М.Е.
Сұлтанғазиев М.Е.
Алматы облысының әкімі
Ұйғыр ауданының туристік әлеуеті дамытылады
Ұйғыр ауданының табиғи климаты туризмді дамытуға өте қолайлы. Өткен жылдың өзінде ауданға 62 мың 500 турист барып қайтқан. Қонақтарға 310 млн. 500 мың теңгенің қызметі көрсетілді. Әсіресе, ыстық су көздеріне, табиғаттың теңдессіз ескерткіштерін көруге келетіндер қатары көп.
Шипалы сулары бар емдік мекемелерде туристерге арналған 2-3-4 орындық және люкс-номерлер, су ванналары, ашық және жабық бассейндер, тамақтану орындары қарастырылған.
Геотермалды сулардың емдеу-сауықтыру қасиеті бар екені белгілі. Ол өз кезегінде маусымдық туризмді дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Жер астынан шығып жатқан минералды су бассейндеріне ерте көктемнен қара күзге дейін шомылуға болады. Ол жалпы ағзаға, әсіресе, бұлшық еттер мен сіңірге пайдалы. Осындай туристік нысандар жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да үлес қосуда. Бүгінгі күні бұл орындарда 500-дей адам еңбек етеді. Қазіргі кезде демалатын орындардың саны 53-ке жетті.
Туристердің тағы бір сүйікті демалыс орны – Ұйғыр ауданында орналасқан Шарын ұлттық паркі. Парк құрамында Шарын өзенінің бойын жағалай 154 шақырымға созылып жатқан теңдессіз табиғат тамашасы – Шарын шатқалы бар. Ол шамамен 12 миллион жылдық және биіктігі 150-ден 300 метрге дейінгі шөгінді жыныстардан қалыптасқан.Қамалдар аңғары, Шаған сайы - Шарын шатқалының ерекше сұлулығымен көз тартатын ең танымал жерлерінің бірі. Ұлттық парк осы табиғат кешенін күзетуге, сақтауға, зерттеуге, қайта қалпына келтіруге, сол сияқты ғылыми зерттеу жасауға, экологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік жасауда.
Парк аумағында жалпы ұзындығы 49 шақырымға созылатын 4 туристік маршрут дайындалған. Бұл маршруттарда маңайды шолуға арналған 2 алаң, ылдиға түсетін қолайлы жол, автотұрақ, 3 қонақ үй бар, 52 орындық ұлттық киіз үй тігілген. Бұл маршруттың ең қызғылықты жері – Шаған сайы. Ондағы табиғи ортада сақталған ағаштар әлем бойынша тек екі жерде ғана өседі, соғды заманының алып ағаштары 800 га жерді алып жатыр, ал сайдың өзінің алқабы - 4850 га. Мұнда 7 адамның құшағы әрең жететін ағаштар да бар.
Жетісудың көрнекті орындары жыл өткен сайын танымал болып келеді, облыс басшылығының қолдауымен мұнда оларды сақтауға барлық жағдайлар жасалып, қажетті инфрақұрылымдар дамытылуда. Мәселен, биылғы жылы Қайыңды көліне дейінгі жолды және «Көлсай көлдері» ұлттық паркіндегі «Күрметі» шатқалының жолын жөндеу жұмыстары басталады. Жергілікті бюджет қаржысына «Алтынемел» паркіне Шеңгелді ауылы жағынан кіретін жолдың, Шарын шатқалына Алматы-Шонжы трассасы жағынан кіретін жолдың жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Оған қоса Қайыңды көлінде бекіту дамбаларын жобалау басталады, ұлттық парктерде туристік локацияларды электрмен қамту, Талғар локациясының инфенерлік коммуникациясын жүргізу жоспарланған. Саты ауылындағы қоқыс полигонын орналастыру, 685 км туристік маршруты мен жолдарын қалыптастыру жұмыстарын аяқтау, санитарлық-гигиеналық жүйелерді орнату жұмыстарын жалғастыру межеленіп отыр. Атап өтсек, Алматы облысының аумағында туристер қабылдайтын 803 нысан жұмыс жасайды, оларға өткен жылы 1,3 млн-нан астам турист барған. 2020 жылдың қорытындысы бойынша ақылы туристік-сауықтыру қызметінің көлемі 9,6 млрд. теңгеге жеткен, ал туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 21,0 млрд. теңге болды. Жалпы облыс бойынша 2021 жылы құны 2,6 млрд. теңге болатын 18 орналастыру орнын іске қосу жоспарланған, оларда 240-тан астам жұмыс орны құрылады. Енді Алматы облысы тау туризмі кластерін, Алакөл жағалауын, экологиялық туризм мен ұлттық табиғи парктерді дамытуды басым бағыт ретінде қарастыруда.
- 10.02.2021
- 196