- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасының Жамбыл облысында жүзеге асу барысымен танысты
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуымен танысты.
Былтыр Жамбыл облысы Байзақ ауданының 342 тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,1 млрд теңгеге 2,5%-бен жеңілдігі бар несие берілді. Бір жыл ішінде ауылдарда жаңа өндіріс орындары ашылды. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тамара Дүйсеновамен бірге ауыл тұрғындарымен кездесіп, табысты жобалармен танысты.
Жалғызтөбе ауылының тұрғыны Ғанибек Жұмасаев бағдарлама бойынша алынған 6 млн теңге мөлшерінде жеңілдігі бар несие қаражатына кәсіби жабдықтар сатып алып, темір шатыр жабындарын, металл плиткалар, пішінде төсеніштер әзірлеуді қолға алған. Кәсіпкер өз өнімі үлкен сұранысқа ие болатынына сенімді: көршілес екі ауылда жеке тұрғын үй салуға 700-ден астам учаске бөлінген. Онда құрылыс жұмыс басталды және ауыл тұрғындары жергілікті өндірушіден шатыр жабынына тапсырыс бере алады.
Вице-премьерге автокөлік жуу, монша кешені, сұлулық салондары және басқа да нысандардың сәтті жүзеге асып жатқаны баяндалды. Тамара Дүйсенова іске асырылып жатқан жобаларға оң бағасын беріп, жергілікті тұрғындарды ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы хабардар етті. Бүгінде өз бизнесін ашқысы келетін жастардың жеңілдігі бар несие алуға мүмкіндігі мол, ал әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін өтеусіз гранттар көзделгені атап өтілді.
Облыс әкімдігінде өткен отырыста «Ауыл аманаты» бағдарламасын насихаттау және халықтың бизнес-идеяларын қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы Жамбыл, Талас және Жуалы аудандарының әкімдері баяндады. Ақтөбе облысы Саржансай ауылдық округінің әкімі осы бағыттағы тәжірибесін бөлісті.
Айта кетейік, Жамбыл облысында 2019-2023 жылдары «Ауыл аманаты» жобасына 42,2 млрд. теңге бөлініп, 62 ауылдық округтегі 8 мыңнан астам жоба несиелендірілді.
Атап айтқанда, 252 мың бас мал сатып алынды. 62 жаңа кооператив құрылып, 533 дана ауыл шаруашылығы техникасы лизинг жүйесімен берілді. Ауыл шаруашылығынан тыс бағыттағы 43 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді.
Бүгінгі күні берілген несиелердің 99,6 пайызы қайтарылып отыр.
Ағымдағы жылы 10,5 млрд. теңгеге 1 200 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесі бойынша 1,6 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.
Биыл ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм, қызмет көрсету бағытында жүзеге асыралатын жобалар тізбесі нақтыланды. Оның ішінде, жылыжай кешенін, шағын сүт және ет өңдеу цехын салу, құс фермаларын құру және тағы басқа бастамалар бар.
«Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру – мемлекет дамуының кепілі. «Ауыл аманаты» жобасы әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, әр облыста іске асырылуда. Табысты жетістіктерін бөлісу және бағдарламаны жүзеге асырудың тиімді жағдайын кеңінен тарату маңызды. Ауыл әкімдері халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуі тиіс», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
- 05.08.2024
- 60