- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
Жамбыл облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында жаңа білім ордасы пайдалануға берілді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында жаңа білім ұясы пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, оқу-ағарту саласының ардагерлері, ауыл қариялары мен тұрғындары, ұстаздар мен ата-аналар, мектеп оқушылары қатысты.
Ербол Қарашөкеев жамбылдықтарды Білім күнімен құттықтап, саланы одан әрі дамыту, педагогтерді қолдау шаралары жалғасатынын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде білім мен ғылым саласын дамытуға баса көңіл бөлінуде.
Осы тұрғыда біздің облысымызда да білім беру саласын дамыту, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету — негізгі бағыттардың бірі болып отыр.
Міне, бүгін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында балалардың игілігіне берілген мектептің ашылуына куә болып отырмыз.
Жаңа мектепте балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл – олардың үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді, — деп атап өткен облыс әкімі мектеп ұжымына сәттілік тіледі.
Байзақ ауданының ардагер ұстазы Асқар Бекбауов құттықтау сөзінде білім беру саласындағы оң өзгерістерге тоқталып, ауылдық жерде заманауи үлгіде мектеп салынғанына ризашылығын жеткізіп, тұрғындардың атынан Мемлекет басшысына алғысын білдірді.
Мерекелік жиын мектеп оқушыларының өнерімен жалғасып, алғашқы қоңырау соғылды.
Бұдан соң құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания балалардың игілігіне берілген ғимараттың символикалық кілтін мектеп ұжымына салтанатты түрде табыстады.
Жайлы мектептің лентасы салтанатты түрде қиылған соң, көпшілік ғимарат ішін аралап, оқу кабинеттерімен танысты.
Айта кетейік, білім ордасы 600 балаға шақталған. Оқушылар үшін барлық жағдай қарастырылып, кабинеттер техниканың соңғы үлгісімен жабдықталып отыр.
Ғимаратта 35 оқу бөлмесі, 2 спорт зал, 2 компьютер кабинеті, мәжіліс залы, кітапхана және асхана, ұлдар мен қыздарға арналған шеберхана қарастырылған.
Бұдан бөлек, балаларға оқулықтар мен жеке заттарын сақтауға арналған жеке шкафтар қойылған.
Жайлы мектепке толығымен бейнебақылау камерасы, сондай-ақ жеделсаты орнатылған.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның тапсырысы бойынша «Тараз құрылыс дизайн» ЖШС құрылыс жұмыстарын өткен жылдың маусым айында бастап, жаңа оқу жылында тапсырып отыр.
– Мемлекет басшысының бастамасымен ауылымызда зәулім білім ордасы бой көтеріп, қуанышымыз еселеніп жатыр. Ғимаратты аралап, ұл-қыздарымыз үшін заман талабына сай барлық жағдай жасалғанына көз жеткіздім. Бірінші сыныпқа баратын ұлымның жаңа әрі жайлы мектепте білім алатынына шексіз қуаныштымын. Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз, – дейді ауыл тұрғыны Гүлзада Мыңжасарқызы.
– Жаңа білім нысаны ауылымыздың ажарын ашып тұр. Мектептерде орын тапшылығы болғандықтан ұл-қыздарымыз көрші ауылдарға қатынап, білім алуға мәжбүр болды. Ұлттық жобаның шарапаты біздің ауылға жетіп, балаларымыз жайлы мектепте білім алғалы отыр, – деп атап өтті сарыкемерлік Раушан Құдайбергенова.
Айта кетейік, 2024 жылы облыстың білім саласын дамытуға 317,8 млрд.теңге бөлінсе, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 13,5 пайызға артық.
Жоспар бойынша 2024-2025 жылдары 41 білім нысанының құрылысы жүргізіледі. Жыл соңына дейін 18 мектептің құрылысын аяқтау көзделіп отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 12 мектеп салынады. Оның ішінде 6 мектеп биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сондай-ақ 10 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. 96 мектепті ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды.
Бұдан бөлек, білім беру мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 1,9 млрд.теңге қаржы қарастырылды.
Бүгін Білім күніне орай Тараз қаласында екі мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ Меркі, Қордай, Сарысу ауданындағы 3 білім ұясының ғимараты жаңаланып, тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілді.
- 02.09.2024
- 55